RU

Мұрат Исаханов: «Бала дауысы» телевизия саласында ұлттық брендке айналуы тиіс

Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының бастамасымен мамыр айының 14 –ші жұлдызында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған І Ұлттық «Бала Дауысы» балалар ән байқауының тұсаукесері өтті.

Балалар ән өнерінің дамуына үлес қосу мақсатында өз жұмысын бастаған жоба 14-ші қараша күні мәресіне жетті. Үздіктер арасынан оза шыққан жеңімпаздар анықталды. Жарты жылға жуық уақытқа созылған жоба биылға тәмам. Осы орайда «Жандану әлемі» қорының басқарма төрағасы Мұрат Болатұлы Исаханов өткенге шолу жасап, байқауға қатысты келешек жоспарлармен бөлісті.

 - Ел Тәуелсіздігімен тұспа-тұс келген «Бала дауысы» балалар ән байқауы жайында естіп-білгенімізге біршама уақыт өтті. Асыға күткен суперфинал да соңымызда! Дегенмен де, жобаның бастау алған кезеңінен бастасақ...

- Біріншіден, «Бала дауысы» - «Жандану әлемі» қорының ұйымдастырылуымен өткізілген шаралардың бірі әрі бірегейі. Және еліміздегі өзге де балалар ән байқауынан бірден-бір ерекшелігі – ұлттық жоба екендігінде. Ал мақсаты-анық, айқын. Бойында әншілік қасиеті, дарыны бар балаларға өзін көрсетуге, вокал ұстаздарынан сабақ алуға мүмкіндік беру. Сонымен қатар, Қазақстандағы мектептер мен балабақшаларға қазақ тіліндегі жаңа әндерді ұсыну. Әнге әуес, құштар жас өнерпаздарға қолдау көрсету.

 - Осындай мақсаты анық, атауы ұлттық жобаның іріктеу кезеңдері жайында әңгімені өрбітсек. Кездескен қиындықтар мен есте қалған сәттермен бөліссеңіз...

- Іріктеу кезеңі – жұмыстың нәтижесін көру алдындағы қиын әрі ұзақ процесс. Байқау бір немесе екі қаланың айналасында шектелген жоқ. 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларында өткізілген іріктеулердің өзі 2 айдан артық уақытты қамтыды. 10 мыңнан аса шақырымды соңына қалдырған «Бала дауысы» ұжымы әр қалада жүздеген баланы тыңдады! Вокал ұстаздарынан кеңестер айтылды. Түн жарымына дейін созылған түсірілімдер тағы бар. Таңнан кеш қараңғысы қоюланғанға дейін кезегін күткен қатысушылардың шыдамдалығын айтсаңызшы. Және бір қалада іріктеуден өтпеген үміткерлер екінші қалаға келіп, бағын сынап жатты. Тіпті, бір емес, үш мәрте келген қатысушылар да кездесті. Осыған қарап, еліміздегі балалардың өнер десе ішкен асын жерге қоятыны көрінеді десе де, артық емес.

 - Байқаудың аты байқау. Сол іріктеуден өтпей қалған балаларға қандай қолдау көрсетілді?

- Үлкендердің байқауымен салыстырғанда, балалардың байқауы екі есе қиын. Қуаныштың көз жасы болса мейлі, күту бөлмесіне келіп, «анашым, мен өтпедім» - деп жылап келген балаларды көру бөлек әңгіме. Балаға ән айтуына мүмкіндік беру ғана басты міндет емес, оған қоса не себепті келесі кезеңге өтпегенін түсіндіру, түсірілім арасында музыкалық продюсерлермен жолықтырып, вокалдық жағынан кеңес айту да маңызды. Ал, іріктеуден өтпей, «келесіде міндетті түрде жеңемін» деген қатысушылардың қанатты сөздерін естігенде риясыз қуанышқа бөленесің.

 - «Бала дауысы» байқауының өзі кішкентай балдырғандар үшін үлкен сый. Байқау күнделіктерінен көргенім бар, қатысушылар да құр алақан келмеді. Таң қалдырып, таңдандырғандары аз емес, сірә?

- Баланы таң қалдырғаның, әлемді нұрландырғаның. Керісінше, балалар сені таң қалдырса есепсіз, шексіз қуаныш сезімін ұялатады. Біз оларды таң қалдырып, әлемді нұрландырсақ, олар сол нұрланған әлемге қисапсыз мейірімін төгеді. Іріктеуге келіп, кішкентай алақандарымен: «Мына тәтті тортты «Бала дауысына» әкелдім» дегенде, неге таң қалмасқа? Оның үстіне өзі пісірген болса. Тек бұл емес, әдемі шарларымен, ерекше үлгідегі киімдерімен келгендері, арнайы алдын-ала қамданып, қызыл-күрең болып піскен бауырсақтарын ұсынғандары да бар. Бұл дегеніміз – ықыласқа ықылас!

