RU

ЭКСПО аумағында қирап қалған көпірді қалпына келтіруге бір ай уақыт берілді

Астанадағы халықаралық көрме  өтетін нысандардың бірі пайдалануға берілмей жатып қирады. Павильондардың ортасын байланыстырып тұрған көпір түс мезгілінде опырылып түскен.

Әзірге апаттың себебі белгісіз. Құлап қалған көпірді BI Group салғандықтан, құрылыс компаниясының өзі оны қалпына келтірмек. Оқиға орнында тексеру жүріп жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Опырылып қалған көпір тура Қазақстанға тиесілі шар іспеттес нысан мен жуырда ғана шетелдік иелеріне табысталған халықаралық павильондардың арасына салынған екен.

"Бүгін сағат 13.30-да Халықаралық мамандандырылған көрме территориясында С1 мен С2 павильондары арасындағы декоративті көпір ретінде салынған құрылым құлады. Жанындағы ғимараттарға зиян келген жоқ. Нысанның мердігері BI Group болғандықтан, құрылыс компаниясы көпірді қалпына келтіретін болады", - деді «Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ Қоғаммен байланыс департаменті.

Осылайша, халықаралық көрме өтетін нысандар пайдалануға берілмей жатып қирауда. Қайта қонақтардың көзінше құлап, елімізді ұятқа қалдырмағаны абырой болды.

Күзетшілер ЭКСПО-ның апат болған аумағына адам жуытпайды, жіті қарауылдап тұр. Ал жұмысшылардың айтуынша, халықаралық көрме өтетін жерде құрылыс уақытша тоқтап тұр. Оқиға орнында тексеріс жүруде және әсемдік үшін салынған өткелдің құлауына не себеп болғаны анықталуда.

Көпірді салған BI Group зардап шеккендердің жоқ екенін жариялады. Және келген шығынды да есептеп жатыр екен. Айта кету керек, ЭКСПО басшылары жуырда ғана халықаралық көрмеге қатысатын бес ел: Қытай, Франция, Германия, Түркия мен Венгрия өкілдеріне тиесілі павильондарды бөліп берген еді.

Ұйымдастырушылар әлі ондаған нысанды иелеріне тапсыруы тиіс. Ал жүзден аса мемлекет қатысатын халықарлық көрменің басталуына бүгін тура 206 күн қалды. Ал ЭКСПО 10-шы маусымда ашылып, үш ай өтеді. Халықаралық шараны көруге 5 миллионға жуық адам келеді деп жоспарлануда.

Тағы оқыңыздар:

Құрылысшылардың көз алдында "ЭКСПО-2017" аумағындағы нысан опырылып түсті (фото, видео)

Əсет Мəмбетов Олимпиада медалін қайтарып бермейтінін айтты

Ақтөбеде ұстазын балағаттаған оқушы 15 мың теңге төлейтін болды

ШҚО-да -30 градус аязда далада түнеген малшы аман қалды (фото)

Қытайдың АҚШ-тағы смартфондар арқылы тыңшылық ететіні әшкере болды

Еліміздегі салықтың 500 есе артуы кәсіпкерлердің қалтасына салмақ түсірді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1319068-ekspo-aumaghynda-qirap-qalghan-kopirdi.html