RU

Түркістандағы шағын ауылдың тұрғындары бүкіл елді жиһазбен қамтып отыр

Оңтүстік Қазақстан облысындағы шағын ғана ауылдың тұрғындары сапасы шетелдік өнімнен кем түспейтін жиһаз шығарумен айналысады. Осыдан он жыл бұрын ашылған цех "Халық маркасы" сертификатына ие болып, бүгінде ауыл тұрғындарын түгелдей жұмыспен қамтып отыр.

Алақандай ауылдағы цехтың тіршілігімен  NUR.KZ  тілшісі арнайы танысып қайтқан болатын.

Отандық өнімді дамытуға Түркістан қаласының маңындағы Шорнақ деп аталатын шағын ауылдың тұрғыны Тілеуберген Құдайбергенов те өз үлесін қосып отыр. Осыдан он жыл бұрын жиһаз жасап шығаруды көздеген ол бүгінде бизнесін отбасымен бірге жүргізеді.

Сапасы шетелдік өнімнен кем түспейтін жиһаздарды жергілікті тұрғындар жасап шығарады. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.

2006 жылы ел экономикасы аса бір даму сипатына ие болмаса да, тәуекелге бел буған жеке кәсіпкер ұлы және қос шебермен бірге осы  кәсіпті қолға алған.

«Бәрі жақсы болады» деген ұранды ұстанған азамат ол кезде шағын ғана цех ашып, болашаққа зор сеніммен қарапты. Ол кезде тәулігіне небәрі 5-6 орындық шығарумен айналысты.

Уақыт өте келе цех кеңейіп, жұмысшылар қатары артқан. Қазіргі таңда мұнда 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, күніне 50-60 орындық пен тапсырысқа қарай үстелдер шығарылуда. Орташа жалақы 60-70 мың теңге көлемінде. Жұмысшылар ыстық тамақпен қамтылған. Басшылық қызметкерлерінің жұмысқа келіп-кету жайын да қарастырып, автобус алып беріпті.

Тағы айта кетерлігі, жиһаз шығаруды қолға алған өндіріс орнындағы сегіз жұмысшының мүмкіндігі шектеулі. Соған қарамастан олар осы цехтан күнделікті нәпақасын тауып жүр.

Солардың бірі - Әбдіғаппар Атабаев. 53 жастағы тұрғын арбаға таңылғанымен "отбасымды асырау – менің міндетім" дейді. Қос бірдей аяғынан айырылған жұмысшы күніне 5-6 орындықтың ағашын жонумен айналысады.

Цехтағы ерлер қауымы ағаштарды жонып, кесумен және өнімді құрастырып, бояумен айналысады. Ал нәзік жандыларға тігін тігу мен орындықтарды матамен қаптау жұмыстары жүктелген.

Директордың орынбасары Дильрабо Құдайбергенованың айтуынша, жиһаздар еліміздің барлық облыстарына жеткізіледі. Тоғыз облыста арнайы бөлімше ашылып, тапсырыс қабылдайды. Соңғы бір жылдан бері жиһаздар Ресейге де экспортталып жатыр.

Кәсіпті қолға алған алғашқы жылдары кәсіпкерлер талай қиыншылықты басынан өткерген. Соның негізгісі – қаржы тапшылығы.

«Қиындық көп болды. Әсіресе қаржы жағынан қысылдық. Мемлекетімізге рахмет, "Даму" бағдарламасы аясында 20 млн теңге көлемінде несие берді. Ол қаржыға шетелден жабдықтар сатып алдық. Біз бірінші кезекте сапаға мән береміз. Директорымыздың өзі шеберлердің жұмысын мұқият бақылап отырады. Сапа болмаса – сұраныс азаяды», - деп әңгімесін бастаған директордың орынбасары отандық өнімнің шетелдік тауарлардан кем түспейтінін айтты.

«Біздің әр облыстағы диллерлеріміз кейде тауарды «түркиялық» деп сатуға мәжбүр екенін айтады. Өйткені «Қазақстанда шығарылған» десе, сатып алушы кері айналады екен. Жақында Астанада «Халық маркасы» деген дүкен ашылды. Сол дүкеннің отандық өнімдердің сатылымын арттыруға үлесі өте зор болып тұр.  Онда біздің тауарларымыз қойылған. Енді біз жиһаздарымызға «Қазақстанда шығарылған» деген белгі қойып жатырмыз», - деді Дильрабо Тілеубергенова.

Айтпақшы, мұндағы тауарлардың сапасы жоғары деңгейде. Егер тауар сапасыз шықса, жұмысшыларға айыппұл салынады.

Жиһаз жасап шығаруға қажетті шикізат көздерінің басым бөлігі Ресей, Қытай, Түркия елдерінен әкелінеді.  Ал қарағаш тақтайлары Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматыдан арнайы жеткізіледі.

Алдағы уақытта цех директоры Түркия елінен дизайнер маманын шақыруды көздеп отыр. Шетелдік маман жергілікті жұмысшылармен тәжірибе алмасып, отандық өнімнің сапасын одан әрі арттыруға тырысады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1303584-turkistandaghy-shaghyn-auyldynh-turghynd.html