RU

ОҚО-дағы суретшілер әулеті өз кәсібін қалай дөңгелетіп отыр?

Шымкенттік қолөнерші Болатбек Бейсбеков өнер десе, ішкен асын жерге қоюға дайын жандардың бірі. Мамандығы бойынша – суретші. «Суретші көрсем, туысымды көргендей боламын» деген шебер отбасында бұл саламен жалғыз өзі айналыспайды.

Жұбайы Күләш пен ұлы, келіні және үш қызы да осы ортаның қазанында қайнап жүргендер. Қазақ қолөнерінің дамуына өзіндік үлесін қосып отырған шаңырақта NUR.KZ тілшісі болып қайтты.

Болатбек Бейсбеков жары Күләшпен бірге бұл саланы қолға алғанына биыл 36 жыл толып отыр. Қолөнермен айналыса бастаған алғашқы жылдары талай қиындықты бастарынан өткерген ерлі-зайыптылар шашақ жасап, оны вокзалда сатып күн көрген. Өзгелер бұлардың әрекеттеріне күле қарап, «Одан да қауын-қарбыз секілді күнделікті қажеттілікті сатпайсыңдар ма?» деп кеңес те берген екен. Себебі қолөнер деген ұғымды халық түсіне бермеген.

Дегенмен, қайтсек осы саланы дамытамыз деген ерлі-зайыптылар ол жылдары бұйымдарын әлдекімдердің сатып алуы кәдімгідей жігер бергенін жасырмайды.

Елімізде Шеберлер Одағы құрылған соң қолөнерге деген сұраныс арта түсіпті. Жергілікті және шетелдік көрмелерге шақырту түсіп, жаңа туындылар көбейген.

Бейсбековтердің бұл өнері перзенттеріне де дарыған. Ұлы Берік былғарыны көркемдеп өңдеу суретшісі. Оның өз шеберханасы бар, түрлі металдарды балқытып, бұйымдар жасайды. Одан өзге белдік, ертұрман, білезік және тағы да басқа туындыларды жасап шығарады. Ал келіні тоқымашы, қыздары дизайнер.

Болатбек Бейсбеков жұбайымен бірге кескіндеме жұмыстарымен айналысады. Атап өтерлігі, отбасының жеті мүшесі де Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі. Бұл еліміз бойынша бір отбасынан осыншама мүше шыққан жалғыз жанұя. Сонымен қатар, өз үйінде көркем сурет галереясы бар жалғыз отбасы да осы Бейсбековтер әулеті.

Өнерлі отбасы тек өз туындыларын нарыққа шығарып қана қоймай, бұл өнерге қызығушылық танытқандарды оқыту жұмыстарымен де айналысады. Ол үшін үйлерінде барлық жағдай жасалған. Шеберхана, теориялық сабақтарға арналған зал мен тіпті қолөнер дүкені де бар. Яғни, қолөнерлік жолға енді келгендердің мұнда табыс табуына да мүмкіндік қарастырылған.

Тағы бір айта кетерлігі, Бейсбековтер әулеті тек жергілікті қолөнершілерді ғана емес, Канада, Ресей секілді алыс-жақын шетелден келгендерге білгенімен бөлісіп, оқыту жұмыстарын өткізіп келеді. Малайзия, Түркия, Иран, Қырғызстан, Қытай елдері бұл отбасы шеберлерін тәжірибе алмасуға арнайы шақырған. Әзірге отбасы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қызу дайындық үстінде. Көрмеге қазақтың қолөнеріне қатысты көптеген бұйымдарды алып баруды жоспарлап отыр. Тек қазақтың туындылары емес, өзге де кәдесыйларды алып бармақ.

Ерекше айта кетерігі, Болатбек Бейсбековтің төртінші сыныпта оқитын немересі сабыннан түрлі мүсін жасап шығарады. Бүлдіршін Астанада өтетін халықаралық көрмені тағатсыздана күтіп жүр.

Отбасы шеберлері қажетті материалды тек отандық цехтардан алдырады.

