Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президенттің 96 жастағы көршісі оның қандай бала болғанын айтып берді

Опубликовано:

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көршісі болған 96 жастағы кейуана Елбасының балалық шағы туралы сыр шертті. Ақтөбеде тұратын Евдокия Санжароваға NUR.KZ порталы арнайы барып, әңгімелесіп қайтты.

Қаладағы 5 қабатты үйлердің бірінде жалғыз тұратын қарияның баспанасы тым қарапайым. Қонақтарға есікті өзі ашып, үй ішінде жүріп тұрады. Ойы жүйелі, қимылы ширақ.

«Менің барлық жағдайым жасалған. Балаларым күнде кешке қасыма келіп кетеді. Әлеуметтік қызметкерлер үйімді жинап, дәрігерлер аптасына  екі рет келеді. Осылай тұрып жатырмын. Мен дүние жинамаймын. Жердегі жаюдың барлығын жас кезімде өзім тоқығанмын. Маған одан артығы керек емес. Жолдасым Ваня да қарапайым болатын. Адам дүниеқоңыз болмау керек. Дүниенің түбіне жетемін деп жүргенде қартайып өлесің. Жаның тыныш болу үшін қарапайымдылықты сақтауың керек»,- дейді Евдокия Санжарова.

Қарияның үйінің төрінде ескі қызыл мақпал жабылған дөңгелек үстел тұр. Екі құмыраға салынған гүлдер мен ескі үтіктен үйдің заманауи техниканы қажет етпейтіндігін көруге болады. Екі бөлмелі үйдің бірнеше жеріне қойылған орындықтар да ескі. Олардың үстін қолдан тоқылған көрпешелермен жапқан.

Қазақстан президентінің отбасымен 50 жыл бірге тұрған Евдокия Санжарова «Менің Сұлтаным бала кезінен ақылды болды» деп әңгімесін айтты.

«Біз Сұлтанның отбасымен Алматы облысы Қаскелең ауданының Шамалған ауылында бірге тұрдық.  Әбіштің үйі бізге қарсы тұрды. Сұлтан 7-8 жаста болатын. Ол сол кезден ақылды болды. Мамасына «мына балаң ақылды болады» деп айтып отырушы едім. Кішкентайынан адамдарға жақын болды.

Сұлтан Шамалғанда 5 классқа дейін оқыды. Кейін жігіт болған кезде ауылға келді. Келгенде үнемі біздің үйге соғады. Бір күні үстелдің үстінде тұрған гүлді көріп «Мынаны қайдан алдыңыз?» деп қызықты. Таудан балалардың теріп әкелгенін айтқанымда күйеуім екеумізге гүл теруге барайық деді.

Ваня «шаршаймын» деп қалып қойды. Сол кезде Сұлтан екеуміз армансыз гүл тергеніміз бар. Кез келген нәрсеге қызығып, білгісі келіп тұратын жас еді», - дейді Евдокия Санжарова.

Жас кезінде үйінде асыр салып ойнап жүрген баланың бір елге президент болып отырғанын қария мақтанышпен айтты.

«Сұлтаным Ақтөбеге соңғы рет келгенінде маған теледидар мен холодильник сыйлады. Оларды немереме бердім. Сұлтанға ештеңе керек емес десем де тыңдаған жоқ, «Менен естелік болсын», - деді. Мен дүниеге қызықпаймын, ысырапшылдықты ұнатпаймын. Жұмыс жасап тұрған ескі заттарды пайдалана беремін. Өткен жылдары президент туралы естелік кітап жазу үшін Америкадан бір бала келіп, үйімде бір апта жатты.

Есіктің алдында ойнап жүретін ақылды бала сол кезден президент болатындай- ақ еді. Ол ерекше бала еді»,-дейді қария президенттің жастық шағы туралы жазылған журналды парақтап отырып.

«Теледидарда жұмысшылармен кездескенде  айтқан сөзі есімде қалыпты. Көрдіңдер ме, мен сияқты жасаңдар. Қара жұмыста жүріп, пешке көмір салдым. Үлкен қалақпен алысқа лақтырдым. Нәтижесінде менің қайда шыққанымды көрдіңдер ме?», - деп күлді. Сондықтан әр адам жасағанын міндетсімей, еңбектену керек. Күліп жүру керек. Сонда ауруды да, қарттықты да жеңесің»,- дейді қария.

Көзілдірік кимей газет оқып отырған қария тәуелсіздік мерекесінің жақындап қалғанын да еске алды.

«Жақында оның президент болғанына 25 жыл болады. Ол әрі қарай бізді тастамай жұмыс жасай берсін деп тілеймін. Сұлтан бала кезден президент болатындай-ақ ақылды болды. Теледидардан көрген сайын онымен күбірлеп сөйлесем. Сұлтанчик, сен ауырма», - дейді Евдокия Санжарова.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1321460-prezidenttinh-96-zhastaghy-korshisi-sultan/

pixel