RU

Ақтауда үш адамды өлімнен құтқарған сарбазды соттағалы жатыр

Былтыр күзде Ақтаудағы «Орталық-2015» әскери жаттығу кезінде Каспий теңізінде орын алған жантүршігерлік апаттан аман қалған сарбаздардың мойнына айып тағылуы мүмкін деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Өз экипажын өлімнен құтқарып қалған Ерасыл Көбеген есімді сарбаздың әкесі Ержан Көбегенұлы ұлының жазықсыздан жазықсыз заң алдында жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтып дабыл қағуда.

«Балам кадет корпусынан кейін теңіз жаяу әскері қатарына алынды. Сол жерде борышын өтеп жүргеніне бір жарым айдай ғана болған. Ұлым бөлімше командирі еді. Ал сол әскери жаттығу кезінде ол БТР экипажының командирі болды. Естеріңізде болса апат кезінде төрт БТР 80 суға кеткен. Ал қатардағы жауынгерлер Көбеген мен Төлегенов өз экипаждарын аман алып қалып отыр. Экипаждарында адам шығыны жоқ. «Бітті, өлдім» деп батып жатқан екі баланы судың ішінен алып шықты. Енді сол балаларға Қазақстан республикасы қылмыстық кодексінің 453-бабы бойынша қызметіне салғырт қарады деген айып тағылып отыр», - деп күйінеді сарбаздың әкесі.

Ержанның сөзінше, ол күні теңізде қатты дауыл тұрған. Куәгерлер толқынның биіктігі бір метрге дейін барғанын айтады.

«Жағадан 200 метр жерде тереңдігі 3 метрден асатын судың ішінде балалардың ондай әрекетке барғаны ерлік. Негізі сол күні халыққа алдын ала дауыл болатыны ескертілген. Соған қарамай, жоғары жақтан теңізге шығу туралы бұйрық берілген. Сол бұйрықты орындаған балаларға әскери прокуратура айып парағын беріп отыр. Бұл бала судың ішінен екі адамды, жағада аузынан көбік ағып тұншыққан тағы бір әскери қызметкерді кеудесінен ұрып, дем беріп аман алып қалды. Сол 48 сарбаздың бәрі теңізге кетіп қалса, кімді кінәлар еді? Оларға адам емес, ана батып кеткен темір артық болып тұрғаны ма?», - деп назын айтты ол.

Ерасылға сол мезетте өзі ажал аузынан арашалап қалған жігіттер әлі күнге алғыстарын айтады. Оның бұл ісін онымен бірге бір экипажда болған жауынгер Думан Бекетаев ерлікке бағалайтынын айтқан.

Теңіз жаяу әскерінде әскери борышын өтеген Сұлтан Спан да сол қайғылы жағдайды есіне алып, Ерасыл Көбегенге құтқарып қалғаны үшін рахметін айтты.

«2015 жылы 18 қыркүйекте оқу жаттығу кезінде ауа райының күрт өзгеруіне байланысты теңіз бетіндегі толқын өте күшті болғанына қарамастан, теңізде оқу жаттығу жалғастырыла берді. Белгіленген жерге жеткенше, толқынның күштілігінің әсерінен БТР-80 көлігінің іші суға тола бастады. Бір метрлік толқынның күшіне төтеп бере алмай БТР-80көлігі артқы жағынан суға бата бастады. Сол кезде экипаж командирі дер кезінде шешім қабылдап, «Люкті ашыңдар, дереу сыртқа» деген бұйрық берді. Люкті ашқан кезде судың қатты соққысынан есінен танып қалып су астында есін жиған Ерасыл өзі бір өлімнен қалып тұрып, су бетіне шыға сала тұншығып жатқан мені құтқарды», - деп жазады Сұлтан Спан.

Ерасылдың әкесі баласының болашағына алаңдайды.

«Ертең олар жазықсыздан жазықсыз шартты түрде айыпталуы мүмкін немесе үлкен мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Ол ертеңгі болашағына зиянын тигізеді. Сотталған деген анықтама алса арманының бәрі аяқасты болайын деп тұр», - дейді Ерасылдың әкесі.

Ерасыл - үйдің үлкені. Ержан Көбегенұлының айтуынша, тұңғышын спортқа баулып, оған кішкентайынан әскери тәрбие берген екен.

Осы оқиғаға қатысты сот процесі әлі жалғасып жатыр. Ерасыл Көбеген де сол Ақтау қаласында сотқа қатысуда.

«Жабық процесс болғандықтан, біз оған барып қатыса алмаймыз. Сот созылып кетті. Олардың не ойы бар екенін білмейміз. О баста балам маған сотқа жай куәгер ретінде ғана қатысамын деген еді. Енді оларға кінәларыңды мойындай салыңдар деп қолқа салыпты. Бір емес үш рет айтқаннан кейін барып сұрастырсам, айыптау парағында оларға әлгіндей айып тағылып отыр екен», - дейді Ержан Көбегенұлы.

Тұңғышының жазықсыздан жазықсыз заң алдында жауап бергелі отырғанын сезген әке жабулы қазан жабулы күйінде қалмаса екен деп тілейді.

Тағы оқыңыздар:

Синоптиктер Қазақстанда алдағы күндері 40ºС аяз болатынын ескертті

Түрік тілінде еркін сөйлеген Жансейіт Түймебаев елді өзіне қаратты

Жаманқұлов ұрланған 6 миллион теңгені мемлекетке қайтарды

Журналистермен кездесуге кешігіп келген Төреғали ұятқа қалды (фото)

1995 жылы қазақ тойы қалай өтетін?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1318497-aqtauda-ush-adamdy-olimnen-qutqarghan-s.html