 - Ал осындай мейірім мен жылу үйлесім тапқан жобаның іріктеу кезеңіне көңіліңіз толды ма?

- Үлкен игі істі бастаудан бұрын, оның құрылымын, мақсатын жоспарлап алу шарт және жоспардан тыс туындайтын мәселелерді алдын-ала қарастыру негізгі жұмыстардың бірі. Ол жұмыстарды атқаратын тәжірибелі мамандар жиналған ұжым. Бұл тұрғыда құрылым, мақсат, жоспар айқын және соларды атқаратын ұжым тиянақты іс атқарды. Ән байқауы болғандықтан, ең біріншіден, ауыртпашылық музыкалық продюсерлерге түсті. Әр аймақта іріктеуге келген балалардың ешқайсын назардан тыс қалдырмады. Тыңдады, тамсанды, таланттыларын таңдады. Көңіл тоқ!

 - Ендігі кезекте таңдалған таланттылар іріктеу кезеңінен өтіп, ақтық мәреде бақ сынау алдында «Бала дауысы» ән мектебінде бір айдың көлемінде сабақ алды. «Жұлдызды үйдің» ашылуы өтті. Ғаламтор желілері бір сәтке тынбады. Күн сайын жаңа жаңалықтармен хабардар еткен «Бала дауысы» байқауында дайындық қалай өтті?

- «Бала дауысы» ән мектебі мен «Жұлдызды үй» 16 өңірден жиналған балдырғандар үшін ертегі әлеміне айналды. Жеңіске жетуде 1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек қажет екенін бәріміз түсінеміз. Және сол қағиданы ұстандық. Балаларға «Бала дауысы» ән мектебінде вокал, хореография, актерлік шеберлік сабақтары өткізілді. Балалар мен тәлімгерлер тығыз қарым-қатынаста болды. Олар финалдық концертте орындайтын әндеріне дайындалды, қарқынды жұмыс жүргізді. Дайындықтан бөлек, балалар ұйымдастырушылардың бақылауымен киноға, ойын-сауық орталықтарына, «Медеу» мұз айдынына, тарихи мұражайларға саяхат жасап, уақыттарын қызықты өткізді.

 - Дамылсыз дайындықтың нәтижесі – Республика Сарайында өткен Суперфинал  және екінші концерт күні. Осы жайында айтып өтсеңіз...

- Суперфинал! Аты айтып тұрғандай, ақтық мәреге де дайындық солай өтті. Балалардың ән орындап шығуынан бұрын, түсірілім тікелей эфирде өтетін болғандықтан, телевизиялық тұстарын қарастыру алдыңғы орында болды. Декорация орнату, жарық қою, музыкалық нөмірлерге би қою, концерт бағдарламасының өткізілуін жүйелеу жұмыстары атқарылды. Және ауқымды концерттің ұйымдастырлуына жүздеген адамдар ат салысты. Жаңа 16 ән жарыққа шықты. Бір сөзбен айтар болсам, «Бала дауысы» - ерен еңбектің нәтижесі. Ал, жұмыстың нәтижесін саралайтын, бағасын беретін - халық. Көпшілік жұрттың тарапынан айтылған алғыс, ықыластар аз емес. Балалар байқауы болғандықтан, бастысы солардың тілек-ниеттерінің орындалғаны. Сондықтан, ақтық мәреде үлкен сахнаға шығып, өнер көрсеткен қатысушылардың шаттыққа бөленген жүздерін көрген халық та, тамаша әсер алды деген ойдамын.

 - «Бала дауысы - 2016» аяқталды. Ал, «Бала дауысы - 2017» -ні асыға күтіп жүрген балақайларға айтарыңыз...

- «Бала дауысы» - отандық жоба және телевизия саласында ұлттық брендке айналуы тиіс. Себебі балалар әнін, балалар шығармашылығын дамыту - мәдениеттің бір бөлшегі. «Бала дауысы - 2017» - ден күтеріміз мол. Ақтық мәре аяқталысымен-ақ, келер жылға дайындықты бастап кеттік. Небәрі 3 айдан кейін, наурыз айынан бастап «Бала дауысы-2016» финалистері мен тәлімгерлер гастрольдік сапарға шығады. Ал сәуір, мамыр айларында 14 облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларында іріктеу кезеңдері өтеді. Қалғаны құпия күйде қалсын. «Сәулеңменен себеле үміт демін», -деп Фариза Оңғарсынова апамыз айтқандай, «Бала дауысы» балалар ән өнерінің сөнбес сәулесіне айналарына сенімім мол! Бастысы қызыққа, қуанышқа толы болмақ.

- Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына сәйкес келген «Бала дауысы» байқауының ғұмыры ұзақ болсын! Сұхбатыңызға рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1337424-murat-isakhanov-bala-dauysy-televiz.html