Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Модельдік мансабын тастап, бар өмірін отбасына арнаған "Қазақстан аруы" кім?

Опубликовано:

Елге модель болып танылып, әлемдік сән сахнасынан көрінген бұл қазақ қызы көптің көзінен тасада қалып қойды. Бұл ару сәнді киім, түрлі фотоссесия, қымбат сыйлықтар әлемінен бас тартып, қарапайым әйел бақытын таңдады. Модельдік мансабынан алыстап кеткен қазақ қызы бүгінде өмірін отбасына арнаған үлгілі ана, аяулы келін, сүйікті жар атанып отыр.

Назарларыңызға "Қазақстан аруы - 2006" атағына ие болған, Мексикада өткен "Әлем аруы -2007" байқауына қатысқан Гаухар Рахметалиеваның NUR.KZ порталына берген эксклюзивті сұхбатын ұсынамыз.

- Гаухар, сізді іздеп табудың өзі оңайға соқпады. Қазір қайдасыз? Немен айналысып жүрсіз?

- Жақында отбасыммен Алматыдан Астанаға көшіп келдік. Сол сұлулық байқауынан кейін 21 жасымда тұрмысқа шықтым. Бірнеше жылдың көлемінде төрт бала дүниеге әкеліп үлгердім. Үш қыз, бір ұлым бар. Отбасым туралы көп айта бермеймін. Бірақ сіздермен бөліскім келіп отыр.

Менің қайын атам - республикамызда танымал, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай. Мен ол кісінің ортаншы келінімін. Өзім осындай жанұяға келгенімді мақтан тұтамын. Атамды өнерге өте үлкен еңбегі сіңген кісі ретінде сыйлаймын. Ұлдарына жақсы тәрбие беріп кеткенін айта кетуім керек.

Сұлулық байқауынан кейін көпшілігі модельдік кәсіппен біржола кетеді деп ойлаған шығар. Алайда мен ол жолды таңдамадым. Ол кезде мен Атырау мұнай және газ институтында оқитынмын. Институтты инженер-химик технолог мамандығы бойынша қызыл дипломға бітірдім. Сол кезде алдыма қойған мақсатыма жеттім.

Әрі қарай өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін деп ойладым. Бірақ тұрмысқа шығып кеттім. Оның арасында Алматыда әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде химия факультетінен магистр дәрежесін алып шықтым. Атам отбасыға келгелі әулетіміздің санын көбейтіңдер деп айтып отырушы еді.  Содан соң, екінші, үшінші, төртінші баланы дүниеге әкелдім. Осылайша, жоспарым өзгеріп, қазір үйде бала тәрбиесімен айналысудамын.

Сонымен қатар өзімді жан-жақты дамытуға тырысып жатырмын. Ғаламтордан көп нәрсені үйреніп, қолөнермен айналысудамын. Балалаларға арналған кітап, альбомдар жасаймын және кішкентай сәбилерге арналған сәнді киім тігемін.

Болашағым әлі алда, жаспын, балаларым өскенде өз мамандығым бойынша істеймін деген мақсатым да жоқ емес. Ал қазір Астанада анамның жеке кәсібіне көмектесіп жүрмін.

- Көп балалы ана болуды армандайтын ба едіңіз?

- Өзіміз апалы-сіңлілі екеуміз. Мен үйдің үлкені болдым. Ал сіңлім әжемнің тәрбиесін алып, сол кісінің қолында өсті.  Сөйтіп мен үйде жалғыз өстім. Сондықтан көп балам болса деп ойлайтынмын. Үлкен отбасым болғанын қаладым. Қазір, шүкір, кенжемнің ағасы да, әпкелері де бар. Үлкен қызым жақында сегізге келеді. Ал кішкентайым бірге толды.

Отызға келгендегі нәтижем осы (күледі). Дегеніме жеттім деп ойлаймын.

Атамыз көз тірісінде немерелерін бізге аманат етіп, "балаларды жан-жақты дамытыңдар, жаңа ұрпақ өсіріңдер" деуші еді. Міне, сол атамыздың аманатын орындауға тырысып жатырмын. Өскенде аталарының мұрасын жалғастырады деген үміттемін.

- Өзіңіз қандай отбасынан шықтыңыз?

