RU

ОҚО-да жұрт "жабайы" деп атап кеткен алақандай ауылдың тұрмысы қандай? (фото)

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданындағы Иірсу ауылында небәрі 25 үй орналасқан. Мал бағып, күн көріс қамын күйттеп жүрген тұрғындар таңғы сағат төрт-бестер шамасында күйбең тірлікке кіріседі. Ал қыстың күндері халық көліктерін тастап, атқа мінеді.

Осы ретте өңірдегі  NUR.KZ тілшісі иірсулық тұрғындармен тілдесіп қайтты.

Ақылтай Бердібаев - осы ауылдың тумасы. Ауыл мектебі орналасқан жердің бақшасында білім алғанмын деп әңгімесін бастаған 56 жастағы тұрғын 9 баланың асқар таудай әкесі.

Бүгінде барлық перзенті аяқтан тұрып, жоғары білім алған. 11 немере сүйіп отырған тұрғын соңғы жылдары биліктің ауылға деген көзқарасы жақсарғанын жасырмайды.

«Бұрындары ауылға келіп-кету нағыз азап болатын. Жауынды күндері балшықтан жүріп-тұру қиын еді. Аудан басшылығына рахмет, биыл қаладағыдан кем емес жол салынды. Ауылға қонақ болып келушілер теп-тегіс асфальтты көріп «Тау етегінде жатқан шалғай ауылда да жол бар екен ғой» деп таң қалып жатады. Суымыз, жарығымыз да бар. Енді көгілдір газ жеткізілсе, ауыл халқының арманы болмаушы еді», -  деп халықтың мұңын жеткізді Ақылтай Бердібаев.

Аудан басшылығы ауыл халқының бұл шағымынан хабардар. Тек газбен қамтамасыз етуші мекеме бір ауылда 50 үйден кем болса, газ тарту жұмыстарын жүргізбейді екен. Ауыл тұрғыны өз сөзінде мұнда жұмыс көзі тапшы екенін де ашып айтты.

Халықтың басты күн көріс көзі – мал шаруашылығы. Дегенмен соңғы жылдары ауылға қоныс аударуға ниетті жастар саны артқан. Алайда жас отбасылар өз ісін дөңгелету үшін біраз қиындықтарға тап болады. Тіпті кейбірі ауыл халқын «жабайы» деп те атаған екен.

«Ауылдағы әрбір үйде шамамен 10-15 сиырдан бар. Келіндер әрқайсысынан бір литрден сүт сауып, қаймақ алады. Бізде тек жас отбасылар біраз қиындықтарға кезігіп жүр. Несие алып, кәсібін бастағысы кеп құлшынып тұрғандардың үміті су сепкендей басылып жатыр. Себебі несие берушілер ауыл тұрғындарынан тартынады. «Тауда отырасыңдар, жабайысыңдар» деп қорқады. Біздің кінәміз сонда тау етігін қоныстануымыз ба? Басшылық осы мәселеге көңіл бөлсе деген тілегім бар. Сол жастарға несие берілсе, ауыл ақсақалдары болып біз оларға кепіл болар едік. Әйтпесе халық тұрақтану қиын. Ал халық болмаса, ауыл қайдан дамысын?»,-деді шерін тарқатқан тұрғын.

Ақылтай Бердібаевтың келіні Мағира Сәтбаева аудан орталығының тумасы. Келін боп түскен сәтін есіне түсірген жас келін алғашында талай қиындықты басынан өткергенін жасырмайды.

Тіпті босағаны аттамас бұрын жолдасын мүлдем танымаған да екен. Яғни, ауыл баласы орталықтың қызын алып қашып кеткен. Алғашында қыздың үйіндегілер біраз қарсылық танытқанымен, кейін баталарын беріпті.

«Келін бос түкенімде 19 жаста едім. Жаспын ғой, алғашында ауыл тынысы ерсі көрінді. Сиыр саумақ түгілі, қойдың маңына жолаудан қорқатынмын. Ауланы тазалап жүріп, қойдан қашып жүргенімді көріп, үйдегілер әбден күлетін. Басқа түскен соң, үйренеді екенсің. Енем өте жұмсақ адам болып шықты. Нан жабуды, сиыр, бие саууды үйретіп, ол жұмыстарды тез меңгеріп кеттім. Таңғы сағат төрт жарымда тұрып, он шақты сиыр сауамыз. Кейін өріске кетеді. Қазір еншімізді алдық. Жолдасым екеуміз Түлкібас поселкесіне қоныс аудардық. Демалыс сайын ауылға асығып тұрамыз. Екі балам ата-енемнің қолында»,-деді ауыл келіні Мағира Сәтбаева.

Тау етегінде жатқан Иірсу ауылында жалғыз ғана мектеп бар. Оның өзі тек бастауыш сынып оқушыларына арналған. Бұрындары мұнда 100 балаға дейін білім алса, қазір небәрі 12-ақ ғана оқушы қалған. Оларды 3 қана мұғалім оқытады.

Бастауыш сыныпты бітірген ауыл балалары көршілес жатқан елдімекендердегі мектептерге ауысады. Бірі интернатқа, енді бірі туысының үйінде жатып, білім алуға мәжбүр.

Айтпақшы, қыстың күні бұл ауылға көлікпен келудің өзі қорқынышты. Жолы тегіс болғанымен, теңіз деңгейінен 900-дей метр биіктікте жатқан ауылға шығу қауіпті.

Сол себептен тұрғындар қыс ауасы түсе сала көліктерін төменде жатқан ауылдағы туыстарының үйіне қойып, өздері атқа мінеді.

Тағы бір айта кетерлігі, қыс ауасы түссе, жергілікті тұрғындардан маза қашады. Өйткені ауыл маңына қасқыр жиналып, жорыққа шығады.

Тағы оқыңыздар:

Алматының орталық көшесінде жаппай төбелес болды (видео)

Есікте бір топ жігіт зорлаған қыздың адвокаты: Қазақтың қызы мал емес

Баласын оңдырмай сабаған алматылық ана 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегілетін болды

Назарбаев "Түнгі студияда" қонақта болды (фото)

Елімізде жерді жалға берудің талаптары тағы өзгермек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1331953-oqo-da-zhurt-zhabayy-dep-atap-ketken-ala.html