RU

"Хосписте" өткен бір күн: Айықпас дертке шалдыққандар өмір үшін қалай күреседі? (фото)

Тәніне жазылмайтын дерт жабысып, шарасыз күйге түскен науқастарға қарауға екінің бірінің жүрегі дауаламайды. Бұл жүзі жылы ақ халатты жандардың қызметінің мәні осында. Алматыдағы паллиативтік көмек көрсету орталығына келіп түскен әрбір жан олардың қолдауына зәру.

NUR.KZ порталының тілшілері халық арасында хоспис деп аталып кеткен  мекеменің медициналық қызметкерлерімен тілдесіп, олардың күн-түн демей атқарып жатқан қызметімен танысып қайтты.

Тілшілерді паллиативтік көмек көрсету орталығының директоры Сұлу Садықова күтіп алды.

«Бізде өз ісіне адал, еңбекқор, жанашыр адамдар ғана жұмыс істей алады. Басқалары ұзаққа шыдамайды», - дейді мекеме басшысы.

Хоспистегі күнделікті өмірмен жақын танысу үшін біз бірден науқастар жатқан бөлімшелерге беттедік.

Галина Марьяновна бұл жерде осы мекеме ашылған 1999 жылдан бері дәрігер болып қызмет атқарып келеді. Оның міндеті - науқасты симптомдық белгілері бойынша емдеу.

17 жыл бойы ауыр науқастардың басы-қасында болып, оларға қолынан келген көмегін аямаған дәрігер хоспистен өзге жерге жұмысқа тұруды мүлде ойламапты.

«Бұл - кезіндегі ірі аурухананың орынында қайта жасақталған хоспис. О баста осы жерге жұмысқа тұрғандықтан, басқа жаққа барып жұмыс іздегім келмеді. Үйренген жерім болғандықтан, осында қалып өзімді сынап көрмек болдым. Мұндағы науқастардың жай науқастан айырмашылығы аз, бірақ жағдайы әлдеқайда нашар. Оларға жақсы үміт беретін болжам айтатын кезіміз сирек. Науқастарға жаным ашиды. «Онкология» деген сөзді естісімен мұндай жандарды еш жер қабылдамайтыны түсінікті. Олар хәл үстінде жатса да қалай да бір жерде ем қабылдауы тиіс қой. Бізге келген адамның үйіне кеткісі келмейді. Өйткені мұнда өзі сияқты дертіне дауа таппаған жандар бар. Соларды көрген соң, олардың емделіп шыққанына куә болған соң көңілдері көтеріліп, ынта пайда болады. Ал үйде олар күннен күнге өзін нашар сезіне бастауы мүмкін», - дейді Галина Марьяновна.

Жиырма жылға жуық ауыр науқастарды емдеп келе жатқан дәрігер бастапқыда хосписте жұмыс істеудің қиынға соққанын айтады.

«Біз бәріміз ерте ме, кеш пе о дүниелік боламыз. Мені қойшы, мұнда, тіпті 1-2 жыл жұмыс істеген адамның өмірге деген көзқарасы өзгереді. Осындай кезде «Бұл өмірге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеміз» деген шығыс даналығын еріксіз еске түсіреміз.

Мұнда істеген шынымен де қиын. Жасы келген адамдар хәл үстінде жатып, о дүниеге аттанса ештеңе емес, ал көз алдымызда өзімнің балама татитын жастар кетіп жатса қиналамыз. Бастапқыда маған мұның бәрі ауыр тиетін, қазір үйреніп кеттік деп те айта алмаймын, алайда қазір бәрін басқаша қабылдаймыз. Бізге жас мамандар келеді, бірақ көп ұзамай жұмыстан кетіп жатады», - дейді маман.

Мұндағы медбикелер ара-тұра науқастардың соңғы сапарға аттануының куәсі болып тұрады.

Паллиативтік көмек көрсету орталығы екінші бөлімінің аға мейірбикесі Бибігүл Жарқынқызының осында келгеніне үш жылдан асқан. 30 орындық бөлімшенің мейірбикелері өздігінен жүріп-тұра алмайтын науқастарды тамақтандырып, жараларын таңып, дәрігер белгілеп берген емді уақытылы көрсетіп отырады. Апта сайын оларды жуындырып, тіпті соңғы сапарға аттандыру алдында қажетті барлық тазалық рәсімін өздері атқарады екен.

