RU

Пәтер жағалап жүрген қазақ қыздары жан айқайын жеткізді (фото)

Ауылдан келіп, қара жұмыста жүрген қазақ жастары билікке деген жанайқайларын айтты. Пәтер жалдаумен өмірі өтіп жатқан жастардың бүгінгі өмірін NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі назарларыңызға ұсынады.

"Байларды байытып, көк шығынмен өмір сүріп жатырмыз... Халыққа тұратын жалдамалы жатақхана салып берсе соны біз төлер едік. Құдай-ау, жастары қаңғып жүрген ел қалай дамиды?", - деген қыздар NUR.kz порталына қазақ жастарының тұрмысын көрсетті.

"Қазақ жастары жоқшылықтан ажырасып жатыр"

"2002 жылы 20 жасымда қалаға келдім. Қалаға келгенімде ауылдағы бауырларымның бәрі жас болды. Үйде менен басқа жұмыс істейтін адам болған жоқ. Бәрін аяққа тұрғыздым. Құрылысшы болып жүріп, сіңлімді оқыттым. Тырбаңдап жүргенде жасың өтіп жатыр. Әлі пәтер жағалап жүрмін. Тұрмысқа шықтым, қызым бар. Қызым мүгедек болғаннан кейін салқын пәтерде қасыма ала алмай, әке-шешеме апарып тастадым. Ертелі-кеш құрылыста жұмыс істеймін. Пәтерге тек түнеуге келеміз. Жолдасымның атында жер бар. Ең болмаса сарай тұрғыза алмай отырмыз. Құрылыс материалдарын алу үшін несие алайық десек, оған да зейнетақың жүріп жатуы керек. Үкімет біз сияқтыларға да көмек көрсетсе екен", - дейді Арай Азикина.

Қара жұмысқа салынған қыздар денсаулықтарын да күтпейтінін айтты

"Пәтер ақысын санап отырғанымда жаздың қалай өтіп, қыстың қалай түскенін білмей қалам. Ауырсақ ауруханаға да бармаймын. Лимонмен шай ішіп жүре береміз. Рас айтам, енді қайтеміз? Бір күн жұмысқа шықпасаң ертең айлығың дұрыс болмайды. Қазір екінші баламды көтере алмай жүрмін. Қаралып едім, бір бет дәрі жазып берді. Оны қалай алам, қай ақшама УЗИ-ге түсемін?", - дейді ол.

Қазақстаннын барлық министрі мен депутатын жатқа танитындарын айтқан жастар жағдайларын дамыған елдің тұрмысымен салыстырды.

"Үкімет тамақтың, коммуналдық қызметтің ақшасы өссе, айлықты өсіріп жатырмыз дейтін шығар. Біз секілді жекенің жұмысшыларына кім айлық қосады? Қаладағы халықтың әрбір үшінші тұрғыны біздің жағдайымызда өмір сүріп жатыр. Қазақ елінің мұнайы қазақ жастарының жағдайын көтеруге жетер еді. Аз ғана халықпыз. Министрлер мен депутаттардың атын жатқа білеміз. Дамыған ел боламыз деп шулайды. Неге халыққа сол дамыған елдердегідей жағдай жасамайды? Интернетте қытайда жүрген қазаққа" неге Қазақстанға оралмайсың?" деп сұрағанда "ол жақта тұрмыс қиын" депті. Қытайда көше сыпырушы болып істеген адамның зейнетақысы 300 мыңнан асады екен. бізде 300 мың теңгені кім алады? Әкімдердің айлығы емес пе? Бізде 25 мың теңге айлықпен жүргендер бар. Қазір ажырасу көп дейді. ол қайдан? Осы жетіспеушіліктен. Жастар арасындағы ажырасудың басты себебі - материалдық жағдайдың төмендігінен. Жалғыз тұрсам табысым өзіме жетеді деп әрқайсы бөлек кетеді", - дейді Арай.

"Күніге 500 теңге табамын"

"Тұрақты жұмыс таба алмай, қалада 5 жылдан бері жүрмін. Өзім Қандыағаш қаласынанмын. Ол жақта жұмыс жоқ. Ас пісірушілікті оқыдым, тұрақты жұмыс тапқан жоқпын. Мейрамханаларда, кафелерде айлықты көтермейді. Таңға дейін жүргізіп, алдап кетеді. Кафеде айына 35 мың теңгені бірде беріп, бірде бермегесін базарға шықтым. Қазір базарда жүрмін. Күніге 500 теңге табамын. Тапқаным жиналса айына 5000 теңге есепшотқа саламын. Пәтер ақысымен ақшаның басы құралмайды. Жарытып киім де алмаймын", - дейді Ақмарал Шамива.

Пәтер жалдаушы қазақ жастары байларды байытып жатыр

Жекеге жалданып, қара жұмыста жүрген жастар билікке өкпелі.

"Тапқан 60 мың теңгемнің 20 мыңын пәтерге берем, 15 мың теңгені үйге жинап жатқан салымға қосамын. Ақшамызды қолымызға береді. Зейнетақыны қалай алатынымызды білмеймін. Мемлекеттің баспана алу үшін шығарған бір бағдарламасына да ілікпейміз", - дейді Ақдана Ақаева.

