RU

Оңтүстікте пәтер кезегінен алынып тасталған мүгедек отбасылар өлместің күйін кешіп жүр

Оңтүстік Қазақстанда мүгедек отбасылар үй кезегінен алынып тасталған. Созақ ауданында тұратын олар бұл туралы былтыр ғана біліпті деп хабарлайды КТК арнасы.

Аудан басшыларына мұңын шағып барғанда, атқамінерлер «әр мүгедекке үй беру біздің міндет емес» деп шығарып салған. Апатты жағдайдағы көне ғимаратта өлместің күйін кешіп жүрген жарымжан жанұялар мұңын шақты.

Тұрғызылғанына 40 жылдан асқан ғимаратқа 5 жыл бұрын билік 7 отбасын уақытша деп кіргізген екен. Содан бері жергілікті әкімдік жарымжан жанұялар туралы тарс ұмытқан.

Екі қабатты үйдің сырты бүтін көрінгенімен, іші адам шошырлық. Көк басып, қақырап тұрған қабырғалар, сояудай шыққан электр сымдары онсыз да сүреңсіз үйдің берекесін кетіріп тұр. Оған қоса қыс бойы жағылатын керосин иісі ғимаратқа кіргеннен қолқаны қабады.

Жоғарғы қабаттағы мүгедектер ескі ғимараттың баспалдағынан түсе алмай, үйлерінде айлап қамалады. Ол аздай, осы жерге жарымжандарды уақытша тұрыңдар деп кіргізген әкімдік бір жылдан соң еш ескертпестен үй кезегінен шығарып тастаған. Арыз айтып барғандарға құлақ та аспапты.

"Мен беруге міндетті емеспін, кезінде алдыңдар деп шығарып жіберді. Сонда біз не істеуіміз керек?", - дейді Шолаққорған ауылының тұрғыны Серік Тілегенұлы.

Міндетті емеспін деп мүгедектерге жүре жауап қатқан Мақсат Исаев - осы ауданның әкімі. Алайда ол, бар былыққа өзінің алдындағы әкімді кінәлады. Мүгедектерге дөрекілік көрсетпедім деген шенеунік, тіпті олар үшін демеушілер есебінен қыс бойы жылуды тегін тартып бергенін алға тартты. Ал баспана мәселесі жуық арада шешілмейді деп ашық айтып отыр.

"Салынып жатқан үйлерден бере алмаймыз. Себебі, қазір үйлеріңіз бар. Алдағы уақытта жергілікті бюджеттен басқа кеңейтілген үйлер сатып алуға мүмкіндік қарастырайық деп айтқан уәдем бар. Ол азаматтардың мүгедектігін ескеріп, жер үйге ауыстыруға әрекет жасап берейік дегенмін", - дейді Созақ ауданының әкімі Мақсат Исаев.

Бір айдан соң 50 отбасына арналған жекеменшік үйлер берілмекші. Келесі жылы үй кезегінде тұрған тағы 20 отбасына үй беріледі екен. Бірақ кезектен шығарылған шолаққорғандық мүгедектер бұл тізімде жоқ.

Тағы да оқыңыздар:

Қостанайда полицей мүгедек әйелді ажалдан құтқарып қалды

Экстремал тәтті тоқашты шайға батыру үшін 70 метр биіктіктен секірді

Дональд Трамптан айнымайтын құс "қанатты Трамп" атанып кетті

$73 млн-ға дүркіретіп той өткізген үнділік жұп қонақтарына алтыннан шақырту қағаз жіберді (видео)

Той қонақтарының көзінше алғашқы неке түнін өткізген жас жұбайлар жаға ұстатты (видео +18)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1320890-onhtustikte-pater-kezeginen-alynyp-ta.html