«Бұл мамандықты өзіміз таңдап алғандықтан біз бәріне төзуіміз керек, науқасқа білдірмейміз, бірақ ішкі дүниеміз алай-дүлей болып жатады. Кейде жұмысқа шаршап келеміз, көңіл-күйіміз болмай жүреміз. Сондай кезде біз негативті көңіл-күйімізді есіктің арғы жағына қалдырып, жұмысқа күлімсіреп кіреміз. Өйткені мұнда бізді науқастар жас балаша күтіп жүреді», - дейді Бибігүл Жарқынқызы.

Хосписте Жаратушымен тілдесуге арналған намазхана мен ғибадат ететін бөлме қарастырылған. Аптасына бір рет мұнда имам мен шіркеу қызметшісі келіп кетеді.

Сонымен қатар бейсенбі сайын мешіттен келетін еріктілер науқастарды шомылдырып, тамақтандырып, медицина қызметкерлеріне қолғабыс жасайды. Одан бөлек науқастардың сақал-мұртын қырып, суға түсіруге көмектесетін бірнеше ерікті ер азамат мұнда жиі бас сұғады екен.

Бұл функционалдық кереуеттерді осыдан екі жыл бұрын Жапония елшілігі сыйлапты.

Александр Михайлович хоспистегі жағдайының жақсы екенін айтады. Ауырып жүрсе де, жанарынан өмірге деген құштарлықты байқадық. Сөз арасында қалжыңдап, жан-дүниесіндегі дертті сыртқа білдіргісі келмейді.

«Бізге мұнда өте жақсы қарайды, артымыздан ыдысымызды жуып, көрпе-төсегімізді жинастырады. Ем-шараны уақытылы қабылдаймыз», - дейді науқас.

Мұнда тағамдық рацион науқастарға жеке-жеке жазылады. Оны дәрігерлер тағайындайды. Ал буфет қызметкерлері сол тағамдарды әр науқастың қалауына сәйкестендіріп, уақытылы таратып отырады.

«Жұмыс болғаннан кейін шаршамаймыз. Аурулардың көңілін аулауымыз керек. Кей кезде басын көтере алмай, төсек тартып жатқан науқастарға қасықпен немесе зонд арқылы тамақтандыру үшін тағамдарды езіп, ұсақтап, әзірлеп береміз. Әрқайсының көңіліне жағуға тырысамыз», - дейді буфет қызметкері Толқын Мустахимова.

Хосписке келген науқас бұл жерден жан тәсілім етпей шықпайды деген пікірге паллиативтік көмек көрсету орталығының қызметкерлері келіспейді. Олар бұл жерде емделіп, жағдайы жақсарып шыққан науқастардың бар екенін айтады.

Хосписке осымен үшінші рет келіп орналасқан Лариса Викторовна мұндағы медбикелерге дән риза. Ол бос жатпай көрсе көз тоймайтын осындай қолөнер бұйымдарын жасауда. Әр келген сайын ол ризалығының белгісі ретінде осында істейтін медбикелерге бір бұйымын сыйлыққа тартып кетеді екен.

Зайни Марденова сөзге жоқ, іске мығым медбике екені бірден байқалады. Осы мекеменің ең алғашқы қызметкерлерінің қатарындағы медбике күнделікті науқастармен жұмыс кәсіптік біліктілікпен бірге психологиялық дайындықты қажет ететінін алға тартады. Мұндағы әр медицина қызметкері хосписте жұмыс істеймін деп мақтанышпен айта алатынына көз жеткіздік.

Бұл хоспис - Қазақстанда ұйымдастырылған алғашқы ірі мекеме. Мұнда қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқастарға арналған бөліммен қатар инсульт, бауыр циррозы сияқты онкологиялық дертке жатпайтын дертке душар болған жандарға арналған гериатрия бөлімі бар.

Өкінішке қарай, бұл ұйым қалалық бюджеттен қаржыландырылатындықтан тек алматылық науқастарды қабылдайды. Мамандар Қазақстандағы қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқастардың санының артуына байланысты алаңдаушылық білдіруде.

Қазақ онкология және радиология институты келтірген деректер бойынша, қазіргі таңда елімізде 156 мың адам жазылмайтын дертке душар болған. Ал жыл сайын қатерлі ісіктен 16 мың адам қайтыс болады.

Тағы оқыңыздар:

Туған ұлының тойынан сыйлықтарды ұрлаған ана қомақты айыппұл төледі

Заманауи шешен тойы қалай өтеді?

Хиджабтағы ару алғаш рет сұлулар сайысына қатысты (фото)

Аты-жөні белгісіз мұсылман көп балалы анаға барлық жағдайы бар баспана сыйлады

Көкшетауда бесінші қабаттан құлаған ер адам қаза болды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1333052-dertine-daua-tappaghan-zhandardynh-zhan-zh.html