RU

Амангелді Айталы: Қуаныш Сұлтановты сыйлаймын да, аяймын да

Депутаттардың елордаға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін берейік деген ұсынысына философия ғылымдарының докторы, профессор, экс-депутат Амангелді Айталы өз пікірін білдірді деп хабарлайды NUR.KZ.

"Ел билеушілерін мақтауға да, сынауға да негіз жетіп артылады. Қазақстан парламентінің Тәуелсіздіктің 25-жылына байланысты Декларациясын бірлескен отырыста қабылдағанын көргенде, 18-ші ғасырдағы француз философы Клод Гельвецийдің көреген сөздері есіме түсті: «Өз билеушілерін бетіне басып сынауға құқы жоқ халықтардың, мақтауға да құқы жоқ. Құлдардың мақтауы ештеңені де білдірмейді».

Біздің осы парламент президентті сынап көрген емес, оны демек оны мақтауға да хұқы жоқ. Себебі әділ сын барды бар деп, жоқты жоқ деп саралап баға береді.

Мен Қуаныш Сұлтановты сыйлаймын да, аяймын да. Ол Дінмұхамед Қонаевты тақта отырғанда мақтап, тақтан түскенде Колбинге ұнаймын деп сынағандардың бірі. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің VІІІ (1987ж.) пленумында іс пен сөздің алшақтығын, саяси сенімнің төмендігі, саяси тәкәпарлық, менмендік, құр мадақ биліктің беделін түсіретіндігін айта келіп, Қуаныш Сұлтанов былай деген еді: «Осы тұста менің ойыма мынадай сұрақ оралады: бірінші басшылықтың атағын аспанға көтерген кім? Көптеген белгілі басшылар, өздері Орталық комитеттің мүшелері, жылдан жылға үдете түсті, әуелі «құрметтіден» бастап, сонан соң не себепті «аса құрметтіге», одан кейін «көрнекті қайраткерге» айналдырды? Халықтың арасында қандай пікір туғызды, жастарға қандай үлгі көрсетті?». («Социалистік Қазақстан», 17март, 1987жыл.)

Ал президентті жарыса мақтаған депутаттар бүгін жастарға қандай үлгі көрсетіп отыр?

«Құлдардың мақтағаны ештеңені де білдірмейді» деген осы емес пе? Қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегіне шын бағасын береді, бірақ жарамсақтардың мақтауын халық қабылдамайды. Президент те қабылдамас деймін. Мақтау психологиялық шегінен шыққанда мадақтаған тұлғаға да жағымсыз пікір тудырады, мақтатып отыр дегендей ой қалдырады, айналып келгенде беделіне де көлеңке түсіреді. Осыдан табынусыз мәдениет болмайды, ал мәдениетсіз табыну қауіп деген сөз шыққан.

Қазіргі жастар ақпараттық заманның жастары, өзімізді өзгемен салыстырып бағалайды, арзан сөзде алданбайды. Тарихи тұлғаның беделін бағалау мен оған табынудың арасын айыра білу саяси мәдениеті бізге жетпей жатыр", - дейді профессор.

Еске сала кетейік, Астанаға Назарбаевтың атын беру туралы ұсыныс көпшілік арасында қызу талқылануда. Бекболат Тілеухан бастаған мәжіліс депутаттары бұл ұсынысты қолдап отыр. Елбасының өзі де осыған қатысты пікірін айтқан болатын.

Ал танымал айтыскер ақын Балғынбек Имашев Астананың атын өзгертуге қатысты өз пікірін білдіріп, бұл бастаманы қолдамайтынын айтқан.

Тағы да оқыңыздар:

Әйнектері шытынаған «Бәйтеректі» жөндеуге 400 миллион теңге бөлінбек

Еуропа лигасының топтық кезеңінде "Астана" алғаш рет жеңіске жетті (видео)

Сапарбаев қыздарын жұмысқа тұрғызу үшін $20 мың пара берген шенеуніктің жазалануын талап етті

Дәрігерлер бір аптаның ішінде аяздан үсіп қалған 20-дан астам адамның аяқ-қолдарын кесіп тастаған

Алматыда трансгендер еркекті көру үшін изоляторда кезекке тұрғандар көбейген (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1328458-amangeldi-aytaly-quanysh-sultanovty-s.html