RU

Жамбыл облысында дүлей дауылға байланысты төтенше жағдай жарияланды (фото)

Дүлей дауыл Жамбыл облысының жұртын әбігерге салды. Секундына 35 метрге дейін соққан күшті жел бірнеше ауданның, әсіресе Тараз қаласының тіршілігін тұралатып тастады деп хабарлайды КТК арнасы.

Желге шыдас бермей құлаған ағаштар электр бағаналары мен газ құбырларын жайпап өткен. Салдарынан шаһардың өзінде 15 мыңға жуық адам тас түнекте қалса, бір жарым мың отбасы көгілдір отынсыз отыруға мәжбүр. Қазір табиғат апатынан келген шығын көлемі есептеліп жатыр.

Тек Тараздың өзінде бірнеше әлеуметтік нысан, екі оқу орны және онға жуық көпқабатты үйдің шатыры қираған. Орталықтағы су жаңа үй төбесінің құлауы қайғылы жағдаймен аяқтала жаздады. Өйткені жел көтерген шатыр ғимарат қабырғасын тесіп өтіп бөлме ішіне бір-ақ кірген.

Жылу мен судан да қағылған үйлер бар. Қазір әр салаға жауапты мамандар жатпай-тұрмай апатты қалпына келтіруге жанталасуда. Сондай-ақ, біраз жолаушы жолынан қалды. Өйткені желден теміржол желілеріне де зақып келіп, бес жолаушы пойызы жолда тұрып қалған. Күтуден шыдамы таусылған ел қонақүйге орналасуға да қауқарымыз жоқ дейді.

Машина үстіне құлаған ағаштар адамдардың өміріне қауіп төндірген. Құдай сақтағанда ажал құшқандар жоқ, бірақ жарақат алған 35 адам ауруханаға түскен. Электр сымдарының жаппай үзілуінен әр жерлерде өрт шығып, өрт сөндірушілер тілсіз жауды өшіріп әлекке түсті. Қайта, жалынды өршітпей дер кезінде ауыздықтаған.

Екі апта бұрын қалың жауған қардан енді есін жия бастаған тараздықтар үшін дүлей дауыл жығылғанға жұдырық болды. Әзірге табиғи апаттан келген шығын көлемі белгісіз. Ал қала билігі тұрғындарға су, жылу және көгілдір отын толық берілгенін мәлімдеді. Қазір тек жарықтың жайы өзекті деп отыр.

"Жалпы төтенше жағдай жарияланды. Осының төңірегінде үлкен комиссия құрылды. Сол комиссия жұмысын бастап, атқарып жатыр. Төтенше жағдай бойынша өзімізде қаржы бар, сол қаржымен жолын қарастырып жолын табамыз. Жалпы қазір облыс бойынша жағдай тұрақты. Құрылысшыларды бастарын қосып, құлаған талдар, шатырлар жинақталып жатыр", - дейді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.

Тағы оқыңыздар:

Маңғыстауда оқушыларды жаппай естен тандырған халал иіссу қаншалықты қауіпті?

Бибігүл Жексенбай Тоқаевтың кеңесшісі болып тағайындалды

ЭКСПО кезінде Қанат Ислам тағы бір жекпе-жек өткізуі мүмкін

Астана тұрғыны Facebook-тегі жазбасы үшін 200 мың теңге төлейтін болды

24 сағат бойы тоқтамай рэп айтқан жігіт бірден Гиннестің рекордтар кітабына енді (видео)

ШҚО-да полицей әйел күйеуінің көңілдесіне күш көрсетіп, қамап тастаған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1306842-zhambyl-oblysynda-duley-dauylgha-bayla.html