Менің жеткен жетістіктерім бірінші кезекте анамның маған берген тәрбиесінде, қолдауында. Анама шексіз ризамын. Оқуда да сол кісі сілтеме беріп, мені үнемі алға жетелеп отыратын. Қазір Астана қаласында маған және балаларыма қол ұшын беріп тұрады.  Анам - кәсіпкер, Атырауда өз бизнесі бар. Әкем – кеден қызметкері, полковник.

- Қазір үйде отырған келіншектер өз кәсібін дөңгелетіп жүр. Сізде ондай кәсіп бар ма?

- Ондай ойым бар. Балаларымыздың білім жағын ойлап, Астанаға көшіп келіп отырмыз. Өзімді басқа қырымнан сынап көрейін деп жүрмін. Армандарым бар, жоспарларым бар. Соларды орындауды қолға алып жатырмын. Идеяларды қарастырудамыз. Нақтысын кейінірек біле жатарсыздар.

- Жолдасыңыз туралы айтып берсеңіз, ол кісімен қалай таныстыңыз? 

- Жолдасымның есімі – Сұңғат. Ол кісімен байқаудан кейін ортақ таныстарымыз арқылы таныстық. Қазір жеке кәсіппен айналысады. Қоғамдық тамақтану саласында еңбек етеді.

- Ал енеңіз қандай адам? 

- Енем - менің екінші анам. Мен ол кісіге құрметпен қараймын. Ешқашан маған дауыс көтерген емес. Қыздары болмағандықтан мені және абысындарымды қыздарындай қабылдады. Ол кісіге ризамын. Үй шаруасында тәжірибесімен бөлісіп, айтып отырады. Мен де соны бірден іліп алып кеткеніме мәз болады. Ол кісіден жақсы тәлім алдым деп ойлаймын. Атам да ешқашан дауыс көтермеген. Өзі сондай балажан кісі еді.

- Ата-енеңіз «модель-келінге» қалай қарады?

- Модель келіннің жай келіннен қандай айырмашылығы бар? Өзім ешқашан ақсаусақ болған емеспін. Тұрмысқа дейін де үй шаруасына бейім болдым. Тәжірибем жеткілікті болды. Соған қарағанда ата-енемнің мен туралы ешқандай жаман ойлары болған емес.

Мен «Мисспін» деп кеудемді керген жоқпын. Өзімді қарапайыммын деп санаймын. Ешқашан ақсаусақтығымды көрсеткен емеспін.

Атырауда анамның кафесі болды, сол кезде мен «Атырау аруы» бола тұра, кейде даяшы жетіспей қалғанда, даяшы болып та жұмыс істеп көрдім. Тіпті ыдыс жуып кететінмін. Менің яғни, «Атырау аруының» сол кафеде даяшы боп жүргенін естіп алып, қыздар әдейі келетін. «Маған қызмет көрсетеме екен деп» деп отырып алатын. Мен бәрін қатар алып жүрдім деп айта аламын.

- Абысындарыңыз туралы не айтасыз?

- Абысынмен татумыз. Үлкен абысыным туған әпкемдей болып кеткен. Екеуміз бір-бірімізбен сырласамыз. Ол - Алматы облысының қызы. Ал кіші абысыным - Алматы қаласының тумасы. «Абысын тату болса - ас көп» деп атам айтып отырушы еді. «Сендер тату болсаңдар, ұлдарым да бірге жүреді», - деп өсиет айтатын. Ара-қатынасымыз өте жақсы.

- Әдетте сұлулық байқауында топ жарып шыққан арулар шоу бизнеске ойысып, танымал болып жатады. Ал сіз осынша жыл үйде отырғаныңызға өкінбейсіз бе? Сізді халық ұмытып барады деп ойламайсыз ба?

- Әйелдің бақыты – отбасында. Маған сол сұлулық байқауында да әйелдің басты міндеті туралы сұрақ қойылған. Менің ойымша, әйелдің ең бірінші міндеті тұрмысқа шығу, дүниеге бала әкелу, үйдегі отты сөндіріп алмау. Мен бұл байқауға танымал болу үшін қатысқан жоқпын. Ондай ой болған да жоқ. Байқауға қатысқан себебім - жастық шақтағы қызығушылығым еді. Жай бағымды сынап көрмек болдым. Өзім әйел бақытына қол жеткіздім деп ойлаймын. Оған еш өкініш жоқ.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1319667-modeldik-mansabyn-tastap-bar-omirin/

pixel