RU

Әлем елдері жазасын өтеушілерді қалай тәрбиелейді?

Әлемнің түкпір-түкпірінде жазасын өтеу орындарында отырғандарды тәрбиелеудің, өздеріне де, қоғамға да пайдалы еңбекке тартудың түрлі әдістері бар. Тіпті, жазасын өтеушілер тәп-тәуір табыс әкеліп отырған салалар да баршылық. Ал кейбір мемлекеттерде оларға жеңілдік беріп, мерзімін қысқарту шаралары да қарастырылған.

Осыған орай түрмеде отырғандардың еңбегін пайдаланудың әлемдік тәжірибесінен бірнеше мысалды Егемен Қазақстан басылымы назарларыңызға ұсынады.

АҚШ-та 146 ұйым жазасын өтеушілерді жұмысқа алған

 

Америкада UNICOR атты мемлекеттік компания жазаланушылардың еңбегіне жүгінетін 146 кәсіпорынды біріктірген. Олардың қатарында танымал Motorola, Microsoft, Victoria’s Secret, Starbucks бар. Сонымен қатар қылмыскерлер Нью-Йоркте call-орталықтардың жұмысына, Миссуриде соқыр адамдарға арналған кітап шығару ісіне, Техас пен Вашингтонда полиция қызметкерлеріне арналған құрал-жабдықтар шығаруға жұмылдырылған. Бір айта кетерлігі,  жұмысқа сұхбаттасу нәтижесінде тек үлгілі тәртібі барлар алынады.

Бразилияда жазаланушылар көшені жарықпен қамтиды

Хосе Энрике Маллманн атты судья 2012 жылы Бразиялияның шығысындағы Санта-Рита-ду-Сапакаи түрмесінде көшені жарықтандыру үшін веложаттығу құрылғысын қолдану туралы шешім шығарады. Жазасын өтеушілерге бұл құрылғыларды аптасына 3 рет 8 сағаттан қолдануға рұқсат етілген. Нәтижесінде, 16 сағат педальды айналдырған адамға қамаудағы бір күні қысқартылады. Ал алынған энергия 10 көшенің жарығына жұмсалады. Феникстегі әйелдер түрмесінде де осындай тәжірибе бар.

Бразиялияның кейбір түрмелерінде тоқыма тоқытады

Бразиялияның Жуис-ди-Фора қаласындағы түрмеде сәнді тоқыма киімдер шығарылады. Жұмысқа кез келген қылмыскер өз қалауымен қатысып, сол үшін еңбекақы алады. Кей жағдайда уақытынан бұрын босату қарастырылған.

Кітап оқығандардың мерзімі қысқартылады

The Daily Telegraph газетінің айтуынша, Бразилияның 4 түрмесінде әр оқыған кітап үшін жазасын өтеу уақыты азаяды. Кез келген тақырыпта оқылған 12 кітап үшін әкімшілік жаза 48 күнге қысқарады. Бірақ олар қатесіз әрі сауатты эссе жазу талабын орындауы керек. Әрі жобаға қатысушылар арнайы кеңес шешімімен анықталады.

Италияда да жазаланушылар кітап оқиды

Бразилияның үлгісіне жүгінген Италия да әр оқыған кітап үшін жазаны өтеу уақытын үш күнге қысқартады. Италияның оңтүстігіндегі Калабрияның өңірлік комитеті қабылдаған заң бойынша жазаны жылына ең көбі 48 күнге қысқартуға рұқсат. Олар оқыған кітаптары бойынша міндетті түрде емтихан тапсырады.

Мейрамханада басшылық қызмет атқарады   

Пиза маңындағы 500 жылдық тарихы бар Fortezza Medicea қамалында орналасқан мейрамханада тамақ дайындау, келушілерге қызмет көрсету, тіпті, басшылық қызмет те жазасын өтеушілердің қолында. Сонымен қатар олардың әрқайсысының қасында бақылаушылар жүреді. Келушілер қатаң тексерістен өтеді. Темір пышақ пен қасық, шанышқы пайдаланылмайды. Миланның Болланте провинциясында орналасқан In Galera мейрамханасында да даяшы қызметі қамаудағыларға берілген.

Румынияда кітап жазады

Ресми статистикаға сенсек, 2015 жылы Румыния түрмелерінде жазасын өтеушілер 340 кітап жазыпты. Бұған себеп – елдің заңы бойынша әр баспадан шыққан кітап үшін жазаның 30 күнге қысқартылатыны.

Норвегияда кей жазаланушы 1,7 мың доллар жалақы алады

Ослоға жақын маңдағы аралда  жазасын өтеп жатқан 115 адам орманда және фермада қызмет етеді. Алынған тауар дүкендерге жіберіледі. Олар өз еңбектері үшін 1,7 мың доллар жалақы алады. Тіпті, еңбек демалыстары да бар. Арал ішінде балыққа шығып, шаңғы тебуге, кітапханаға баруға еркіндік берілген.

Перуде жазасын өтеушілер банкте қызмет етеді

Перудың астанасы Лима қаласындағы ең ірі түрмелердің бірінде тек жазаланушылар басқаратын, әрі қызмет ететін банк бар. Ол 3 жылдан артық қызмет етіп келеді. Банктің ұраны – «Сіздің ақшаңыз қауіпсіз жерде тұр. Бұл жерді ешкім тонай алмайды!».

Эстония мен Боливияда киім шығарады

Экологиялық таза материалдардан киім шығаратын Heavy Eco атты дизайнерлік компаниядағы барлық қызметтерді Шығыс Еуропаның түрмелерінде жазасын өтеушілер атқарады. Одан түскен табыс балалар үйі мен жетімдерге көмекке жіберіледі. Себебі бұл елде қылмыскерлердің көпшілігі солардың қатарынан шыққан екен.

Фото: Егемен Қазақстан басылымы:

Тағы оқыңыздар:

Ақтөбеде ойран салған лаңкестер өмір бойына бас бостандығынан айырылды (фото)

Көрермендердің көзінше 5 метр биктіктен құлаған әртіс ажалдан аман қалды

Жаңа Зеландияда оқушылар биік аттракционға ілініп қалды

Жігітке кері әсер беретін 5 нәрсе

Вице-министрдің баяндамасы Владимир Божконың күлкісін келтірді

Байбек Алматыны дұрыстап қардан тазарта алмаған басшыны жұмысынан шығарып жіберді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1331576-alem-elderi-zhazasyn-oteushilerdi-qala.html