RU

Еліміздегі ер адамдар жалақысын әйеліне сеніп тапсырудан қорқатын болып шықты

Ерлі-зайыптылардың арасында ақша ұстауға қатысты дау-дамайдың соңы кейде ажырасуға дейін барып жатады. Қазіргі кезде ерлермен тең қызмет атқарып жүрген әйелдер қауымы ақшадан таршылық көрмей, тәуелсіз болғысы келеді.

Осы орайда отбасылық бюджетті басқару жөнінде қарапайым алматылықтардың пікірін білмекке NUR.KZ порталының тілшілері қала көшелеріне аттанды.

Сауалнамаға шаңырақ көтерген жүзге жуық қала тұрғыны қатысты. Оған тартылғандардың тең жартысы ерлер болса, қалған жартысы әйелдерден тұрды.

Роза есімді зейнеткер сауалға еш ойланбастан «ақшаны әйел ұстау керек», - деп жауап берді.

«Маған ақшаны алып әкеліп, қолыма ұстатады. Мен өзім жаратамын. Еркек не біледі? Қолымда ақша тұрмаса болмайды маған. Біз кеңестік кезеңнің адамдарымыз. Менің таныстарымның да жайы осындай», - дейді зейнеткер.

Ал мына 30 жастағы алматылық Азиз есімді азамат қаржылық сауаттылығын тек үйде емес, қоғамда дәлелдеп жүрген жігіт. Айтуынша, осы жасқа дейін ешқашан да банктен кредит алмапты. Үйде өзі би, өзі қожа екен.

«Банк карталары өз қолымда, азық-түлікті жұбайыма өзім әкеліп беріп тұрамын. Егер көйлек-көншегіне қажет болса, оған да беремін. Ал менің ата-анамның үйінде керісінше, ақшаны анам ұстайды. Мүмкін, ақшаны үнемдеп, қажетіне қарай жарата білгеннен шығар ақша әкемде емес, анамда жүреді», - дейді Азиз.

Азиз әрбір үйде отбасылық қаржының есебін жүргізетін күнделік болуы тиіс деп есептейді. Өзі де әр қадамын жазып жүреді екен.

Тұрмыс құрғанына екі жыл толған Мәншүк отбасында ақшаны ер адам тауып, сол жұмсағаны дұрыс деп есептейді.

«Мен ақшаны мүлде ұстамаймын, жолдасым өзі қожа. Күйеуімнің айлығы қанша екенінен де хабарым жоқ. Тек мен сұраған кезде беріп тұрса, сол жеткілікті», - дейді ол.

Үй болып, отау тіккендеріне аз-ақ уақыт болған мына келіншек отбасылық бюджетті реттеуді әзірге ешкім мойнына алмағанын алға тартады.

«Біз әлі үйренісе қоймадық ортақтасуға. Үйленгенімізге төрт ай өтті. Әрқайсысымыз өз ақшамызды өзіміз ұстаймыз», - дейді ол.

Жұлдыз есімді келіншек баламен үйде отырғанына бір жылдан асыпты. «Бізде үйде жолдасым бастық. Банк картасы өзінде. Кімге үнемі ақша керек, карта сол адамда жүруі тиіс. Азық-түлікті өзі алып келеді, кредит төлейді», - дейді жас отанасы.

Бізге айлық табысы 5 мың долларды  құрайтын азамат та кезікті. Үйге келіп-кеткен ақшаны реттейтін де өзі екен.

«Үйде ондай мәселелерді мен шешемін, ал, жұбайым табан астында қымбат көйлек алам десе өз еркі. Оған менің шамам жетеді, ала берсін. Айына 5 мың доллар табыс табамын», - дейді отағасы.

Ортақ бюджет деген ұғым мүлде қалыптаспаған жанұялар да бар ортамызда. Сауалнамаға қатысқан Таңшолпан есімді келіншек 18 жасында тұрмыс құрған. Содан бері еңбекке араласып, өз алдына табыс тауып келеді. Алайда, оның өз табысы өзіне, күйеуінің айлығы өзінде жүреді екен.

«Біздің үйде менің табысым өзімде жүреді, ал жолдасымның табысы отбысыныкі болып есептеледі. О бастан солай үйренгенбіз», - дейді келіншек.

Ал мына жас отбасында ақша ортақ көмбеге жиналып, әркім өзіне қажетін сол жерден алады екен.

«Біз әр нәрсені сатып алардан бұрын бір-бірімізбен алдын ала келісіп аламыз, егер қосымша бір дүние керек боп жатса, біз оны бірге барып сатып аламыз. Бізде ақшаға қатысты дау туындап көрген емес», - дейді ерлі-зайыптылар.

Сауалнамадан белгілі болғандай, жасы 35-40-тан асқан ерлі-зайыптыларда ақша мәселесін әйелі шешсе, 25-30 жастағы жұбайлардың шаңырағында ері қожа болып шықты.

Ал, сіздің үйде кім қожа?

Тағы да оқыңыздар:

ШҚО-да сегіз жасар қыз баланың өліміне қатысты күдіктінің фотосы жария етілді (фото)

Almaty Towers-тегі өрт ісі бойынша батут орталығының директоры құрықталды

Ағылшынша бір ауыз сөз білмей шетелге шыққан қазақстандық АҚШ-та беделді жұмысқа орналасты

Еліміздің басым бөлігінде көктайғақ пен тұман болады

Назарбаев 23 жыл бұрын төл теңгемізді қазақстандықтарға қалай таныстырды?

Денис Тен Париждегі жарыста күміс алды

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1315231-elimizde-otbasyndaghy-ortaq-aqshany-er.html