RU

Шымкенттік ана кішкентай ұлының ВИЧ жұқтырғанын естігенде "өмірден түңіліп кеткен"

Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 11-12 жасар 59 балаға ВИЧ жұқтырғаны айтылған. Алда 102 балаға ВИЧ жұқтырғанын естірту және оларға қолдау көрсету жұмысы тұр деп хабарлайды Азаттық.

Мамандардың айтуынша, көршілес Ресейде ВИЧ жұқтырған балаға сырқатын жеті-сегіз жасында естірту тәжірибесі қабылданған. Ал Қазақстан мамандары бұл межені 11-12 жас деп бекіткен.

2006 жылы Шымкент ауруханасында 200-ден астам балаға ВИЧ вирусы жұққан еді. «Дәрігерлер ісі» бойынша 21 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Қазір сол балалардың негізгі бөлігі 11-12 жасқа толды.

Оңтүстік Қазақстан облысының (ОҚО) тұрғыны 34 жастағы Гүлзира (аты өзгертілді – ред.) қазір беске толған баласы Ерболдың ВИЧ жұқтырғанын естігенде «өмірден түңіліп кеткен». «Әлсіреп, басым айнала берген соң дәрігерге бардым. Дәрігер тексере келе ВИЧ-ке қан тапсыруымды сұрады. Анализ қорытындысын естігенде талып қала жаздадым. Ол кезде Ербол үш айлық еді. Емізулі балама ВИЧ менен сүт арқылы жұқты» дейді ол.

"Жүкті кезімде де, перзентханада да анализдерде ВИЧ болмады. Сөйтсек, жолдасым қайдан жұқтырғанын білмейді, осы ауруды алып келіпті. «Мені аямасаң да, балаға жаның ашыса нетті? Неге айтпадың? Баланы сақтап қалар едік қой» деп сөктім. Бірақ бәрі кеш еді", - дейді Гүлзира көңілі түсіп.

Қазір Ербол күнделікті арнайы дәрілерін ішеді. Кейде ол «неге дәрі іше беремін?» деп сұрайды. Гүлзира «витамин, мықты боласың» деп алдаусырататындарын айтады.

"Ауылдағы балабақшаға барып жүрміз. Оның ауруын балабақша медбикесі ғана біледі. Түсіністікпен қарайды-ау деген бес-алты туысқа айттық. Әпкем «маңдайыңның соры қалың екен» деп жылады. Қалғаны үнсіз егілді. Басқа ешкімге тіс жармадық. Құпия сақтап келеміз", - дейді Гүлзира.

Бірақ ол балаға ауруын уақыты келгенде айту керек екенін біледі.

"Естіртетін кезде мамандарға жүгінетін шығармыз. Әйтпесе, бұл туралы өзіміз айтуға беттей алмайтын сияқтымыз", - дейді Гүлзира.

Шымкенттегі «Ана мен бала» оңалту орталығы психологы Ұлбосын Әбдірайымованың айтуынша, ОҚО мамандары «2007 жылдан бері 85 балаға, соның ішінде биыл 56 балаға ВИЧ жұқтырғанын естірткен. 2016 жылдың желтоқсан айы мен 2017 жылы 102 бала ВИЧ жұқтырғанын естуі керек». Ол«ВИЧ жұқтырғанын бала 11-12 жасында білгені дұрыс. Балаға жеңіл тиеді. Өтпелі кезеңде білсе, тұйықталып алуы мүмкін» дейді.

"Естірту кезінде көбіне ата-аналар қатыспайды. Эмоция білдіріп қоямыз деп қорқады. Мысалы, диагнозы айтылған кезде ата-анасы жылап жіберсе, бала ауыр қабылдайды. Сондықтан тек мамандар отырып, түсінікті етіп, артық сөз қоспай жеткіземіз. 11-12 жасында айтылса, шала түсінеді. Көбі ауру туралы білмейді. Түсіндірген соң өз денсаулығына жауапты қарай бастайды. Сосын тепе-теңдік принципін ұстай отырып, балаларды кездестіріп, бір жыл шамасында жұмыс істейміз. Түсініп, бейімделуін күтеміз", - дейді маман.

Психолог балаға сырқатын естірту шарасының жағдайды бұрыннан білетін ата-аналардың өздеріне де қиын тиетінін айтады.

"Баланы қорғағысы келеді. Балалық шағын аяп, «есейе түссін» дейді. Ата-аналар бойында әлі күнге қорқыныш бар. Шеттетуге ұшырап қалудан қорқады. Ұзақ уақыт ойланады, ақылдасады. Сондықтан, естірту үшін ата-анадан міндетті түрде қолхат алынады. Ал кеш естіген балалармен бір жыл емес, үш жыл жұмыс істейміз, ондай тәжірибемізде болған", - дейді маман.

Психологтың сөзінше, оңалту орталығы биылға дейін жылына үш-төрт баланың ғана диагнозын естіртіп келген. Биыл 59 бала естіген. Енді желтоқсан айы мен 2017 жылы 102 баланың жасы жетеді. Олардың көбі 2004-2005 жылы туған, 2006 жылы ауруханада мамандар салақтығы кесірінен жаппай ВИЧ жұқтырған балалар.

Тағы оқыңыздар:

Байқоңырдан ғарыш жүк кемесін тиеп ұшқан зымыран апатқа ұшырады (видео)

Назарбаев: Бақытты болу үшін президент атану шарт емес

Путин мен Назарбаев қырғыз басшысынан биліктен кетпеуін сұраған

Атыраулық жігіт сүйіктісін ренжіткен колледж оқушысын пышақтап тастады

Қазақстан құрамасы моңғолдарды жеңіп, "Еуразия барысы" атанды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1335384-shymkenttik-ana-kishkentay-uylynynh-vich.html