RU

Тұрмыс құрғысы келетіндерге алты кеңес

Бойжеткен жұбайлық жауапкершілікті сезіне отырып, ер азаматтың етегінен ұстамас бұрын бірнеше жайтқа ерекше мән бергені жөн деп жазады zharar.com.

1. Таңдауда жаңылма

Әйел бақыты өмірлік жарын дұрыс таңдауға тәуелді. Бұл – әйел өміріндегі аса маңызды шешім. Себебі, әйел тұрмыс құрумен өз тағдырын өзге ер адамның қолына тапсырады. Ер азамат бойжеткеннің діни танымы, мінез-құлқы, көзқарасы қала берді әлеуметтік деңгейімен де сай келуі керек.

Сонымен бірге, ер азамат отбасылық жауапкершілікті сезіне алатын және оның ауыртпалығын көтеруге қауқарлы дәрежеде болуы қажет. Сол үшін де арақатынас шындық пен шынайылыққа құрылғаны жөн. Бұл дұрыс шешім шығаруға ықпал етеді. Ал, танысу барысында жастар бірін бірі алдап, жасыра сөйлеп және болмысындағы айыбын бүгіп қалуы екі жаққа да опық жегізері сөзсіз.

2. Ас әзірлеуді біл

Қыздың оқуы немесе жұмысы қаншалықты ауыр болса да, ас дайындауды ерекше меңгеруі қажет-ақ. Әсіресе, күйеуі ұнататын тағам түрлерін өте жақсы әзірлей білгені абзал. Дастархан – әйелдің қаншалықты үй бикесі екенінің көрсеткіші. Дәмді ас күйеуінің жүрегіне алып баратын ең төте жол екенін естен шығармау қажет.

3. Үнемшіл бол

Үйдің кіріс-шығыс қаражатын үйлесімді жұмсау да - әйелдің басты міндеттерінің бірі. Қолдағы шектеулі қаражатты тиісінше дұрыс пайдалана білуі аса маңызды. Әйел күйеуін бейберекет шығындармен шаршатпай, қарыздың астына қалдырмай жүруі тиіс.

Күйеуінің табысына орай жұмсап отырғаны абзал. Қажетсіз дүниелерді сатып алуды талап етіп, қажытудың қажеті жоқ. Табыстың бір бөлігін қаражат тапшы болатын қысылтаяң күнге сақтап қойғаны дұрыс. Сондай-ақ, үй табысының аз бөлігін қайырымдылық пен бала-шағаның ойын-сауығына да бөлуді ұмытпаған жөн.

4. Күйеуіңе тыныштық жағдай жаса

Құран Кәрімде: «Әрі сендерді тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен. Ақиқатында мұнда ойланып, ақылға салатын адамдар үшін дәлел-ғибраттар бар», – деген аят бар.

Иә, әйелдің ең басты міндеті – шаңырақты тыныштық пен мейірімділік мекені ету. Осы аяттың түп-төркінін түсініп, үйін жан тыныштығы ете алған әйелдің босағасынан бақыт сығалайды. Отбасылық өмірде тәтті сәттер мен қиын-қыстау шақтар иық тірестіріп қатар жүреді. Мұның барлығына бойжеткен дайын болуы тиіс. Өмірді сол қалпында қабылдауды үйренуі керек.

5. Төзімділік таныт

Бір-бірінің теріс болмысын түзете отырып, қарым-қатынастың ең сәтті орта тұсын табу – қиынның қиыны. Ол үшін сабырлық, төзімділік және жұмсақтық пен бір-біріне деген қамқорлық аса қажет.

6. Әйел – қорған

Ер азаматты дүниенің азғыруынан әйелі қорғайды. Сондықтан да әйел үйде ең әсем бейнеде, ең әдемі киімде және бойынан қош иіс аңқып тұруы керек. Күйеуіңнің көздері тек сені ғана көретіндей етіп қою керек. Ер азамат үйіне алып ұшып тұрсын.

Жүрегі тек сені қалап, ауыр жұмыстан кейін босағадан аттай бере үйдегі жылулықтан жаны рақат тапсын. Ең бастысы үйіңді жайқалған жәннат ету де, күйдіретін тозақ ету де өз қолыңда екенін ұмытпа!

Тағы оқыңыздар:

Әлия Назарбаева көпшілікке күйеуі мен балаларын көрсетті (фото)

Төлешовтің бес жылға сотталған ұлы залдан көңілді шықты (фото)

Боқаев пен Аянов ісіне қатысты сарапшылардан жауап алына бастады

Қызылорда облысында әкесі қызын қалың мал үшін шалға тұрмысқа бере салды

Түркия Сириямен шекарада ешкім өте алмайтын «қытай қорғанын» тұрғызып жатыр

Тоқтар Төлешовтің тоқалынан алтын бұйымдарын алып қойды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1309234-turmys-qurghysy-keletinderge-alty-kenh.html