RU

Ақтөбедегі теракт кезінде мәйіттің денесінен жарылмаған граната табылған

Ақтөбеде 5 маусымда болған теракт кезінде қанды оқиғаның бел ортасында жүрген сот-медицина сарапшылары өз өмірлерін қатерге тіккен деп хабарлайды Керек-инфо.

Ешқандай оқ өтпейтін кеудешесіз-ақ, арнайы киіммен мәйіттерді тексерген сарапшылар, тіпті дыбысқа жарылатын граната тауып алған. Бұл туралы Әділет министрлігі сот-медицина орталығы, Ақтөбе филиалының жоғары категориялы сот сарапшысы Владимир Корнев мәлімдеді.

Сарапшының айтуынша, теракт болған күндері сарапшылар күні- түні дамылсыз жұмыс жасаған. Атыс болып, адам өлген жерлерге сот-медицина сарапшылары жеке автокөліктерімен жеткен.

"Оқиға болған жерлерге өз жеке көліктерімізбен жеттік. Өйткені арнайы көліктерді күтіп отыруға уақыт тығыз болды. Үстімізде арнайы киіміміз болды. Мен шабуыл жасалған әскери бөлімге бардым. Көшенің бәрі қоршауға алынған, айнала толған әскери адамдар. Құжаттарымызды көрсетсек те, үш қатардан тұратын қоршаудан өте алмадық. Амалсыз, көлігімізді тастап, қанды оқиға болған әскери бөлімге екі кварталдай жаяу жүріп баруға тура келді. Осы жерде менің әріптестерім өз өмірлерін қауіп-қатерге тіккенін айтпай кетпеуге болмас. Тағы бір айтқым келетіні, теракт болған жерге бірнеше сот-медициналық сарапшылары мен бірнеше тергеушілері бар жедел топ баруы керек. Өйткені, оқ тиіп, жарақат алған адамдар мен мәйіттер көп болады. Ал сот-медициналық сарапшысы мәйітті толықтай қарап, қанның қай жерден ағып жатқанын, оқтың қай жерге тигенін дәл анықтауы тиіс. Бір мәйітті сараптап жазу үшін бірнеше сағат уақыт кетеді. Мысалы, сол әскери бөлімде үш мәйітті 6 сағат суреттеп жаздым. Оның екеуі әскери болса, біреуі террорист еді. Менің басқа әріптестерім де осылай, барлық уақыттарын мәйіттердің анықтамасын жазуға жұмсады. Өйткені, бір тергеуші мен бір сот-медициналық сарапшы ғана жұмыс жасады",- дейді Владимир Корнев.

Сот-медициналық сарапшысының айтуынша, теракт кезінде оқиға орнында жұмыс жасаған сарапшылар кез келген сәтте оққа ұшуы мүмкін болғанын айтады.

"Атыс кезінде, қылмыскерлерді құрықтау операциясы уақытында барлық күштік құрылымдар оқ өтпейтін кеудеше киіп жүрді. Тек қана жалғыз сот-медициналық сарапшысы арнайы киімімен жұмыс жасады. Кез келген сәтте оққа ұшу қаупі болды бізде. Мысалы, Отырар дүкенінің үстінде орналасқан пәтерде қылмыскерлерді жою операциясы кезінде әріптесіміз етпетінен жатқан мәйітті аударып қарап, оның бауырынан дыбысқа жарылатын граната тауып алған. Сот-медицина сарапшысы қарағанға дейін, ол жерде сапер жұмыс жасап кеткен екен. Бірақ, саперлер мәйітті аударып-төңкеріп қарамайды. Бұл жұмысты тек сарапшылар ғана жасайды", - деген сот-медициналық сарапшысы төтенше жағдайлар кезінде құрылатын жедел топтарға арнайы сарапшы үшін қосымша басы артық оқ өтпейтін кеудеше алып жүрсе деген ұсынысын айтты.

Оның айтуынша, теракт кезінде қандай жағдай болатынын ешкім болжап бере алмайды. Белдеріне "шахид белбеуін" байлап алып, жанына жақындағандарды қоса жарып жіберетіндер де бар екен.

"Мәйіттердің барлығы оқ тиіп және жарылғыш құрылғыларынан алған жарақаттардан қайтыс болған. Мәйіттерді сою кезінде оқтар, жарылғыш заттардың сарқыншақтары шықты. Үкіметтің қаулысына сәйкес, қылмыскерлердің денелері туыстарына берілген жоқ. Террористердің мәйіттері екі ай бойы мәйітханада сақталды. Әр мәйіт арнайы целлофан пакетке салынды. Қылмыскерлердің денелері жатқан камера қатаң бақылауда болды. Лаңкестердің туған –туыстары келді. Бірақ, мәйіттер жатқан жерді арнайы жасақ күні-түні күзетіп, ешкімді ішке кіргізбеді. Террористердің туған-туыстарына мәйіттерді не үшін бермей отырғанымызды түсіндіріп отырдық. Яғни, сот-медицина сарапшыларының бұл жерде де жұмысы өте қауырт болды деп толық сеніммен айта аламын", - деді Владимир Корнев.

Сарапшының айтуынша, бір мезетте бірнеше мәйіт келгендіктен, қылмыскерлердің денелерін арнайы мұздатқыш камерасына сақтаған. Теракт кезінде болатын жағдайларға байланысты, мәйіт сақтайтын мұздатқыш камераларының материалды техникалық базасын жетілдіру керек екенін де айтты сарапшы.

Тағы оқыңыздар:

Түймебаев бір-бірімен шекіскен ауыл ақсақалдарын татуластырды (фото)

Азат Перуашев кейінгі ұрпақты ойламай, ұлттық қорға қол сұға беретіндерге шүйлікті

Есімов Назарбаевтың ескертуінсіз-ақ Оңтүсік Корея президентімен қол алысты (видео)

Головкин: Дайындығымды шыңдайтын уақыт келді

Иттен айнымайтын мысық желіде жұлдыз болды (фото)

Астанада адам қанын соратын жәндіктер қаптап кетті (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1313595-aqtobedegi-terakt-kezinde-mayittinh-d.html