RU

Ақтөбелік саясаткер ешкімге айтпаған президент туралы сырларын жайып салды (фото)

Қарапайым мектеп мұғалімінен танымал саясаткерге айналған Сәния Мұсақызы өз өмірі туралы барлық сырды NUR.KZ порталына жайып салды. Ол ешкімге айтпаған ел президентіне деген құрметін де оқырмандардан жасырған жоқ.

- Қарапайым мектеп мұғалімі қалай саясаткерге айналды?

- Жаныңа жақын жұмыс таба білу керек. Мен бала кезде ұстаздарым жақсы болғандықтан, мұғалім болуды армандадым. Қаладағы №5 мектепте оқыдым. «Тек мұғалім боламын» дейтін едім. 8 сыныпты  бітіргеннен кейін педагогикалық училищеге түстім. Бірден университетке баруға отбасылық жағдай көтерген жоқ. Анамыз ерте қайтыс болып, әкеміз өсірді. Екінші мамамыз бар.

"Үйде балалар көп, тезірек жұмыс істеуім керек" деп ойладым. Себебі, тек әкеміздің өзі ғана жұмыс жасайтын. Мен сабақты 5-ке оқып, стипендия алып тұрдым. Ол кезде мектепке мұғалім болып кіру қиын болатын. Сол жылдары өзім оқыған мектепке барып, пионерлермен жұмыс жасадым. Көптің бірі болғым келген жоқ. Мектеп директоры белсенділігімді көріп, бастауыш класс мұғалімі етіп алды. Жетістіктің бәрі маңдай термен, нағыз еңбекпен келеді.

Кейін жас мұғалімдердің төрағасы болдым. Мектепте 5 жылдай жұмыс жасадым. Адам армандау керек және оған мақсат қоя білу керек. Мектепте оқып жүргенде мұғалім болуды, сабақ бере бастаған кезде мектеп директоры болуды армандадым. Алла бәрін реттейді екен. 2006 жылы мен мектеп директоры болып та жұмыс жасадым. Еңбектену керек және ішкі жандүние тәртібі бұзылмауға тиіс. Жауапкерлік жоғары болғаны дұрыс. Парламентке депутат болып барғаннан кейін құқықтық сауатым болуы керек деп заңгерлік мамандығын алдым. Мұғалім, заңгер деген екі мамандығым бар. Саясаткер болу, абыройлы болу оңай емес. Қалада әкім орынбасары қызметінде жүріп 10 әкіммен бірге жұмыс жасадым.

- Барлық өміріңізді мемлекеттік қызметке арнадыңыз. «Әйелдік бақытымды қызмет жолы ұрлап алды-ау» деген өкініш бола ма?

- Мен өз өміріме өкінбеймін. Егер өмірді қайта бастау керек болса, тап осылай қайталар едім. Мен осылай отырып алып, тек саясатты ойлаймын деп те айта алмаймын. Әрине, кезінде тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған жас адамдар болды. Мемлекеттік қызметтегі әйелдер жас кезінде тұрмысқа шықпаса, кейін қиын болады. Белгілі бір жетістікке жету үшін мақсат қойып жұмыс жасап келе жатқан адам үшін бәрін тастап кету қиын. Мен осыны біле тұрып, мақсатты түрде таңдау жасадым. Әйел өзінен мықтырақ адамды іздейді. Мен де осыны қаладым. Дегенмен, өмірде маған өзімнен мықты адам кезікпеді. Ал ұсыныс жасағандардың арасындағы әлсіздерге таңдау жасап, тәуекелге барғым келген жоқ.

- Қызметіне берілген, артыңыздан ерген сіңілілеріңізге не айтасыз?

- Әйел отбасын құруы керек. Отбасында, қызметте де жетістікке жетіп отырған келіншектер бар. Әйел қанша жерден жетістікке жетсе де, ол өзінің мақсаты - ана болу екенін ұмытпаса екен. Мен өзімді ақтамаймын. Әйел білікті басшы, танымал саясаткер де бола алады. Отбасын құру қажет, бала сүю керек. Екі адам бас қосып, баласыз болу да құптарлық әрекет емес. Бәріне үлгеру керек. Мемлекеттік қызметті де, отбасын да ұстау керек. Мен сияқтылар мыңның бірі деп ойлаймын.

- Сіз ер адамның орнында жүрсіз, сізді үлгі тұтатындар көп. Өзіңізге көңіліңіз тола ма?

- Өміріме ризамын. Кезінде әкем: «Адамның аты таза болу керек» деп жиі айтатын. Мен ата-анамның атына кір келтірмеуім керек деп жұмыс жасадым. Өмірлік ұстанымым да осы. Қазір ата-анамды ұятқа қалдырған жоқпын деп ойлаймын.

- Бос уақытыңызды қайда өткізесіз, сіз қалай демаласыз?