Ол өзінің қашан пәтер алатынын санап қойған.

"Қалаға 2003 жылы келдім. 13 жыл бойғы өмірім пәтер жалдаумен өтіп жатыр. 4 жылым оқуға кетті, 3 жыл тұрақты жұмыс таба алмай әр жерде жүрдім. Оқу бітірген жылы шешем "Қалада әкеңнің үйі бар ма, ауылға қайт" деген. Ауылда қалып қойғым келген жоқ. Бірдеңеге ілігермін деп қаладан жұмыс іздедім. Басында айлығым 18 мың теңге болатын. Қазір 50-60 мың теңге тауып отырмын. Мен бір бөлме алу үшін 3 миллион теңгені 43 жасқа дейін жинауым керек екен. Үкімет жастарға жалданбалы пәтерді берсе екі рет шығындалмас едік. Салым мен пәтерге берген ақшаңды үкіметке төлеп отырар едің", - дейді ол байларды байытып отырғанын айтып.

"Қалаға қалай келгенімді айтайын. Келгенде туысымның үйіне екі күн қондым. Содан кейін қарызға пәтер жалдадым. Үйден шешем сұйық май, вермишель, ет, сары майға дейін салып жіберді. Соны қасымдағы қызбен 15 күнге жеткіздім. Әлі есімде ақшамызды міне аламыз деп барамыз, бермейді. Жұмысқа ерте тұрып жаяу барамыз. Үйде жейтін ештеңе қалған жоқ. Құрбым екеуміз желінбей тұрған талқанды қара шайға салып жеп алдық. Қара жұмыс істейміз. Бүгін ақша алмасақ, аштан өлетін шығармыз деп барған күні кешкілік ақша берді. Пәтердің ақшасын төледік. Пәтер иесі де қуанғанынан бізге тауықтың етінен нан салып ет асып берді. Сол кездегі тамақтың дәмі әлі есімде",- дейді Ақдана.

"Жетімнің бәрі өтірікші мен ұрлықшы емес"

Қыздар өздері пәтер жағалап жүріп, жетім қызды да қамқорлықтарына алған.

"Қасымызда жетім балалар үйінде тәрбиеленген Жанат деген қыз бар. Мен ауруханада жатқанда Жайсаңнан келген жетім қызбен таныстым. Ол қиын жағдайын айтты. Көбі жетімдер ұрлықшы, өтірікші болады деп жолатқысы келген жоқ. Көмегім тисе хабарлас деп нөмірімді тастап кеткен едім. Ол "сенімен бірге тұрғым келеді" деп бір айдан кейін хабарласты. Басында 2-3 ай тегін жатты, кейін оны жұмысқа кіргіздік. Біреудің үй қызметшісі болып үш жылдай істейді",- дейді Арай Азикина.

Қыздар жетімдікті көріп өскен ешкімі жоқ құрбыларына да көмектескілері келеді.

"Жанаттың адамгершілігі күшті, ешуақытта сатпайды. Айтпа дегеніңді айтпайды. Біреудің затын қозғамайды. Сыртыңнан әңгіме айтпайды. Қазір жасы 26 жаста. Тұрмысқа шығып еді, енесі оның жетім екенін, бұрын өкпе аурулар ауруханасында жатқанын естіп айырып алды", - дейді Арай.

Тіркеуге тұра алмаған қазақ жалдамалы пәтерде көбейіп жатыр

"Қасымызда тағы бір қыз болды. Аяғы ауыр болғанда жігіті кетіп қалды. 1000 теңге 500 теңгеден жинап босанғанда шығарып алдық. Ол қыз 33 жасқа келгенде көтерген баласын алдыра алған жоқ. Ақшасын баласының жаялығына жеткізе алмай қиналды. Баласы қазір 1 жастан асты, бағып отыр. Өлген жоқ", - дейді қыздар.

Бірін бірі жұбатқан қыздар жалдамалы пәтерде әзілдесіп шаршағандарын басады.

"БАҚ беттері 25 жылдағы Қазақстанның жетістігін жарыса айтып жатыр. Ал біз сияқты қазақ жастары ел тәуелсіздігінің 25 жылдығында неге жетті? Ештеңеге! Сол баяғы қара жұмысшы, пәтер жалдаушы ғанамыз! Қасымызда құрылыста қаншама адам жүр. Бәрі біз секілді пәтер жағалап қаңғып жүргендер", - дейді қыздар.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Тағы оқыңыздар:

Ақтауда зорланған алты жасар қыз бала Астанада көз жұмды

Дариға Назарбаева: Қазақстанда балалар үйі мүлде болмауы керек

Алматы облысында пеш жарылып екі адам қаза тапты

Хиджабтағы алғашқы тележүргізуші Канада эфирінде жұртты өзіне қаратты (видео)

Көпшілік жүз мың жылда бір рет болатын Айдың Қағбаны айналуын тамашалай алды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1324488-pater-zhaghalap-zhurgen-qazaq-qyzdary-zha.html