RU

Мемлекеттік күзет қызметі қатарына жас сарбаздар қабылданды

Мемлекеттік күзет қызметі өз қатарына жас сарбаздарды қабылдады деп хабарлайды NUR.KZ.

Бүгін Алматыда отан алдындағы борышын атқару үшін еліміздің барлық өңірлерінен шақырылған жастар әскери ант қабылдады.

Бұл шара 1 желтоқсан - Тұңғыш президент күнін және Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында өтіп отыр.

«Соңғы 25 жыл ішінде Мемлекеттік күзет қызметі (бұрынғы Республикалық ұлан – ред.) қатарында 30 мыңнан астам адам мерзімді қызметін атқарған, бүгінде олардың көбісі еліміздің барлық қуатты құрылымдарында отан үшін адал қызмет атқаруды жалғастырып жатыр», - делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.

Қызметтің қатарында алғаш болып борышын атқарған сарбаздардың балалары бүгінгі таңда әскери қызметке шақырылып жатқанын атап өту керек.

«Мысалы, қатардағы жауынгер көкшетаулық Нариман Қорғановтың әкесі Теміржанов Серік Қорғанұлы осыдан 13 жыл бұрын  осы құрылымда мерзімді әскери қызметін атқарған болатын», - дейді баспасөз қызметінің өкілі.

Мемлекеттік күзет қызметінің сарбаздарын әлеуметтік қамтамасыз ету деңгейі басқа әскери құрылымдарға қарағанда жоғары екенін атап өткен жөн.

Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің азық-түлігінің құны 1150 теңгені құрайды. Әскери қызметшілер үш уақыт тамақпен қамтылған. Негізгі азық-түлікпен қатар мәзірге бал, табиғи шырын, жеміс-жидек (алма, банан, апельсин) қосылған екен. Ал, әрбір әскери қызметшінің киім-кешегіне жыл сайын 150433 теңге жұмсалады. Құрмет қарауыл ротасына түскен сарбаздарға арнайы киім мен аяқ киім жеке-жеке тігіледі.

«2016 жылғы күзгі әскерге шақыру нәтижесі бойынша Қызметтің қатарына алынған сарбаздардың сапалық мінездемесі жоғары деңгейде екенін көруге болады. Қатарға алынған 200-ден астам әскери қызметшінің 24 пайызының жоғары білімі бар, ал 56 пайызы орта-арнайы білімі туралы дипломмен келді. Жас сарбаздардың көпшілігі спортқа жақын болып шықты», - деген деректер келтіреді баспасөз қызметінің өкілі.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі – Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге жататын және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік орган.

Қызмет 2014 жылғы 21 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің күзет қызметі мен Республикалық ұланды қосу жолымен құрылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1329239-memlekettik-kuzet-qyzmeti-qataryna-zh.html