RU

Алматылық жігіттер үйленетін қыз жоқтығын айтып шағымданды (фото)

Қыз бен жігіттің алғашқы кездесуі таныстықпен басталып, оның соңы мейрамхана, кино немесе басқа да романтикалық кешке ұласады. Ал, кей кезде ол жыныстық қатынаспен аяқталуы мүмкін. Қазіргі қоғам бұл құбылыстың бар екенін біле тұра, оған көз жұма қарайды. Осы бейәдеп қылықтың белең алуына кім жол беріп отыр?

NUR.KZ порталы осы сауалды алматылық қыз-жігіттерге жолдап көрді.

Сауалнамаға қатысқан жігіттердің айтуынша, қазір қыздар өздері кеп мойынға асылатын көрінеді. Ал, бойжеткендер жігіттердің ұятсыз болып бара жатқанын айтады.

Саябақта қыдырып жүрген 20 жастағы Мадина бізбен өз басынан өткен оқиғасымен бөлісті. Бірде ол мейрамханада бір жігітпен танысады. Отырыстан соң әлгі жігіт оны өз үйіне шақырыпты.

«Мен ашық-шашық киінбеймін. Неге дәл мені үйіне шақырғанын түсінбедім. Түріне қарасаң, жап-жақсы жігіт. Қорыққанымнан әжетханаға шығып келемін деп алдап, ол жерден кетіп қалдым», - дейді бойжеткен.

Мадинаның құрбысы Сәнияға да танымайтын жігіт төсек қатынасын ұсыныпты.

Маған "Вконтакте" желісінде мүлде танымайтын адам хат жазып, танысқысы келетінін айтты. Мен оған екі-үш рет жауап беріп жүрдім. Содан түн ішінде «менің үйіме жүрші» деген хабарламалардан кейін бәрі түсінікті болды. Оны достарымның қатарынан өшіріп тастадым.

2-курс студенті Жұлдыз қазіргі қыздар "қырық үйден тыйым" деген нәрсені білмейді, кінә содан дейді. "Ал өз басым жігітіммен танысқаныма бір жарым жыл болды, басынан бастап біз бірге болатынымызды сездік. Алла қаласа, келесі жылы шаңырақ көтереміз", - дейді ол.

18 жастағы Азиз бізбен әңгімесінде осы жасқа дейін он шақты қызбен төсектес болғанын жасырмай айтып берді.

«Ондай қыздармен бірінші ғаламторда танысамын, сосын кездесуге шақырамын. Оларды мәжбүрлей алмайсың ғой. Өздерінің келісімі бойынша ғана ондай қадамға бара аласың. Меніңше, қазір үйленуге тұрарлық қызды табу қиын. Қыздар өзгерген. Шынымды айтсам, өзімнен кіші қыздарға жоламауға тырысамын. Өйткені, олар бас қатыратын сұрақ қойып, миыңды ашытады. Олармен жүрсең, «Сен мені сүймейсің» деген әңгімені жиі естуге тура келеді. Көбінесе өзімнен жасы үлкен қыздарды ұнатамын. Мен жүрген қыздардың ішіндегі ең үлкені 28-де болған. Қазір онымен тек дос ретінде араласамыз», - дейді ол.

«Қазір қыздар өзі қылмыңдап бастайды. Мысалы желіде отырасың, сосын қыздар сені өз достарының тізіміне қосады, жүктеген фотоларыңа лүпіл басады. Бұл бізге «маған жазшы» деген белгі. Мен солай ойлаймын, мысалы. Бәріне күйе жақпаймын. Мысалы, кейбір менің суретіме лүпіл басқан қыздарға жазсаң, олар жауап бермей қояды, сені блоктап тастайды. Бұл жағдайда қыздың лүпілді жай ғана баса салғанын бірден түсінесің», - дейді Мүсілім есімді студент жігіт.

Ташкенттен келгеніне бір жыл болған Рустам ол жақтағы қыз-жігіттердің арасындағы қарым-қатынастың жайын баяндап берді.

Оның ойынша Қазақстан өзбек елімен салыстырғанда біртіндеп еуропаланып бара жатыр. Ол әсіресе қалаларда бірінші кездесуде төсекті меңзейтін қатынастың қалыпты нәрсеге айналып бара жатқанына қынжылады. Ал өзі бірінші кездесуде қызбен жақындасуға мүлде қарсы екен.

«Меніңше, адам ондай қатынасқа бармас бұрын бір-бірін жақсы танып алу керек», - дейді Рустам.

Ал алматылық Аяулым есімді бойжеткен студент кезде басынан өткен оқиғасын еске түсірді. Таныса сала бір тамаққа тойдырып, алдап қақпанға түсіре жаздаған жігіттерден ол әрең құтылыпты.

«Студент кезде үш кыз болып пәтер жалдап тұрдық. Құрбыларымның бірі әлеуметтік желі арқылы бір жігітпен танысты. Ол жігіт құрбымды мейрамханаға шақырды. Сөйтіп ол жалғыз барғанға сенімсіздік танытып, бетпе-бет танысуға бізді ертіп баратынын айтып жігітке ескертті. Ал жігіт өзінің достарын алып шығады. Ол кезде ақшамыз жоқ, оқимыз. Олар мейрамханада неше түрлі тағамдарға тапсырыс берді, бәріміз бір-бірімізбен таныстық. Енді үйге қайтайық десек, бұлар бізді жібергісі келмейді. Арасында бір жігіт: «Не, осылай ішіп-жеп кете салам деп ойлайсыңдар ма?», - деп бізден дәмесінің бар екенін білдіріп қойды.

Біз осыны сезіп, «біз шаршап тұрмыз, ертең кездесейік, иә?» деп мәмілеге келуге тырыстық. Жігіттер қоймады. Содан екінші құрбым солардың көзінше дауыстап ағасына телефон соққандай болып, солардан араша сұрады. Сөйтіп, әрең құтылдық», - дейді Аяулым.

Аяулым жігіттердің 80 пайызы сондай оймен танысатынына сенімді. Бірақ бұл жағдайға қыздардың өздері жеткізіп отыр деп есептейді ол.

«Шындығын айтқанда, қазір көптеген бойдақ жігіттер жезөкшеге ақша шашқанша, осылай өздері жабысатын тегін қыздарға баратын болған. Бір-екі рет гүл әперіп, әдемі кездесу ұйымдастырып жіберіп, қыздың басын айналдырып алады, болды сонымен қыздың шаруасы шешіледі», - деп топшылады бойжеткен.

Тағы оқыңыздар:

Ақышев: Долларды сақтаудың керегі жоқ, теңге күшейеді

Дәрігерлер Ақтауда педофил зорлаған алты жасар қыздың өмірінен үміт үзіп отыр

Оралда гамбургерден уланған сегіз жасар қыз ажал құша жаздады

Динара Сәтжан Путиннің құшағында тұрған суретін жариялады (фото)

Оңтүстік Кореяда Назарбаев профессорларша киінді (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1312903-zhigitter-qazir-qazaq-qyzdar-ozderi-qy.html