«Тәуліктің кез келген уақытында, тіпті түн ортасында да материал болу керек дегенді назарға алғанбыз. Егер дәл сол сәтте қажетті материал болмай қалса, идея кетіп қалады. Біз жетеуімізге де қажетті материалды толтырып қойғанбыз. Тек өзімізге емес, үйренемін деушілерге де табылады. Кез келген уақытта келіп, керегін алып, үйренемін деушілерге де жағдайын толық жасаймыз», - дейді ерекше отбасының отағасы.

Бейсбековтер тек отбасылық бизнесті дөңгелетіп қана қоймай, өзгелерді жұмыспен де қамтып отыр. Шалғай ауыл-аймақтардан қолөнер бұйымдарын сатып алуда. Өйткені ондай аумақтардағы шеберлердің жәрмеңкелерге қатысуға мүмкіндігі жоқ.

Бейсбековтер отбасы өздері жасап шығаратын бұйымның мән-мағынасына ерекше мән береді. Барлығын қазақтың салт-дәстүрімен байланыстырады.

«Бәлкім сол себептен де шығар туындыларымызға сұраныс артуда» деген отағасы қолөнер бұйымдары қымбат дейтіндерді өнердің бұл түрін бағалай алмайтындар қатарына жатқызады. Себебі қолдан жасап шығарылған бұйымдарға жұмсалатын уақыт өте көп. Одан өзге отағасы елдегі қолөнердің әлі де болса артта қалып жатқанын айтып қалды.

«Алысқа бармай, Өзбекстан мен Қырғызстанды алайық. Біз олардан әлдеқайда қалып қойдық. Ол жақта бұл өнерге мемлекеттік деңгейде қарайды. Тіпті, қолөнер шеберлерін салықтан босатқан екен. Біз төлейміз. Әрине, табысымыз жаман емес, сондықтан салық түк болмауы мүмкін. Бірақ оның артында есеп өткізу, құжаттар жинау секілді жұмыстар көп. Сол құртып жатыр», - деген Болатебк Бейсбеков суретшілерге деген көзқарасын да жасырып қалмады.

«Сарбаздың генерал болғысы келетіні секілді кез келген суретшінің өз галереясы болу – арманы ғой... Өз басым суретші көрсем туысымды көргендей боламын. Біраз уақыт бұрын суретшілерді үйге арнайы шақырдым. Олар менің көркемсурет галереямды көріп «Бізде арманы орындалған адам бар екен ғой" деп таңданысып тарқасты», - деді ағынан жарылып отағасы.

Дегенмен Бейсбековтер әулеті бұнымен тоқтап қалмақ емес. Басты мақсаты – қазақ қолөнерінің барынша биікке шығару және сол үшін аянбай еңбек ету.

Тағы бір ерекше атап өтерлігі, Бейсбековтер отбасы «Халық маркасы» деп аталатын дүкенмен тығыз жұмыс жасауда. Олардың бұйымдары елімізде осындай белгіге алғаш ие болған екен.

Бүгінде Бейсбековтер отбасының бұйымдары Оңтүстік Қазақстаннан бөлек Астана, Алматы және Көкшетау қалаларында сатылымға шығарылып келеді. Республиканың түкпір-түкпірінен де тапсырыстар толассыз түсіп жүр. Қысқасы, Бейсбековтер отбасы қазақ қолөнерінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген әулеттердің бірі.

Тағы оқыңыздар:

Түркістандағы жындыхананы тексергендер адам сенгісіз мəлімдеме жасады (фото)

Ақмола облысында әкімнің орынбасары өзге қызметкермен жаға жыртысты

Күтпеген жерден ауыл тойына келген Жансейіт Түймебаев көпшілікті таң қалдырды (фото, видео)

Клинтон: АҚШ мүддесі үшін Трамппен жұмыс істесуге дайынмын

Мейрамбек Беспаев 40 жылдық мерейтойында ортаны бермей биледі

Қызылорда облысында жапан даладан табылған адамның қаңқасы жұртты шошытты (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1312468-oqo-daghy-suretshiler-auleti-oz-kasibin.html