RU

Шағын серіктестік 25 жылда қалай алпауыт компанияға айналды? (фото)

Ақтөбедегі «Жаңа - Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС 25 жылдан бері ұн өнімдерін дайындап келеді. Ширек ғасыр бұрын кәсібін жаңадан бастаған шағын серіктестік бүгінде үлкен компанияға айналған деп хабарлайды NUR.KZ.

«Жаңа - Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС 25 жыл ішінде алыс және жақын шетелдерге «Granum» брендімен танымал болды.

Зауытта Италияның «Ocrim» және Швецияның «Buhler» компанияларының өнім құндылығын жоймай, сапасын сақтайтын құрылғылары бар. Комбинат тәулігіне 550 тонна ұн өндіріп, жылына 12 мың тонна макарон өнімдерін саудаға шығарады.

Өндірістегі заманауи жабдықтар шетелден арнайы әкелінген.

«Бізде шығарылатын ұн өнімдері Қазақстанның барлық өңірлеріне, сондай-ақ жақын шетелдерге тікелей де, дистрибьюторлар арқылы да жеткізіледі. Біз ынтымақтастық үшін әрқашан ашықпыз. Ұнды дәрумен және минералдармен байыту оған қосымша құндылық береді, соның өзінде ол тұтынушылар үшін бағаға әсер етпейді», - дейді комбинат  директоры.

«Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты» өткен жылдан бастап «Granum» маркасымен танымал. Компанияның осы маркадағы өнімдері  Қазақстан, Ауғанстан, Ресей және Орталық Азия елдеріне кеңінен таралған. Кәсіпорын жоғары сапалы ұн өнімдерін шығаруда «Халық маркасы» сертификатына ие болды.

Өндіріс ошағында жылына 120 мың тонна бидай өңделіп, 90 мың тонна ұн дайындалады. Комбинат жанында макарон фабрикасы да бар. Ақтөбе қаласының сыртында орналасқан мекеме 250 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

«Мекеме алғаш 1983 жылы тек астық сақтау элеваторы ретінде құрылған. 1991 жылы диірмен салынып, ұн шығарумен айналыса бастадық. 1998 жылы «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС болып өзгердік. Кейін микроэлементттерге бай ұнның басқа сұрыптарын дайындауды қолға алдық. Ұннан жасалатын басқа өнімдерді шығаруға да көп көңіл бөліп отырмыз. Комбинат жанынан ашылған макарон фабрикасы соның дәлелі. Қазір мекемеде 250-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Тәулігіне 550 тонна ұн шығарамыз», - дейді комбинат директоры.

Комбинат қызметкерлері ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар дамып келе жатқан кәсіпорында еңбек ететінін мақтан тұтады. Себебі, мұндағы жұмысшылардың жағдайы толығымен жасалған. Жалақы уақытында төленіп, комбинатқа арнайы автобустар қатынайды.

«Біз шығаратын ұн сапасы бойынша Қазақстандағы ең үздік саналады. Өзім бірнеше жылдан бері осы мекемеде жұмыс істеймін. Кішкентай ғана кәсіпорыннан шетелге тауар экспорттайтын алпауыт компанияға айналдық. Бұл жерде алғашқы жылдары элеватордың өзі ғана тұратын. Қазір диірмен, қойма, әкімшілік ғимараты, шағын фабрикаларымыз бар. Мекемеден жұмысшыларды тасу үшін автобустар шығарылған. Жылдың аяғында басшылық үздік жұмысшыларды марапатталады. Жалақымыз дер кезінде қолымызға тиіп, зейнетақымыз да жүріп жатыр», - дейді комбинат қызметкері Айман Қалиева.

Комбинат қаладан 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұндағы жұмысшылардың біразы ауылдан қатынап істейді. Алға, Бестамақ ауылындағы жұмысшыларды тасымалдауға  компания арнайы автобустар бөлген.

«Комбинат тұтынушылардың сұранысына қарай өнімнің жаңа түрлерін енгізуде. «Қазақстанда жасалған» деген арнайы белгі арқылы миллиондаған тұтынушылар өзіміздің өнімдерді танып, экономикалық әлеуетімізді байқады. Өзіміздің экологиялық таза, сапалы өнім шығара алатынымызға көз жеткізді», - дейді компания басшысы.

Комбинатта дәрумендер мен микроэлементтерге байытылған ұнның 4 түрі бар. Нан өнімдерін пісіруге арналған ұн; құймақ әзірлеуге арналған ұн; ыстық тағамдар дайындауға арналған ұн және әмбебап ұн.

Президент «Нұр Отан» партиясының съезінде: «Біз бірінші бесжылдықты индустрияландыру мен өңдеу саласына жатқызғанмен, әлі де экономикалық өсімнің шарықтау шегіне жеткен жоқпыз. Мүмкін бұл тұңғыш рет болғандықтан, басқа кәсіпорындар мен жоспарларды құрған болармыз, бірақ екінші бесжылдық мұндай олқылықтарды жібермей, оларды түзетуі керек, Үкімет бұл мәселені шешуі тиіс. Индустрияландыру  үшін емес, бәсекеге қабілетті өнім шығаруы тиіс. «Қазақстанда жасалған», «Made in Kazakhstan» – міне бізге керегі», - деген болатын.

Бүгінде компания басшылығы елбасының тапсырмасын орындап, халықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп отырғанын мақтан тұтады. Енді комбинат ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жайма жасау цехін қосуды жоспарлап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1328855-shaghyn-seriktestik-25-zhylda-qalay-alpauy.html