RU

Қайырымды жастар екі бүйрегі істен шыққан 11 жасар қызға 12 млн теңге жинап берді (фото)

Алматыда еріктілерден құралған "Қайырымды жандар" тобы екі бүйрегі бірдей істен шыққан 11 жасар бүлдіршінге 12 миллион теңге жинап берді деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Жанель Жайлауова 11 жасар бүлдіршін. Туғанынан жүрегінде ақауы бар қыз үнемі дәрігерлердің бақылауында болып, жыл сайын міндетті түрде ауруханада емделіп шығатын. Алайда, 5-сыныпқа дейін әупірімдеп мектепке барып, сабағынан қалмай жүрген Жанель үшін 6-сынып көңілсіз басталды. Себебі, дәрігерлер қайта-қайта құсып, әлсірей бастаған Жанельдің екі бүйрегі істен шыққанын айтқан.

Бұл әкесі қарапайым ғана күзетші, ал анасы үй шаруасында отырған отбасы үшін үлкен соққы болды. Дәрігерлер Жанельдің еміне 12 млн теңге көлемінде қаражат кететінін хабарлады. Жалғыз жалақыға қарап күн көріп отырған отбасыға мемлекет тарапынан да, қалталы азаматтардан көмек болған жоқ. Бұл қарапайым ғана отбасының күйзелісін одан әрі арттырып жіберген еді.

Қызының еміне жанұшыра дауа іздеген Ақмарал Жақсылықова қызының сыныптасы арқылы әлеуметтік желідегі белсенді топ мүшелерін тауып алады. Instagram парақшасында "Қайырымды жандар" атымен тіркелген топ мүшелері алғашында дәрі-дәрмегі үшін 200 мың теңге болса да жинап берелік деп, белсене кірісті.

Олар Жанельдің емі үшін күннің суықтығына қарамай көшеде жүріп алма, картоп, тосап сатты. Тіпті, өздері пісірген тағамдардан жәрмеңке жасап, халықты Жанельдің өмірін құтқарып қалуға шақырды. Түрлі концерттік бағдарламалар өткізіп, кішкентай қыздың өмірін сақтау үшін қолдан келгеннің барлығын жасады деуге негіз бар.

Кейін Жанель Жайлауованы құтқаруға Алматыдан бөлек Шымкент, Ақтау, Жезқазған қалаларындағы ерікті студент жастар жиналып, барлығы 2 айдың ішінде 12 млн теңге жинап берді.

"Біз ешқандай да қоғамдық ұйым емеспіз. Біздің басты мақсатымыз - халықты қайырымдылыққа шақыру. Осы орайда студент жастар көшеде жүріп Нарынқолдың картобын сатты. Тәтті тосаптар мен тонналаған алма сатты. Біз барлығының бағасын көтеріп саттық. Әйтпесе, Жанельдің еміне қажетті қаражат жиналмай қалуы мүмкін еді. Кейін 5 түрлі шот пен Киви-кошелек ашып, халықтан жылу жинадық. Сондай-ақ, барлығы заңды түрде болуы үшін Жанельдің анасы Ақмарал Жақсылықовамен келісімшарт жасастық. Бұл біздің жиналған ақшаны ешқайда жұмсамай, тек Жанельдің еміне аударатынымыздың тікелей дәлелі", - дейді топ жетекшілерінің бірі Мәулен Алғазы.

Осылайша, Мәулен Алғазы мен Торғын Асан бастаған "Қайырымды жандар" тобы 11 жасар Жанельдің емі үшін 12 миллион теңге жинап берді. Оның 10 миллионын еріктілер жинаса, 2 миллион теңгені еріктілердің өтінішімен тағы бір қайырымдылық қоры аударған. Қайырымды жандар БАҚ өкілдерінің көз алдында 12 миллион теңгені Жанельдің анасы Ақмарал Жақсылықованың шотына аударды.

Жанельге алғашында Израильде ота жасалады деп хабарланған болатын. Алайда, доллар бағасының өсуіне байланысты шетелдік дәрігерлер отаның бағасын тым қымбаттатып жіберген. Сол себепті, 11 жасар бүлдіршінге ота Алматыда жасалады. Жанельге аталас туыстарының бірі донор болуға келіскен. Бүгінде донор болатын азаматшаның денсаулығы қатаң тексеріліп, Жанель ота алдындағы тексерулерден өтіп жатыр.

"Қызымның қуанышында шек жоқ. Болашақта дизайнер боламын деп армандайды. Сіздер сияқты қайырымды жастарға алғысым көп", - деп толқыды Жанельдің анасы.

Қайырымды жастардың айтуынша, қымбат киініп, әмиянын ақшаға толтырып алған жандардан гөрі қарапайым адамдардың көмек созған сәті көп болған.

"Қымбат киініп, әмиянын толтырып алғандардың 200 теңге беріп кеткенін көрдік. Ал қарапайым ғана адамдар 5000 теңгеге дейін беріп кетті. Бұл қайырымдылық үшін қандай да бір статустың керек еместігін көрсетеді", - дейді еріктілердің бірі.

Тағы оқыңыздар:

"Байтерек Development" АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы ұсталды

Маңғыстауда жоғалып кеткен ер адам туралы ақпарат берген адамға 1 млн теңге сыйақы берілмек (фото)

Экс-премьер Серік Ахметовке рақымшылық жасалуы мүмкін

Роналду ұшақ апатынан қаза болған футболшылардың отбасынан ақшасын аямады

Бразиялық қақпашы 76 адам қаза тапқан ұшаққа отырмай қалай ажалдан аман қалды?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1334276-qayyrymdy-zhastar-eki-buyregi-isten-shy.html