RU

Алматы облысының тұрғыны ауыл әкімінен таяқ жегенін айтты

Алматы облысының Қарасай ауданында тұратын ақсақал шенеунікке шағым айтамын деп, одан таяқ жегенін алға тартуда деп хабарлайды КТК арнасы.

Атқамінерді бірнеше күн бойы жұмыс орнынан таппаған тұрғын таңертең басшының үйіне барып, ақыр соңында миы шайқалып, беті мен кеудесі көгеріпті. Әкімге жәбірленушінің айтқан ақылы ұнамаған көрінеді. Ал осы оқиғадан бері екі күн өтсе де, полицейлер болған жайтты аудан басшылығына хабарламаған екен.

66 жастағы Төленді Таңатаров әкімнің «ерекше» қабылдауынан кейін денесінде қалған белгілерді көрсетуде. Атқамінердің соққысынан оның миы шайқалып, беті мен кеудесі көгеріпті. Бірінші Май ауылдық аймағының басшысын әкімдікке сан рет іздеп барып таппай қайтқан жәбірленуші онымен үйінде кездеспек болған екен. Бірақ бұнысы шенеунікке ұнамаған көрінеді. Ал зейнеткердің айтпағы – арық мәселесі екен.

"Таудан ағатын судың барлығы осымен ағып, былай қарай кететін біздің үйдің жанынан. Сол-ақ екен, «Сен кімсің, маған ақыл айтатын, сені жоқ қылып жіберемін»деп жұдырықпен ұрды. Таяғым ұшып кетті. Одан кейін жағамнан сүйреп, үйге кір дейді. Калиткасына кіргізіп, ұрды", - дейді Қайнар ауылының тұрғыны Төленді Таңатаров.

Зейнеткердің айтуынша, жұдырық жұмсауға әкімнің ұлы да қарсы болмапты. Екі жақтап қол көтергендер оны кішігірім ауылда алыстан көзге түсіп, өзгелерден ерекшеленетін сарайда бір сағат ұстап, кейін жіберген. Бір қызығы тентек әкімнің үстінен арыз жазылған соң ұзақтан бері шешілмей келе жатқан арық мәселесі бірден қолға алынған.

"Мен таяқ жегеннен кейін қолға алды. Кешелі бері қазып жатыр. Көмек сұраймын деп барып, таяқ жеп кеттім. Әкім – халқыңа жақын бол дейді, бұның істегені осы. Менен басқа адамдарды да ұрған шығар", - дейді ол.

Әкімнің ерекше сөйлесу стилі туралы аудан басшылығы хабарсыз болып шықты. Олар бұндай оқиғаның болғанын естімедік деп ат-тондарын ала қашуда.

Ал күзетші мен бейнекамера орнатылмағандықтан қақпаны үнемі жауып жүреміз, сондықтан бөтен адамның үйге кіруі мүмкін емес деген Қарнақов ешкімді ұрып-соқпағанын айтып, өзіне шаң жуытпай отыр.

"Есік те жабық болады. Оның үстіне қақпа да жабық тұрады. Маған жұмысқа да келмеген, ауданға да бармаған. Өздеріңізден ғана біліп отырмын. Ондай адамды көрмедік тіпті", - дейді Бірінші Май ауылдық аймағының әкімі Мұратбек Қарнақов.

Әкімнің үстінен учаскелік полицей мен аудандық прокуратураға арыз жазылып, дене жарақаттары жайлы медициналық анықтама алынған. Бірақ тәртіп сақшыларының осы уақытқа дейін екінші тараптан түсінік алмағаны мен ауданға хабарламағанын ескерсек, іс сағызша созылатын сыңайлы.

Тағы оқыңыздар:

Ақышев: Долларды сақтаудың керегі жоқ, теңге күшейеді

Дәрігерлер Ақтауда педофил зорлаған алты жасар қыздың өмірінен үміт үзіп отыр

Оралда гамбургерден уланған сегіз жасар қыз ажал құша жаздады

Динара Сәтжан Путиннің құшағында тұрған суретін жариялады (фото)

Оңтүстік Кореяда Назарбаев профессорларша киінді (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1313183-almaty-oblysynynh-turghyny-akimnen-taya.html