RU

Асқан қатыгездікпен өлтірілген үш ағайындының туыстары өлім жазасын талап етті

Алматы облысында ағайындыларды айуандықпен өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты деп хабарлайды КТК арнасы.

Үш бірдей азаматты қасақана атып, артынша мәйіттерін айдалада қалдырып кеткен Талғат Сүлейменовке өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасы кесілсе, ал оған қолғабыс еткен екінші қандықол – Мұрат Оңалбаев 25 жылды арқалады.

Сондай-ақ, қылмысты көре тұра, оны ешкімге айтпаған малшы да тиісті жазасын алды. Бірақ мал үшін адам өлтіргендер үкім кезінде де міз бақпады.

Қырық бас сиырға қызығып, қылмысты жасағандар да, оны жасырған да жазадан сытыла алған жоқ. Малға қызығып адамды қинап өлтіргендер ең ауыр баптар бойынша жазасын алды. Аса айуандықпен адам өлтірді деп айыпталғандар бұл жолы да жайдары. Кісені шешіліп, біраз еркін отырды. Тек үкім оқылғанда барып басын көтеруге де шамасы келмей қалды.

Басты айпталушы – Талғат Сүлейменовті сот 5 бап бойынша кінәлі деп тапты. Қарақшы бастапқыда біраз әрекетін мойындамаған. Бірақ марқұмдарды атқан қару қылмыстың барлығын әшкерелеп берді. Осылайша, арам пиғылын алдын ала ойластырған Сүлейменов лаңкес Күлікбаев жатқан колонияға жіберілді.

Ал оның сыбайласы Мұрат Оңалбаев болса бақандай 25 жылға қатаң режимдегі түрмеге жабылды. Қанды қылмысты жасырып қалған малшы да тиісті жазасын алды. Сот оны төрт жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ та мал үшін адам өлтіргендер үкім кезінде де міз бақпады. Есесіне, әйелдері соттан еңіреп қайтты.

Ал аналары болса ашуланғаннан тіпті журналистермен жұлыса жаздады.

"Одан әрі құрысын! Кет әрі басымды ауыртпай! Жоғалшы! Жұлдыз қылдыңдар ғой жетеді сол", - дейді тілшілерге сотталушылардың туыстары.

Ал марқұмдардың туыстары үкіммен тіпті келіскен де жоқ. Үш бірдей ер азаматынан айырғаны үшін ашынған олар ату жазасын сұрады.

"Үлкені кешке дейін зарығып жылаумен отыр. Кішкентайлар ес білмейді ғой. Атсын азғындарды", - дейді марқұм Ж.Долданның жесірі Майраш Саттархан.

Өмірбақи бас бостандығынан айыру жазасымен келіспеген марқұмдардың туыстары енді апелляцияға жүгінбек. Естеріңізге салсақ қанды қылмыс қыркүйекте болған. Ұзынағаштың мал базарынан үш жігітті малымен алдап шығарғандар, артынша Жарқынбек, Қаділбек, Мұқият есімді үш ағайындыны аулаққа апарып айуандықпен өлтірген еді.

Тағы да оқыңыздар:

"Хосписте" өткен бір күн: Айықпас дертке шалдыққандардың өмір үшін күресі (фото)

«Шымбұлақ» тау шаңғы курортында демалу қымбатқа түспек

Әйгілі «Дордойдың» шатыры құлап, екі отандасымыз зардап шекті

Нұрсұлтан Назарбаев "Түнгі студияда" бақыттың не екенін айтып берді (видео)

Діни басқарма Мұхамеджан Тазабековке қатысты пікірін айтты

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1333366-almaty-oblysynda-asqan-qatygezdikpe.html