RU

Еліміздегі салықтың 500 есе артуы кәсіпкерлердің қалтасына салмақ түсірді

Ақмола облысындағы 270 кәсіпкер биыл қолданысқа енген Салық кодексінің талаптарымен келіспей отыр. Олардың көпшілігі - жерасты суларын пайдаланатын шипажай иелері деп хабарлайды "Қазақстан" арнасы.

Табиғи ресурсты тұтыну үшін төленетін салықтың, шамамен, 500 есе артуы оларды тығырыққа тірегенге ұқсайды. Яғни жеңілдікке ие кәсіпорындар қатарынан алынып тасталған емдеу-сауықтыру нысандары ендігі жерде 1 текше метр суға 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде салық төлеуге міндетті. Ал кәсіпкерлер болса, оны төлеуге көпшілігіміздің қауқарымыз жете бермейді дейді.

Бурабайдағы шипажайлар шаруашылық қажеттіліктерге жер асты суын пайдаланады. Себебі ұлттық парк аумағында орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Сондықтан барлық нысанның жеке құдығы бар. "Жұмбақтас" шипажайы жылына 5 мың текше метр су тұтынады. Оның әрбір текше метрі үшін салық төлейді.

Оны біз көтере алмаймыз

"Бұрын біз айлық есептік көрсеткіштің 0,3 пайызын төлейтінбіз. Бір жылда шамамен 32 мың теңге шығатын. Қазіргі талап бойынша біз жер астынан алып жатқан 1 текше метр суға 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде салық төлеуіміз керек. Бізде бұл жылына 11 миллион теңге болып шығады. Оны біз көтере алмаймыз", - дейді шипажай директоры Василий Червенко.

Жер асты суларын пайдаланушы мекемелерге 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде міндетті төлем бекітілген. Және 0,1, 0,3 және 25 пайыз қосымша коэфициент есептеліп, жеңілдік берілетін мекемелер тізімі бар. Алайда шипажайлар бұл тізімнен алынып тасталған. Себебі олар алып жатқан жер асты суы тікелей кәсіпкерлік қызметке пайдаланылады. Осыған орай, олар салықты 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлеуге міндетті.

Салықты миллиондап төлеуге қауқарсызбыз

Салықты миллиондап төлеуге қауқарсызбыз деген шипажай басшылары жергілікті кәсіпкерлер палатасына арыз-өтініштерін жолдады. Соған орай арнайы сараптама да жүргізілді.

"Бұл мәселе зерттелді. Біз "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына салық кодексінің редакциясына өзгерістер енгізу, яғни жер асты суларын пайдаланған үшін аударылатын міндетті төлемнің мөлшерін азайту туралы хат жолдадық", - дейді Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Валентина Геращенко.

Салық кодексіне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланып жатыр

Бүгінде Ұлттық экономика министрлігінде арнайы жұмыс тобы құрылып, салық кодексіне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Шипажай иелері енді соған үміт артып отыр. Әзірге шипажайлар мен туристік аймақтағы өзге де сауықтыру нысандарының иелері бұл салық түрін төлеуден бас тартып отыр. Алайда жыл соңында олардың барлығы салықты төлеуге міндеттеледі.

Осы аралықта үкімет пен парламент оң шешім шығарады деген үмітте. Заң өзгеріссіз қалса, олар бағаны еселеп өсіруге мәжбүр. Кейбірі тіпті жабылып қалуымыз да ғажап емес дейді.

Тағы оқыңыздар:

Ресей шенеуніктердің балаларына шетелде оқуына заңмен тыйым салмақшы

Молдовада ресейшіл кандидат президент болып сайланды

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі тағайындалды

БҚО-да сегіз жасар баланы мас күйде қағып өлтірген тұрғын жазасын алды

Қызылорда тұрғыны бейтаныс жанды аяусыз пышақтап өлтірді

Бизнесмен қарамағындағы қызметкерлерін құрт жегізіп қорлады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1318189-elimizdegi-salyqtynh-500-ese-artuy-kasipk.html