RU

Күйеуінен әбден қорлық көрген келіншекті ата-анасы қолындағы ауру сәбиімен үйіне кіргізбей қойған

Ақтөбеде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегіп жүрген әйелдердің тағдырына алаңдағандар бас қосты.

Әкімшілік жанындағы отбасылық-демографиялық саясат, әйелдер құқын қорғау инспекторы, дағдарыс орталықтарының басшылары күйеуінен таяқ жеп жүрген әйелдердің азаймай отырғандығына алаңдады деп хабарлайды NUR.KZ.

Әйел тағдыры талқыға салынған жиында 22 жастағы келіншек 5 жылғы отбасылық өмірін көптің алдына шығып баяндап берді.

«Мен 16 жасымда тұрмысқа шықтым. Басында бәрі жақсы болды. Үш ай бірге тұрғаннан кейін ол маған қол көтере бастады. Бес айдан кейін менің ата-анамның алдына кешірім сұрауға бардық. Менің әке-шешем ол адамға тұрмысқа шығуыма қарсы болды. Себебі, жолдасымның ата-анасы ішімдікке тәуелді адамдар болатын. Мен үйдегілерге ол адамды шексіз жақсы көретінімді түсіндірдім. Оның ата-анасымен емес, баласымен отбасы құрғым келетінін, одан кетпейтінімді айттым. Әкем «Ата-анасы қандай болса, баласы да сондай болады» деп бірнеше рет айтқан болатын. Мен өз білгеніммен кеттім», - дейді Шолпан.

Көзінің жасы парлап тұрған келіншек қорғансыз күйде тағдырын баяндап берді.

«Жолдасыммен пәтерде тұрдық. Қаншама қара жұмыс жасадым. Қалада жұмыс істемеген жерім жоқ. Пәтер ақысын әрең тауып тұрдық. Кейін мен оның анашаға тәуелді екенін білдім. Ұрып, қыстың кезінде үйден қуып шыққан кездер болды. Баратын жер таба алмай талай түнді далада өткіздім. «Сен бедеусің бала туа алмайсың» деп талай рет далаға қуып жіберді. Ақша болмай қалған уақытта пәтер ақысын әкеме айтпай, шешемнің төлеген кездері болды. Сондай қиын күндердің бірінде аяғымның ауыр екенін білдім. Қуаныштан жүрегім жарыла жаздады. 5 жылдан кейін көтеріп тұрған сәбиім ғой ол менің», - дейді келіншек өксігін баса алмай жылап.

«Мен жаңалықты айтқанымда ол маған «ешқандай баланың керегі жоқ, сен ол баланы алдыртасың» деп қол кетерді. Әке-шешеме қайтып барып едім олар кіргізбеді. Шамалы уақыт құрбымның үйінде тұрған кездерім де болды. Жүктілік кезім одан таяқ жеумен өтті. Ішімдегі сәби 8 айға толғанда ол мені өлімші етіп сабап, ауруханаға түстім. Жансақтау бөлімінде 1 ай жатқанымда мені ешкім іздеп келген жоқ. Балаға ауа жетпеген соң дәрігерлер ота жасау арқылы босандырып алды. Баламның басы үлкен, денсаулығында ақау бар. Күйеуім 4 жылға сотталып кеткен болатын. Ауру баламен қайда барамын деп ойладым. Үйдегілерге хабарласқанымда анам: «Қызым ренжіме, мен де сені жақсы көремін, әкеңнің ренжитіндігіне байланысты мен сені үйге кіргізе алмаймын», - деген анасының сөзін естіген жас ана "баламен қайда барамын" деп басым қатқан.

"Баламен қайда барамын деп басым қатты. Баладан бас тартып, балалар үйіне тапсырдым. Балам қасымда болмаған екі ай уақытта есеңгіреп қалдым. Ұйықтасам оны түсімде көремін. 5 жыл күткен баламды ол жерге тастай алмадым. Ақтөбедегі «Аналар үйі» орталығына барып, көмек сұрадым. Таңсұлу апайдың арқасында қазір балам қасымда. Оған 9 ай болды.

Мен әлі де алдағы өмірімнен қорқамын. Болашағым анық емес. Баламның әкесі желтоқсанда түрмеден босап шығады деп естідім. Балам бақытты болса екен деп ойлаймын. Не істеу керегін білмеймін. Мен алмаған білімді балам алса екен деп армандаймын», - дейді келіншек.

Жиын барысында кәсіпкерлердің қолдауымен Ақтөбеде күйеулерінен таяқ жеп, баратын жер таба алмай жүрген келіншектерге арналған дағдарыс орталығының ашылатындығы хабарланды.

Тағы оқыңыздар:

"Байтерек Development" АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы ұсталды

Маңғыстауда жоғалып кеткен ер адам туралы ақпарат берген адамға 1 млн теңге сыйақы берілмек (фото)

Экс-премьер Серік Ахметовке рақымшылық жасалуы мүмкін

Роналду ұшақ апатынан қаза болған футболшылардың отбасынан ақшасын аямады

Бразиялық қақпашы 76 адам қаза тапқан ұшаққа отырмай қалай ажалдан аман қалды?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1334372-kuyeuinen-abden-qorlyq-korgen-aqtobe.html