RU

Еліміздің 100 брендін қалыптастырып жүрген кім? (фото)

Ұлттық брендті қалыптастыру үшін не істеу керек? Сапасы жақсы бола тұра, отандық өнімдердің тасада қалуының себебі неде? Қазақстанда жасалған тауарлардың танымалдығын қалай арттырамыз?

Бұл сұрақтарға «Халық маркасы» жобасының авторы Римма Тәжібаева жауап берді деп хабарлайды NUR.KZ.

Римма ханым «бренд» тақырыбымен баяғыдан таныс. Баян Есентаева мен Аида Қауменовалардың бизнеске келуіне тікелей ықпал еткен ол өнімді қалай жарнамалау керектігін әбден меңгерген.

«Жалпы, отандық өнім тақырыбына келгенде біраз тосылатынымыз рас. Өйткені, көпшілік отандық өнімдердің сапасына сене бермейді. Өзімізде шығатын тауарларды қымбат деп сөгіп те жататындар да бар. Алайда, мұның барлығын халыққа да, тауар өндірушілерге де түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен дер едім. Әйтпесе, біздің елімізде шығатын өнімдер импорттық тауарлардан асып түспесе, кем емес. Тек, кәсіпкерлерге де дұрыс бағыт сілтеп, тауарды өткізудің жолдарын түсіндіру қажет», - дейді Римма Тәжібаева.

Отандық тауарларды өткізудің жолын іздеген Римма ханым алысқа бармай, Милан тәжірибесіне сүйенді. Былтыр Италияда өткен «Адамзатты тамақтандыру» ЭКСПО көрмесіне  әлемнің 114 елі қатысып, өз тағамдарын бір павильон астында ұсынған болатын. Бұл жобаның Қазақстанда да тез қолдау табатынына сенген ол тәуекелге бел буып, отандық тауар өндірушілерді «Халық маркасының» астына жинай бастады.

«Бұл керемет идея екенін жасырмаймын. Әсіресе, отандық тауар өндірушілер үшін бұл үлкен сату алаңы болды. «Халық маркасын»  тіркеуден өткізген соң, арнайы сайт ашып, тауар өндірушілерді тіркей бастадым. Алғашында 30 тауар өндірушінің тіркелегені жеңіс болады деп үміттендім. Алайда, бұл меже мен ойлағаннан да көп болып, 70 тауар өндіруші «Халық маркасын» иеленіп, сайтқа тіркелді. Бұл нені білдіреді? Яғни, еліміздегі тауар өндірушілер де осындай жобаға зәру екенін көрсетеді. Олардың тауарларын өткізуге көмектесетін, ортақ пікір алмастыруға септігін тигізетін орта керек еді. Біз дереу жұмысымызды бастап кеттік. Астанадағы «Халық маркасы» павильонында арнайы сертификаттан өткен отандық өнімдер сатылып жатыр», - дейді жоба авторы.

Римма Тәжібаева енді еліміздің үздік 100 брендін қалыптастыру үшін еңбектеніп жүр. Жақын арада тікелей отандық өнімдердің насихатымен айналысатын «ҚазБизнес» телеарнасы да ашылады.

«2006 жылы мен бала күтіміне орай үйде отырдым. Сол кезде ақшадан қысылып, жұмыс орнымнан көмек сұрағанымда, олар бас тартты. Әрине, оларды кіналай алмаймын. Бірақ, бұл жағдай менің тікелей осы салаға келуіме әсер еткені рас. Мысалы, мен кез келген өнімнің халыққа танылып, сатылымының артып, жарнамасының жер жарып тұруына күш саламын. Менің жұмысымның негізгі кілті – осында. Көпшілік менен бұдан қандай пайда көрдің деп сұрап жатады. Әрине, жасырмаймын, мен үшін пайдалы. Бірақ, кәсіпкерлер мен тауар өндірушілер үшін әлдеқайда бұл жобаның маңызды екенін айтқым келеді. Ұлттық брендті қалыптастыру жолында атқарған қызметімнің нәтижесін алдағы уақыттарда көретін боласыздар», - дейді Римма Тәжібаева.

Жалпы, еліміздегі тауар өндірушілер шикізат іздеп, жұмыс күштерін қамтамасыз етуге көп көңіл бөліп, тауардың ары қарайғы жарнамасына мән бере бермейді. «Халық маркасы» жобасы бұл олқылықтың орнын жапқан үлкен жобаға айнала білді. Енді, жоба ұйымдастырған байқау аясында жыл сайын еліміздің үздік тауарлары анықталып, отандық өнім өндірушілерге жаңа көкжиек ашылмақшы.

Тағы оқыңыздар:

Қазақша мақтан: Жігіттер кредитке той жасап, ата-анасының үйін кепілге қоя бастады (фото)

Тұңғышбай Жаманқұлов 69 млн теңге жымқырғанын мойындады

Қазақстаннан Ресейге кетіп қалған 12 жасар шахматшы қызға пәтер берілді

Қазақ қызы ерлердің журналы үшін жалаңаштанып суретке түсті

Ислам тыйған күнәдан бас тартқан адамдардың әлпеті қалай өзгерді?

Шымкенттік жігіт отбасылық проблемадан құтылу үшін көпірден секірмек болды (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1305745-elimizdinh-100-brendin-qalyptastyryp-zhur.html