- Бұрын менде бос уақыт деген мүлде болмайтын. Жасырмаймын, қазір аптаның жексенбісінде демаламын. Бос уақытымды туыстарымның қасында өткізуге тырысамын. Мүмкін сырттан қараған адам оның өмірінде бәрі тамаша деп ойлайтын шығар. Жеке өміріме де, денсаулығыма да қатысты көп қиындықтардан өттім. Жақын адамдардың керектігін түсініп, бос уақытымды солармен өткіземін. Таза ауада, табиғатта демалғанды ұнатамын. Ешкімді көрмей қаланың сыртына шығып, достарыммен демалатын кездер де болады. Ауылға туысқандарыма барамын.

- Отбасылық бизнесіңіз бар ма? Айлық шығыныңызды есептеп, жоспар құрасыз ба?

- Менде қолдаушы да, бай туысқан да жоқ. Өз еңбегіммен келе жатырмын. Қалада барлығы біледі, менің ешқандай кәсібім де жоқ. Ақшамды үнемдеп жұмсаймын. Артық заттар алып, шығын жасамауға тырысамын. Алып отырған айлығым барлық шығынымды жабуға жетеді. Өзімді қарапайым адамдардың қатарына қосамын. Үйіме күтуші ұстамаймын. Үй жинау, тамақ пісіру деген шаруаларды өзім атқарамын. Төрт әпкем бар. Бәрі отбасылы. Олардың ешқайысы мемлекеттік қызметте жоқ. Үйде тұрмысқа шықпай қалған тек мен ғана.

- Киім таңдауда өз дизайнеріңіз бар ма?

-Бірден айтайын, мен сәнқой емеспін. Қарапайым киім тігіп жүрген қызды тауып алдым. Демалысқа барғанда Германиядан мата алып келемін. Мата алғанда өзіме «Бір жылда мұнша шара болады, маған екі костюм, үш көйлек керек» деп жоспарлап аламын. Аздап әшекей тағамын. Менде бренд киімдерді кию керек деген ой жоқ. Шашымды 30 жылдан бері бір адамға жөндетемін. Киім тігушім менімен 12 жылдай бірге.

- Әңгіме барысында әкеңіз туралы жиі еске алдыңыз, әкеңіз сіздің жетістігіңізді көрді ме?

-Әкем ауруханада өлер алдында: «Қызым, сен апаларыңа қара. Сен оларға көмектес. Ешқайсысын көмексіз қалдырма» деп айтып кетті. «Мен олардан кіші емеспін бе?» деп айтып жатырмын. Әкем: «Мен тек саған сенемін» деп кетті. Осы жауапкершілік те менің тағдырымды өзгерткен болар. «Құрмет» орденін алғанымда әкемнің басына бардым. Ол Алға ауданында жерленді. Бейітінің басына барып, мақтанышпен әкемнің атына кір келтірмегенімді айттым. Қазір екінші анаммен тұрып жатырмын. Ол кісі 88 жаста, үйдің кішісі болғандықтан өзімнің қолымда.

 

 

- Сөз соңында әңгімемізге алып-қосарыңыз бар ма?

- Мінекей қараңыз, жанымда ілінген президент портретінен не байқадыңыз? Бұл портрет жиырма бес жылдан бері менің жанымда жүр. Елбасымыздың алғашқы портреттерінің бірі. Кез келген шенеуніктің кабинетіне кіріп қараңыз, мұндай суретті еш жерден таба алмайсыз. Ақтөбеде президенттің мұндай суреті тек менде ғана бар деп мақтана аламын. Мен портретті өзгертпеймін. Қандай қызметке, қандай кабинетке барсам да осы суретімді алып барамын. Тіпті алмастырғым да келмейді. Қазір барлық мемлекеттік қызметкердің кабинетінде заманауи сапалы қағазбен жасалған беті әйнек портреттер тұр. Ал менің жанымдағы Мемлекет басшысының портреті 1991 жылғы. Міне, біздің Тәуелсіздіктің 25 жылдығы! Бұл туралы Сізге бірінші рет айтып отырмын. Нұрсұлтан Әбішұлының қалаға әрбір келгенінде жұмыс бағытында кездесемін, белгілі бір нысандарда қарсы аламын. Елбасы мені парламент кезінен біледі. Есімде, 2007 жылдары болу керек, жергілікті кәсіпкерлер гүл ұсынды. Ол кісі: «Бұл гүл маған ба? Оны не істесем де өзім білемін бе?» деп сұрады. Кәсіпкерлер басын изеп жатыр. Сол кезде Президент артына бұрылды да «Сәния, мына гүл Сізге» деді. Сол сәт менің әлі есімде.

24 қараша күні 60 жасқа толатын Сәния Қалдығұлова 40 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген.

Тағы оқыңыздар:

Сенатор Нұртай Әбіқаевтың балалары жайлы не білеміз? (фото)

Назарбаевтың суреті бейнеленген 25 мың теңгелік купюра айналымға шығуы мүмкін

Ринат Зайытов: Премьер-министр мен депутаттар бізге бастық емес

Қызылордалық ана балаларын ажалдан арашалап, өзі қаза болды (фото)

Алматы облысында үш ағайындыны атып өлтірмес бұрын әбден азаптаған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1316729-aqtobelik-sayasatker-eshkimge-aytpagha.html