RU

Желіден жар іздегендерге 7 кеңес

Девушка сидит за компьютером
Иллюстративное фото: pexels.com

Желіден жар іздеп, махаббаттарын тапқандар бүгінде өте көптеп кездеседі. Желі - бұл жаң ғана ермек емес, өміріміздің бір бөлшегіне айналғалы қашан. Arular.kz басылымы желіден өз бақытын іздейтіндерге кеңес береді.

Бір мезгілде бірнеше жігітпен сөйлеспеңіз

Танысу сайттары базамызда бәленше адам бар, олардың ішінен міндетті түрде екінші жартыңызды табасыз деп мақтанып жатады. Бір қарасаңыз, бұл жақсы нәрсе сияқты. Алайда мұнымен Швартмор колледжінің профессоры Барри Шварц келіспейді. Оның айтуынша, тым көп таңдаудың болуы әрбір үміткерді тереңірек зерттеуге кедергі келтіреді. Көп адамның ішінен ең дұрысын іріктеп алуға бар күшіңізді жұмсайсыз және біраз жақсы жанға жолығып үлгерсеңіз де, бұдан да тәуірірегін тапқыңыз келіп отырады. «Махаббат анатомиясының» авторы антрополог Хелен Фишер мұндай сайттарда алдымен тек 9 адаммен танысып көріп, әрқайсысымен жақын араласып көруге кеңес береді. Егер бұлардан ештеңе шықпаса, келесі тоғыздықты асықпай қарастырыңыз дейді.

Алаяқтар мұнда да бар

Жеке өмірін жөнге келтіремін деген салмақты оймен келген бойжеткендер әдетте тез танысқыш, аңқаулау келеді және кездесуге де оңай келісе кетеді. Мұндайды біліп алған алаяқтар желіде өзін де сондай жартысын іздеп жүрген адам етіп таныстырады. Әдемі сөздермен алдап бикештің әбден басын айналдырады. Өзін адал, ақылды, тәрбиелі етіп көрсетіп, сенімге кіреді де… бір күні ізім-ғайым жоғалады. Қыз әрі күтеді, бері күтеді, өзінше іздеп көрмек болады. Осылай төрт-бес күн өткенде, әлгі сабаз «кешір, бір қиын жағдайға тап болдым (туысым ауырып қалды, бизнестегі серіктесім тақырға отырғызып кетті), сенен басқа сенер адамым жоқ, көмек бере тұршы» деп, қомақты қарыз сұрап алады. Оқиға немен аяқталатыны белгілі.

Реал адам мен онлайн адамның айырмасы бар

Танысу сайтына тіркелу өте оңай, ал пайдаланушыларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампитар» дегендей, аз-мұз өтірігі бар деректер беріп, өзін жақсырақ етіп көрсеткісі келетіндер көп. Мұның үстіне ең сәтті түскен, анау-мынау өңдеуден өткен суреттерді қосып қойыңыз. Бой мен салмақ «ауытқуларына» көз жұмдыңыз дегеннің өзінде, сөйлесіп жүрген Бақытжаныңыз шын мәнінде желіде зеріккен Бақытгүл болып шықса не істейсіз?

Алпамыс дегенің альфонс болса

Заман өзгерді. Әйелдер шалбар кигеннен бері, еркектер де әйел функциясына, қылықтарына қол сала бастады.  Альфонстар бірақ бұрыннан бар сияқты. Күшік күйеу деген ұғым қазақтарда бұрыннан бар ғой.  Олар – қазақшалап айтқанда намыссыз «күшік күйеулер»,  яғни жұмыс істегісі келмейтін, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өмір сүруді қалайтындар. Әдетте олар ертеңгі күнін ойлап бас қатырмайды: бар тапқан-таянғанын күнделікті өткінші қызықтарға жұмсап жібереді.  Өз «теңін» табу үшін мұндай сырбаздар көбінесе «бай әрі салтанатты» өмір атрибуттарына толы сықиған суреттерін топырлатып іліп қояды. Өзін мол табысқа жеткен интеллигент етіп ұстайды. Қыздардың әлсіз тұстарын жақсы біледі және комплиментті де орынды айтады.

Жеңіл форматта сөйлесіңіз

Желіде танысқан жігіт неше түрлі комплиментті жаудырып, қайта-қайта қызу әңгімеге тартқанына масаттанып, ол бүгін маған гитарамен серенада айтады деп ойлап қалмаңыз. Мұндайлардың көбісі біраз ұзақ-ұзақ сөйлескеннен кейін тым-тырс бола қалады. Себебі бұл − шынайы өмірдегі кездесу емес, интернеттегі жеңіл-желпі сұхбат.

Желідегі тым дөрекі немесе бір түндік қатынасты қалайтын жігіттер көңіліңізді қалдырмасын

Жоғарыда айтылғандай, желіде барлығы тым еркін және тым ашық сөйлеседі. Жеңіл жүрістілер бір жақсысы көп уақытыңызды алмай, дереу іске көшеді: шығу тегіңіз, қызығушылықтарыңыз, жан-дүниеңіз туралы сұрап басты ауыртпай, бірден өз ұсынысын айтады. Ал оған қалай жауап беруіңіз өз еркіңізде.

Толық танысып-біліспейінше, бөтен адамға сенбеңіз

Өкінішке қарай желіде танысқан адамның деректерін толық тексеру мүмкін бола бермейді. Ол кісі үйлі-баранды болып шығуы не өз өмірінің жайсыз қырларын жасыруы (тіпті қандықол қылмыскер де болуы) мүмкін! Сондықтан кездесейік дегенге бірден көне кетпей, алдымен оны-мұны сылтауратып, бір-екі апта онлайн-режимде ғана сөйлесіңіз.

Тағы оқыңыздар:

Тоқтар Төлешовтің тағдыры 7 қарашада шешілмек

Той жарыс: Қазақ тойында қарапайым лимузиндер сәннен шығуда

Аңсаған Мұстафа: Еркектер мені жек көреді

Мұсылман отбасы өшпенділікті өшіретін жолды ойлап тапты

Жапон халқы Елбасының сұхбатын қызу талқылап жатыр

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1307520-zheliden-zhar-izdegenderge-7-kenhes.html