RU

Сенатор терроризмді ұйымдастырушыларға өлім жазасын енгізуді ұсынды

Парламент сенатының кулуарында депутат Серік Ақылбай терорлық актіні ұйымдастырушылар мен арандатушыларға өлім жазасын енгізу қажеттігін айтты деп хабарлайды Baq.kz.

«Терроризм үшін өлім жазасы дұрыс қарастырылған деп санаймын. Бұған қоса, қылмыстық заңға терроризмді ұйымдастыру және арандатушылық үшін де өлім жазасын енгізуді ұсынар едім. Бұл үшін өлім жазасын қарастыру қажет, себебі террорлық актіні жасайтындар - қарапайым орындаушылар ғана. Оларды ақылынан адастырып, тура жолдан тайдырған. Сол лаңкестікті ұйымдастыратындардың өзін ату керек. Тек сонда ғана тәртіп орнайды. Әйтпесе, сіздер жақсы білесіздер, олар интернет арқылы кез-келген жолмен өз жағына адам тартуды көздейді. Адамдар отбасын тастап кетіп жатады, қылмысқа барады. Сондықтан, осы тұста біздің заңды қатаңдату қажет деп санаймын», - деді сенат депутаты Серік Ақылбай.

Сондай-ақ, ол адвокаттық қызметте көрген-білгендерімен бөлісті. Айтуынша, кез-келген, тіпті ең қатыгез қылмыскер немесе террористің өзі өмірге құштар.

«Егер Ақтөбедегі жағдайды мысалға алсақ, онда 9-ы қашып кетті. Егер олар өлімнен қорықпаса, неге бой тасалады, неге соңына дейін бармады, не себепті өз-өзін атып өлтірмеді? Өмір әр адамға қымбат. Адам бір уақыт өмірден баз кешуі мүмкін, бірақ, жалпы ең қатыгез адамның өзі өмір сүргісі келеді. Адамның өзін өлтіргісі келеді дегенге ешқашан сенбеймін. Мен қорғаушы, судья, прокурор да болдым, жаза түрі ретінде өлім жазасы қарастырылған адамдармен талай мәрте сөйлестім. Сол себепті адвокат ретінде бір нәрсені жақсы білемін – олар өмір сүргісі келеді», - дейді депутат.

Халық қалаулысы Қазақстан жас мемлекет ретінде террористерге адамгершілікпен қарамауы тиістігін атап өтті.

«Мәселен, Қытай, Сауд Арабиясы елдерінде атып тастайды. Өздерін әлемге ең демократиялы мемлекет ретінде көрсететін Американың өзінде штаттардың тең жартысында өлім жазасы қарастырылған. Біз дамып келе жатқан мемлекет болсақ, оның үстіне ең қатыгез қылмыскерлердің өмірін сақтап, оларға ізгілікпен қарасақ, онда жәбірленушілерге әділетсіздік жасаған болар едік. Біз, ең алдымен, заңға бағынатын, тәртіпті азаматтардың қауіпсіздігін ойлауымыз қажет емес пе», - дейді Ақылбай.

Сенат депутаты өлім жазасына мораторийді алып тастау – президенттің басымдықты құқығы екенін атап өтті.

«Сіздер білесіздер, Қылмыстық кодексте терроризм мен экстремизммен байланысты үш бап бойынша санкция ретінде өлім жазасы бар. Алайда 2003 жылдан бастап бұл тоқтатылды. Жазаны алып тастау немесе уақытша тоқтату – бұл президенттің құқығы. Сол себепті оның қалай болатынын мен айта алмаймын. Бір жарлықпен мұның барлығын жасауға болады деп ойлаймын», - деп түйіндеді ойын Ақылбай.

Тағы да оқыңыздар: 

Бердібек Сапарбаев кімнен ақыл сұрап, айлығын қайда жұмсайтынын айтып берді

Қолынан тәспісін тастамайтын Жансейіт Түймебаев жұрт назарына ілікті (фото)

Әсет Исекешев ай сайын миллион теңгеге жуық жалақы алатын болып шықты

Өзбекстан әнұранының авторы АҚШ-та комаға түсіп, қайтыс болды

Алдағы уақытта ОҚО тұрғындарының саны бес млн-нан асып кетуі мүмкін

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1308598-senator-terrorizmdi-uyymdastyrushyla.html