RU

Каримовтің көлеңкесінде жүрген Мирзияев отбасымен сайлауға келді (фото)

Өзбекстан азаматтары желтоқсанның 4-і күні президент сайлауына дауыс берді. Елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтің орнын үкімет басшысы Шавкат Мирзияев басады деген болжам басым.

Орталық Азиядағы постсоветтік мемлекеттер арасында халқының саны бойынша алда тұрған Өзбекстан азаматтары соңғы 27 жыл авторитарлық тәсілмен ел басқарған, қыркүйектің басында 78 жасында қайтыс болған Ислам Каримовтен соң бес жыл мерзімге президент болатын келесі адамның билікке келуіне дауыс берді.

Өзбекстандағы 9 мыңнан астам сайлау учаскесінде дауыс беру жексенбі күні таңертең жергілікті сағат 6-дан басталды. Арада бес сағат өткенде Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың 33,77 пайызы дауыс бергенін жариялап, «сайлау заңды күшіне ие» деп мәлімдеген.

Олардың бірсыпырасы президент сайлауына алдын ала, қарашаның 24-інен бастап дауыс беріп тастаған.

Өзбекстан заңы бойынша, сайлаушылар тізіміне енген азаматтардың 33 пайызы дауыс беруге қатысқан жағдайда сайлау өткен болып саналады.

Президент сайлауы өткен күні шетелдегі өзбекстандық сайлаушылар дауыс берген 44 сайлау учаскесінің бірі Алматыдағы Өзбекстан елшілігінде ашылған.

Президенттікке кандидаттар

Президент сайлауына түскен төрт кандидаттың арасынан сайлау науқаны барысында өзгелермен салыстырғанда белсенділігі ерекше көзге түскен қазіргі премьер-министр әрі президент міндетін атқарушы 59 жастағы Шавкат Мирзияевтің жеңіске жететініне талдаушылар шек келтірмейді.

2003 жылдан бері үкіметті басқарып келе жатқан Мирзияев бұрынғы президент Каримовтің саяси бағытын ұстанатынын мәлімдеген.

Үкімет сыншыларының кейбірі Мирзияев билігінің Каримов кезіндегіден өзгешелігі болмайды деп санайды. Шетелде тұратын кей өзбек диссиденттері Шавкат Мирзияев экономикалық реформалар жүргізіп, бұрынғыға қарағанда біршама еркіндікке жол ашады деп үміттенеді.

Сайлау бюллетеніне президенттікке кандидат ретінде тағы үш адамның аты-жөні енгізілген - Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясынан ұсынылған Хотамжон Кетмонов, «Милли тикланиш» («Ұлттық жаңғыру») партиясы үміткері Сарвар Отамурадов және «Адолат» социал-демократиялық партиясынан түсіп жатқан Наримон Умаров. Үшеуі де үкіметті қолдайтын адамдар.

Каримовсіз Өзбекстан

Шавкат Мирзияев президент міндетін атқаруға кіріскен күні Өзбекстанның ешқандай халықаралық әскери одаққа қосылмау, өз жерінде ешбір елдің әскери базасын және шетелде өз әскери базасын орналастырмау саясатын жалғастыратыны туралы мәлімдеген.

Өзбекстанда ширек ғасырдан астам уақыттан бері алғаш рет Ислам Каримовсіз өтіп жатқанымен, президенттік сайлаудың өту барысында бұрынғылардан айырмашылық байқалмайды.

Мемлекеттік ақпарат құралдарында Ислам Каримовтің ізбасары ретінде сипатталған Шавкат Мирзияевтың елді аралап, сайлаушылармен өткізген кездесулері кеңінен көрсетілді. Ол жиындарда елдің экономикалық дамуының болашағы сөз болғанымен, адам құқықтары мен бостандықтарының жайы, демократиялық сипаты бар өзгерістер жасау туралы ешнәрсе айтылмады.

Орталық сайлау комиссиясы жексенбі күні сағат 20.00-да сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталғаннан кейін Өзбекстан президент сайлауының алғашқы алдын ала нәтижесін жарияламақ.

Өзбекстан конституциясы бойынша мемлекетте жоғарғы билік президент құзырына берілген. Негізгі заңға соңғы енгізілген өзгертулерге сәйкес, президент бес жыл мерзімге сайланады және бір адам қатарынан екi реттен артық президент болып сайлана алмайды.

Тағы оқыңыздар:

Алматы облысында жас жігіт үш адамды бірдей мүгедек атандырған

Екі сөздің басын біріктіре алмаған шымкенттік шенеунік ұятқа қалды (видео)

КСРО құжатымен жүрген ақтөбелік ерлі-зайыптылар Қазақстан азаматы болуды армандайды

Ақмола облысындағы жантүршігерлік жол апатынан төрт адам қаза болды

Қадыров қаза болған мас жүргізушілерді діни рәсіммен жерлеуге тыйым салды

85 жастағы кейуана мешіт салдыру үшін зейнетақысын тиындап жинаған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1337180-karimovtinh-kolenhkesinde-zhurgen-mirz.html