RU

Назарбаевтың мақтауына ие болған шымкенттік кілемдерге Англия мен Швеция елдері көз тігуде

Шымкентте еліміздегі ең сапалы кілемдерді шығаратын "Бал Текстиль" фабрикасы жұмыс істеуде. Бүгінде фабриканың сапалы өнімдері алыс-жақын шетелдердің нарығын да бағындыра бастады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкенттегі «Бал Текстиль» кілем фабрикасына жасаған сапары сұраныстың артуына септігін тигізді. Президент жауаптыларға арнайы тапсырыс беріп, мемлекеттік тапсырыс аясында сатып алынатын тауарлар арасында дәл осы кілемдер болуын қадағалаған.

Одан бері екі жылдан астам уақыт өтті. Өндіріс орнының қазіргі жағдайы қалай?

Бұл сұраққа жауап алу үшін NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі кілем фабрикасына арнайы барып қайтты.

«Бал Текстиль» кілем фабрикасы Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Өз жұмысын 2014 жылдың сәуір айында бастаған фабрикада қазіргі таңда жіп иіру цехы да бар. Яғни, қажетті жіп фабрика ішінде өндіріледі. Отанымызда шикізат көзі болмағандықтан олар шетелден импортталады.

Мәселен, Ресей, Түркия, Үндістан, Бангладеш елдерінен жеткізіледі. Фабрика құрылғылары шетелден әкелінген. Бір қызығы, олардың барлығы автоматтандырылған. Егер қандай да бір ақау шықса, мәселен, жіп үзілсе, құрылғы жұмысын тоқтатып, белгі беріледі.

Фабрика кілемдерінің дизайнын 20 маманнан тұратын арнайы топ жасайды. Қазақстан бойынша 400-ден астам сауда нүктелерінде «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар «Бал Текстиль» өнімдері сатылады. Басым көпшілігі оңтүстікпен қатар еліміздің батыс, солтүстік аймақтарында орналасқан. Фабриканың 30 пайызға жуық өнімі Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжанға және де Англия мен Швеция елдеріне экспортталады.

Фабрика басшылығы өз өнімдерінің нарықтағы бағасын үнемі назарда ұстап отырады. Өйткені арадағы делдалдар бағаны бірнеше есе қымбаттатса, сатылымға әсері тиеді дейді олар. Егер бағаны тым қымбаттатқандар анықталса, оларға шара қолданылып, тіпті келісімшарт бұзылуы да мүмкін.

Кілем фабрикасы тәулігіне 3000 шаршы метрден бастап 15 мың шаршы метрге дейін кілемдерді тоқып шығарады. Фабриканың атқарушы директоры Жомарт Керімшеев өнім көлемі тапсырыс берушінің қалауына байланысты дейді. Яғни, кейде тапсырыс беруші жұқа әрі жеңіл кілемдерге тапсырыс береді, оны тоқуға аз уақыт жұмсалады. Ал қалың кілемдердің жұмысы қиындау. Фабрика жылына 5 млн шаршы кілем шығаруға қауқарлы.

Айта кетерлігі, «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен сатылымға шығып жатқан шымкенттік кілемдерге сұраныс елбасының фабрикаға жасаған сапарынан соң күрт өскен. Себебі президенттің өзі «Бал Текстиль» өнімдерін ұстап тұрып жауаптыларға мемлекеттік тапсырыс аясында осы фабрика өнімдерін алу қажеттігін тапсырыпты.

Одан өзге осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі (автор: бүгінде Ауыл шаруашылық министрі әрі Үкімет басшысының орынбасары) Асқар Мырзахметов кілем фабрикасына арнайы келіп, ұлттық нақыштағы қос бірдей кілемді өз үйіне сатып алған екен.

«Еліміздің небір атқамінерлері бізге жиі бас сұғады. Сатып алып жатқандары да баршылық. Асқар Мырзахметов ағамыз әрқайсысы 70 мың теңге тұратын екі кілем сатып алды», - деді атқарушы директор.

Тағайындалғанына көп уақыт өте қоймаған Оңтүстік Қазақстан облысының қазіргі әкімі Жансейіт Түймебаев болса, фабрикаға екі рет барып үлгерген. Тек екеуінде де арнайы қонақтармен танысқан. Түймебаев мырза алдағы уақытта фабрикаға арнайы өзі бас сұғып, жұмысымен танысатынын айтқан. Алайда аймақ басшысы ол уәдесін әлі орындай қоймапты.

Атқарушы директор халықтың әлі де болса отандық өнімге деген сенімсіздігі барын жасырмайды.

«Нарықта түркиялық, ирандық кілемге деген сұраныс жоғары. Себебі халық шетелдік өнім сапасына күмән келтірмейді. Мен оларға айтар едім, біздің де кілемдердің сапасы олардан кем түспейді. Өйткені барлығының шикізаты бір. Сонымен қатар біз тапсырыс берушінің тілегіне қарай кілемдерді тоқимыз. Және де кейде «сендер кілемді шетелден алып келіп, жай тауар таңбасын жабыстырып қоясыңдар» дейтіндер де табылады. Біздің фабрикаға келген адам жіптің шығарылуынан бастап, кілемнің тоқылу процесін өз көзімен көре алады», - деді Жомарт Керімшеев.

Айтпақшы, фабрика өкілі еліміздің оңтүстік аймағында көлемі үлкен кілемдерге сұраныс көп дейді.

Тағы да оқыңыздар:

Біреудің отбасын бұздың деп "Кешью" әншісін айыптағандар оны жерден алып, жерге салды (фото)

"Ақтөбе" клубын украиналық маман жаттықтыратын болды

Кәмпит жегісі келген ұры дүкенге қарумен шабуылдады (фото)

Оралдың қақ ортасындағы екі қабатты үй құлағалы тұр

Алматыда пәтерлерін су басқан жұрт Байбектен көмек сұрады

140 тонна улы зат тиелген ресейлік танкердің Ақтау портына шығып кетуі экологтарды шошытты

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1336490-nazarbaevtynh-maqtauyna-ie-bolghan-shym.html