RU

Қарағанды облысындағы шахтада болған апаттан тағы бір кенші көз жұмды

Қарағанды облысындағы шахтада болған апаттан бүгін 4-ші кенші ауруханада есін жимастан жан тапсырды. Оның басы мыжылып қалып, ауыр жағдайда жеткізілген болатын деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал қалған 5 кеншінің жағдайы орташа.  Көзбен көріп, көңілдерін жайландырғысы келген туыстары, кешелі бері аурухана маңын торуылдап жүр. Сондай-ақ, «Саран» шахтасында болған бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Саран шахтасына 1 ай бұрын ғана жұмысқа тұрған 33 жастағы Мейрам Жанысбаев, ертең 57 жасқа толуы тиіс Мұрат Нұрмағамбетов пен 56 дағы Эдуард Лесников оқиға орынында тіл тартпай кетті. Ал ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген Михаил Патин тура бір тәуліктен соң осы тізімді толықтырды. Қалған 5 науқастың жағдайы орташа делінгенімен кейбіріне туғандары кіре алмай жүр.

Қазір оқиға орнында арнайы құрылған комиссия жұмыс істеуде. Олар апаттың себебін анықтап, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеуде. Ал, шахта иесі «Арселор Миттал» компаниясы апат құрбандарына 10 жылдық жалақы көлемінде, ал зардап шеккендерге жарақат деңгейіне қарай өтемақы төлемек.

Сондай-ақ, жерлеу рәсімдері де компания есебінен жүргізіледі.Естеріңізге салсақ, кеше «Саран» шахтасында аспалы жол құлап, кеншілерді басып қалған еді. Соның салдарынан 3 адам қаза тауып, бесеуі ауруханаға жеткізілді. Бүгін сол ауруханада тағы біреуі жан тапсырды.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1314351-qaraghandy-oblysyndaghy-shakhtada-bolgha-2.html