RU

Меруерт Түсіпбаева өзін «талғамсыз» деген сәнгерлерге жауап берді (фото)

Меруерт Түсіпбаева неге шетелге көшіп кеткісі келеді? Өзін «Талғамсыз» деп айтқан сәнгерлерден есесін қалай қайтармақ? Осы сарындағы сан түрлі сауалдарға әнші ikerim.kz сайтына сұхбатында жауап берді.

- «Бір сөзіңізде шетелге көшіп кеткім келеді» дедіңіз. Көшіп кетуге не кедергі?

- Ешқандай да кедергі жоқ. Баламның оқуы бітсін деп отырмын. Баламды тоғызыншы сыныптан кейін Америкаға колледжге бергім келіп еді. Балам барса , мен де кетемін деп ойлағанмын. Бірақ айналамдағы жақындарым: «Бала тым кішкентай, ерте жіберме» деп кеңес берді. Бірде бір танысым: «Сіз ауылды тұрдыңыз ғой?»- деп сұрады. Мен: «-Иә, тұрдым» дедім. Ол «Сосын Алматыға келдіңіз ғой…» деді, мен тағы «-Иә!» дедім. Сосын ол: «Енді ауылға барасыз ба?» дегенінде «-Жоқ, бармаймын!» деп жауап бердім. Сол сияқты бір тал балам мемлекетке келмей қоя ма, қазақ болмай кете ма деген сұрақтар да ойландырды.

- Отандық дизайнерлермен неге ренжісіп жүрсіз?

- Мен анықтап сұрастырдым, бұл тапсырыс болған екен. Үш дизайнерге де «Меруерт Түсіпбаева талғамсыз киінеді!» деп айтқызған. Осы сіздердің сайттарыңыз арқылы айтайын, оқысын!

Егер мен ең талғамы төмен әртіс болсам, онда біздің эстрададағы әншілердің сахналық сәні (киімі) «өте жоғарғы деңгейде» екен. Өйткені сахнада семіріп кеткен, салпы етек біздің қыздарымыз, әпкелеріміз, сіңілілеріміз көп. Мен өзімді олардың қасында талғамсызбын деп санамаймын. Оның үстіне мен бүгінгі таңда қалаған киімімді сатып ала алатын жағдайдамын.

- Сіз тіпті олардың жұмысы сапасыз деп те сөктіңіз. Оны неге сүйеніп айттыңыз?

- Дубайда жүргенімде бір көйлегіме алқа керек болды. Ол алқаны ала сала мен Самараға ұшуым керек. Көйлегім қазақи стильде Қазақстанда тігілгендіктен оған сондай оюлары бар көкшіл алқа қажет еді. Көмекшіме «Тез арада мына көйлекке алқа тауып салып жіберші, Кауменоваға бара сал» дедім. Ол Аида Кауменованың бутигіне барған да 98 мыңға бір алқаны алған.

Оны маған жедел жеткізді де біз бірден Самараға ұшып кеттік. Сонда барып әлгі алқаны көрейін деп ашып қалсам, Құдай сақтасын, Қытайдың 5 мың теңгелік сырғаларынан тіккен. Оның тігуі бар… Аиданың аты бар… жарайды, соның бәрі 50 мың теңге болсын, ал 98 мың деген екі мың теңгесі кем 100 мың теңге ғой.

 

«Жарайды, құрысыншы, таға берейінші» деп тақырыпты жаба салғам. Сосын Аида мені талғамсыз дегенде әлгі суретті фейсбукке шығардым. Әркім өзінің жанын қорғайды ғой. «Міне, бүгінде бізге не кию керек, қалай киіну керек, сән мен сымбатты үйретіп жүрген дизайнерлеріміздің дүниесі осындай болса, бізде қайдан талғам болсын» деп жаздым.

Әйтпесе ол алқаны алғаныма бір жарым жыл болған, жаңағы сапасыз сырғалары қайда түсіп қалғанын да білмеймін. Сонда да ешкімге айтпай, ешқайда жарияламай тып-тыныш жүргенмін. Мен ешкімге өздігімнен тиіспеймін, бірақ тиіссе оңдырмаймын. Сол постты жариялағаннан кейін өте көп адам маған хат жазды. Бәрі де сол Аидадан пәлен бағаға алған көйлектерінің сапасы сын көтермегенін жарыса жазды.

- Бұны естіген Аида Кауменова сізге хабарласпады ма?

- Майра Ілиясова хабарласып «Фейсбуктегі» сурет пен жазбаны алып тастап, айтыспай өзара келісімге келуге себепкер болды. Нәтижесінде әдемі шешімге келдік. Аида ақшамды қайтарып берді (күлді). Алқаны алып қалды. Енді ертең Португалияға ұшпақпын, сол жаққа барып 98 мыңға басқа жақсы бренд алқа сатып аламын.

- Ал, Жадоға қатысты не айтасыз?

- Енді ол кісі әуесқой дизайнер, әуесқой продюсер, әуесқой биші ғой. Бүгінгі күні әуесқой деген сөз мен үшін нағыз бағасыз… Мен оған әпке ретінде бір ғана ақыл айтар едім: «Біреуді сынамас бұрын адам өзінің деңгейін саралап, бағалап көру керек!». Мен де дизайнер бола аламын. Кішкентайымнан іс тігу мен тоқыма тоқуға қатты әуес болдым.

Сенесіз бе, киім жоқ кездерде мен барлық туған-туыстарыма, өзіме керектің бәрін тоқып алатынмын. Мен өте жылдам әрі тыңғылықты тоқимын. Ендігі ойым бір дизайнермен, Ерлан Жолдасбекпен бе қосылып тоқымадан коллекция жасасам ба деп отырмын. Мені сынаған дизайнерлерге осылай жауап бермекпін. Біреуді жалдап тоқыта салуға да болар еді, бірақ мен қанша керек соның бәрін өзім тоқиын деп шештім. Қашан бастадым, қашан аяқтадым бәрін инстаграмға салып, онлайн көрсетіп отырамын.

Ал, Жадо ханым сізді сынамағанда, оның киімдерін киер ме едіңіз?

- Менде оның киімі жоқ. Қайбір жылы шетелге концертпен қазақша көйлек киіп бару керек болды. Жадоның салонына жүгіріп бардым. Ана қоймасын бір көрсетті, мына қоймасын бір көрсетті. Мен бұл жайлы айтқан емеспін, оны көмекшілері біледі, сенесіз бе сенбейсіз бе, сол сан түрлі киімдердің ішінен прокатқа өзіме бір көйлек те таппадым…

Тағы да оқыңыздар: 

Астанада Назарбаевтың суреті бейнеленген 10 мыңдық банкнот таныстырылды (фото)

Дариға Назарбаеваның жұлдызды "егізі" табылды (фото)

Ақтау жаңажылдық безендіруге 19 млн теңге жұмсамақ

Мұхамедиұлы өзін төсекке сүйреді деп айыптаған актрисамен соттасып жатыр

Маңғыстау облысында 8-сынып оқушысы үш баланы өрттен құтқарып қалды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1317620-meruert-tusipbaeva-ozin-talghamsyz.html