RU

Өткен күндерге саяхат

Қазақ елінің Тәуелсіздігіне тура – 25 жыл. Бір қарағанда ұзақ уақыт емес. Алайда ширек ғасырда атқарылған іске, жүріп өткен жолға қарап талай шаруаның біткендігін көреміз.

Осы уақытта Қазақстанның бұғанасы беріп,  экономикасы тұрақтанды, әлемде беделі мен мәртебесі жоғары мемлекеттке айналды. Мұның айқын дәлелін «Хабар» телеарнасындағы «Пай-пай, 25» бағдарламасынан көруге болады. Жобада әр жылдардағы жетістіктерге жеке-жеке тоқталып, елдегі елеулі оқиғалар еске алынады. Бүгін біз соның бірнешеуін сіздерге ұсынбақпыз.

1990 жылдар қазақ халқы үшін күрделі кезеңдерді бірі. Сол уақытта елімізде музыкалық байқау ұйымдастыру қиын шаруа болатын. Соған қарамастан Азияның танымал әндері мен талантты орындаушыларын  Алматыға жинап, халықаралық сайыс ұйымдастырыла бастады.

«Азия дауысы сол кездегі қазақ ән өнеріне жаңа тыныс алып келген ерекше фестиваль еді», - деп еске алды аталған байқаудың ұйымдастырушысы Мұрат Ерғалиев. - «Азия даусының» логотипі де  90-жылдар үшін тым таңсық болатын. Себебі, көне түркі таңбаларын ешкім пайдаланбаған. Логотипке байқау жариялағанда дизайнерлердің барлығы дерлік әдеттегідей шаңырақ пен киіз үйдің айналасынан шыға алмады. Ол нұсқалар біздің көңілімізден шықпай, ойланып жүргенімізде «Тамғалы тастар» туралы ақпарат шықты. Ондағы таңбалар бізге тым қызық көрінді. Күллі әлемдегі өнердің өкілдері жиналғанда біз тарихымыздың әріде жатқандығын көрсетуді мақсат тұтқан едік. Тамғалы тастардағы таңбалар сол тарихымыздың тереңдігін танытатын белгі болып көрінді. Министрліктегілер де, біз де Тамғалы тастардағы адам таңбасын «Азия даусының» символы ретінде бекітуге бірауыздан келістік.

1990 жылдары Кеңес Одағының соңғы күндері, ал Қазақстан Тәуелсіздік табалдырығында тұрған кезең. Кейін азаттық  алдық. Дипломатиялық қарым-қатынастар енді ғана орнаған қиын кезеңде, шетелден Патрисия Каас, Тото Кутуньо, Абба, «Бони М», «Хаддуэй» сияқты әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздарын шақырау да сол кездегі дипломаттардың еңбегі ерекше», - деді Мұрат Ерғалиев.

2000 жыл. Бұл уақыт қазақстандықтардың есінде болар. Себебі дәл осы кезеңде біздің ұландарымыз Сиднейдегі Олимпиада ойындарында 3 алтын, 4 күміс медальға қол жеткізге болатын. Бағдарлама барысында Ермахан Ибрагимов сол шарадағы қазақ боксшыларының жеңісімен қоса, олимпиада чемпионы марқұм Бекзат Саттарханов туралы естеліктерімен бөлісті.

«Бекзат финалға бір күн қалғанда маған келіп, «аға, маған майкаңызды бересіз бе, рингке сіздің майкаңызбен шықсам деп едім» деді. Мен «мен әлі жеңген жоқпын ғой» дедім. Ол болса «мен сезіп тұрмын, сіз чемпион боласыз» деді.

Байқаған болсаңыздар сол кезде Бекзаттың майкасының арты байланған. Себебі менің майкам оған үлкен болды ғой. Бекзаттың сол сөзі маған да қуат берді. Жас інім маған сеніп, сіз жеңесіз деп тұрса, менің жеңілгенім жарамас еді»- дейді Ермахан Ибрагимов. Ал, Олга Шишигина өз жеңісін былайша еске алады: «Бөгеттермен жүгіріп жеткенде мен бірінші болып келгенімді білгем жоқ. Әрі кетсе, 2-ші, 3-ші шығармын, деп ойладым. Кейін экранға менің атым шыққанда сенер-сенбесімді білмедім. Туды жамылып, стадионды айнала жүгіргенім де, шынымды айтсам есімде жоқ, жүрегім қуаныштан жарылардай болғаны есімде».

2016 жыл. Олимпиада Рио-де Жанейро қаласында өтті. Қазақстандықтардың қоржынына 3 алтын, 5 күміс, 9 қола, жалпы есепте 17 медаль түсті. Ел спорты тарихында жүлделер саны жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Оқырман Васлий Левит пен Евгений Тищенко арасындағы жұдырықтасуды ұмытпаған болар.

Бұл жөнінде спортшы  «Залда біздің елден 20-30 адам отырды. Олар шулаған соң басқа көрермен де қарсылық білдіре бастады. Кейін, елге оралып Президентпен кездестік. Өз басым жастайымнан біздің Елбасы - Н.Назарбаевты көргім келген. Сондықтан Президентпен бір сахнада тұру мен үшін бақытты сәт деп білемін. Оның үстіне ол кісінің мені қолдағанын өз аузынан естіген соң жаным жай тапты. Ондай сөздерден кейін ерекше бір күйге түстім. Артынша іштегі «Әттеген ай!» деген өкініш, су сепкендей басылды».

Бағдарламаны елімізге танымал А  йгүл Иманбаева, Нұрсұлтан Құрман және Дархан Әбдуахит жүргізеді. Сонымен қатар Қымбат Досжан, Серікзат Дүйсенғазин және Көпен Әмірбек сынды беделді тұлғалар сарапшы ретінде ой бөліседі.

Әр жексенбі 22.00-де «Хабар» арнасының эфирінен «Пай-пай, 25» бағдарламасын көріңіз!

Фото: Саламат Аязбай

*PR құқында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1323655-otken-kunderge-sayakhat.html