Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде әкімшіліктің бас маманы 17 жасында алып қашқан әйелін буындырып өлтіре жаздады (фото)

Опубликовано:

Ақтөбеде көмекке мұқтаж жандардың қатарында жүрген 20 жастағы қыз бойжеткен NUR.KZ порталына тағдарын баяндап берді.

Оған өзінен 9 жас үлкен жігіт алып қашып, төрт жыл қорлық көрсеткен. Кәмелеттік жасқа толмай, әкімшілік қызметкерінің әйелі болған бойжеткен бірнеше рет буындырған күйеуінің қолында өліп кете жаздағанын айтады.

«4 жыл бұрын 17 жасымда мені алып қашты. Әрине, келісімімсіз. Мамасы жолға жатып, сол жақта қалып қойдым. Білмеймін, мені ол жақтан алып шығатын адам болмады ма, отбасылық өмірім ерте басталды. Екі айдан кейін той жасады. Ол маған сол кезден бастап қол көтерді. Ата-анам оған тұрмысқа шықтың деп менімен сөйлеспей қалды. Алғашында қызғанып тиісе бастаған кезде жақсы көргендіктен деп түсіндім. Ол үдеп, мені өлімші етіп төрт жыл сабады. Ата-енеммен бірге тұрдым. Маған қол көтеріп жатқанда оның ата-анасы да араша болмайтын. Балаларының мінезін біледі», - дейді Айдана.

Есіктің алдындағы дүкенге шықсам, сол күні айқай болады

Айдана Ақтөбе облысының аудандарының бірінде тұрады. Ол қауіпсіздігі үшін ауылының аты құпия қалғанын қалайды. Өзінен бірнеше жас үлкен жігіт той жасап үйленсе де азаматтық некеде қалған. Айдана бірінші баласын жолдасынан таяқ жеп жүріп түсіріп алған. Қазір екінші рет жүкті. Жүктіліктің алты айлығындағы келіншек жолдасынан қашып жүр.

«Тартатыны, салынып ішетіні бар. Аудандағы әкімдікте бас маман болып істеді. Сөйлескен кезде оны жынды деп ойламайсың. Ол психолог сияқты, кіммен қалай сөйлесуді біледі. Ал маған келген кезде көзі көрмей қалады. Төрт жыл бойы үйінде қамап ұстады десе болады. Есіктің алдындағы дүкенге шықсам, сол күні айқай болады. Қосылған кезде «оқытамын» деп жүрген. Кейін «мен неге оқытуым керек, өзіңнің әке шешең оқытсын» деді. Тек таяқ жеумен келемін»,-дейді ол.

Ауылдағы құқық қорғау қызметкерлері де әкімшілік те қыздың шағымына құлақ аспаған.

Әкім «отбасылық жағдайларыңызды өздеріңіз шешіңіздер» деп шығарып салды

«Бірінші баламды түсіріп тастаған кезде сотқа шағымдандым. Әкімшілік айыппұл жазып берді. Одан ажырасамын деп ойладым. Бірақ, ол «сенен бала қалаймын» деп кешірім сұраған соң, қайта бірге тұрдық. Онда да бір аптадан кейін қайта қол көтерді. Ішкенде көзі көрмей кетеді. Ауылдағы полиция да ештеңе істемейді. Денем көгеріп, бірнеше рет көмек сұрап бардым. Шешем ауылдың әкіміне де апарды. Ол «отбасылық жағдайларыңызды өздеріңіз шешіңіздер» деп шығарып салды. Кеше Ақтөбеде бір айлық мамандар жүргенде келген комиссияға бардым. Оларға жағдайымды айтқаннан кейін әкімшілікте істейтін жолдасымды жұмыстан шығарып жіберді. Ол жұмыстан шығып қалғанын менен көріп, тиісуін қойған жоқ», - дейді Айдана өзінің бірге тұратын жігітінен қорқатынын айтып.

Ата-анам тұқымы жаманның баласын көтеріп жүрсің деп үйге кіргізбеді

«Қазір мен ауылдан қашып кеттім. Ата-анам тұқымы жаманның баласын көтеріп жүрсің деп үйге кіргізбеді. Жолдасым «балаңды түсіріп тастаймын өлтіремін» деп мен іздеп жүр. Ол «ауылдағы інің мен сіңіліңді өлтіремін» деп қорқытып отыр. «Жақсы көремін» деген сөзді айтады. Қайтадан шайып кетеді. Кеткен кезімде жолдасым барлық киімімді жыртып алып қалды. Әлі күнге дейін күздік киімдеріммен жүрмін. Ертең бала болғаннан кейін қалай өмір сүретінімді ойлап, түнімен ұйықтай алмаймын», - дейді жүкті келіншек.

Қалаға қашып кеткен оны жолдасы іздеп келіп, кездесуге шақырған.

Баламды түсіремін деп қылғындырып, одан әрең қашып құтылдым

«Мен оны жақсы көремін. Сондықтан да төрт жыл оның қасында тұрдым. Қашып кеткеннен кейін жақында кездестім. Ол жалынып кешірім сұрағанда кездесуге келіскен едім. Тағы бір таяқ жеп алдым. Баламды түсіремін деп қылғындырып, одан әрең қашып құтылдым. «Басқа біреуге бұйырғанша өле қал. Туғанда баланы алып кетемін. Бала үшін маған қайтып келесің» деп отыр. Оның ұрған жерлері, басым әлі күнге дейін ауырады. Сотқа үстінен арыз жазайын десем ақшам да жоқ. Ауылға барып келуімнің өзі шығын. Аяғым ауыр болған соң еш жер жұмысқа алмайды», - дейді ол материалдық жағынан қиындық көріп жүргенін айтып.

Айдана босанғанға дейін жұмыс істеп ақша жинағысы келеді. Ол қазір босанғанға дейін әйелдерді уақытша қамқорлыққа алатын орталықтың көмегіне жүгініп отыр.

Ауылындағы құқық қорғау қызметкерлері де, әкімшілік те көмектеспеген

«Бұл қыз бізге қиын жағдайда түсті. Біз республикалық комиссияға шағымданғаннан кейін ғана ол жігітті жұмысынан шығарды. Ол адам 17 жастағы қызды ұрлап кетіп, зорлық жасаған. Сылтауратып некеге де отырмаған. Ауылындағы құқық қорғау қызметкерлері де, әкімшілік те көмектеспеген. Ұзын арқан, кең тұсау жүре берген. Неге оның мәселесін сол бойда шешіп бермеген? Неге мұндай адамдар басшылық қызметте жүреді? Кеше әке-шешесінің үйіне барып, жертөледегі банкілеріне дейін сындырып кеткен. Бұл ертең тағы бір сотқа барайын деп отыр», - дейді орталық директоры Таңсұлу Лақова.

Тағы да оқыңыздар:

Назарбаев: Мен билікті балаларыма өткізбеймін (видео)

Жер кодексіне жарияланған мораторий бес жылға ұзартылуы мүмкін

Мұхтар Құл-Мұхаммед елбасының есімін Елордаға беруді қолдауға шақырды

Стриптиз-шоу ұйымдастырған түнгі клуб қарағандылықтардың ашуын келтірді (видео +18)

Дәулет Тұрлыханов 91 тобы туралы: Бұл дауысқа менің қатысым жоқ (видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1327125-aqtobede-akimshiliktinh-bas-mamany-17-zhas/

pixel