RU

Елімізде бақталас жігіттердің өмірі туралы сериал жалғасын табады

Бүгінен бастап қазақстандықтар «Бәсеке» сериалының екінші маусымын тамашалайды. Картинаның алғашқы маусымын орта есеппен 219 000 адам көріп, «Хабар» телеарнасында көрсетілген үздік телехикаялардың бестігін бастаған болатын. Сол себепті бақталас жігіттердің қызыққа толы өмірі жалғасын таппақ.

Естеріңізде болса, бірінші маусымда Арман және Мақсат есімді жігіттер бәсекелесіп, еш қаражатсыз ауылдан бизнес ашқан еді. Бір-бірін иттің етінен жек көретін адамдар, фильмнің соңында нағыз досқа айналып, адамгершілік, мейрімділік сынды ізгі қасиеттерге ие болды. Картинада Арманның рөлін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артисі Бақыт Тұшаев сомдаса, Мақсаттың образында әнші, актер Олжас Абайды көреміз.

«Екінші маусым бірінші маусыға қарағанда өте қызық, өте тартымды болатындығына сенімдімін. Сценарий жағынан оқиғалар бірінен кейін бірі ұласып жатыр, локация көбірек ауысады. Авторлар сериалдың бірінші маусымында ауылдық деңгейдегі мәселелерді көтерсе, екінші маусымда бүкіл Қазақстанға, қазақ еліне, қазақ жеріне қатысты мәселелерді қозғауға тырысқан. Қазақстандық өнімдер, еліміздің шикізат шығаратындығы, зауыттар мен фабрикалардың жұмысы, бизнес үшін қолайлы аймаққа айналғандығы сөз болады», - дейді актер Олжас Абай.

Бірінші маусымның соңында кейіпкерлер өз ғашықттарын тауып, бақытта болашаққа үміттенген болатын. Алайда, Мақсаттың махаббатта жолы болмай, ол бүкіл уақытын бизнеске арнайды. Бұл жөнінде актер Бақыт Тұшаев: «Бәсекенің жалғасында Арман мен Самалдың арасындағы сезім жалғасын табады. Махаббатсыз кино болар ма, бұл қалмайтын тақырып қой. Өкінішке орай, Мақсаттың махаббаты сәтсіз аяқталып, ол жұмысқа бел шеше кіріседі. Ол көбіне бизнеске көңіл бөлсе, Арман да романтикалық жағы көп болады» - деді.

Актерлердің айтуынша түсірілім кезінде сан түрлі оқиғалар орын алған.

«Бір бөлімде біз Қазақстанда шығарылған аяқ киімді көрсету үшін аяғымызға туфли киіп шықтық. Сол күні қар жауып кетті. Күн суық. Көп қабатты үйлердің алдындағы қарды күреп, тап-таза еттік. Есіктің кіреберісіне дейін көлікпен келіп, түсірілім басталған кезде үстіміздегі жылы киімдерді шешіп тастап, ыстықтап тұрған адамдай ойнадық. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, сенімді ойнауға тырыстық. Бағасын көрермен береді ғой» - деді Олжас Абай.

Алғашқы кезеңдегідей бұл жолы да сериалдың түпкі мақсаты тәрбие. Картинада жұмысты қалай істеу керек, елімізге қалай қызмет етеміз деген мәселелер көтерілді. Қоюшы - режиссері – Ануар Матжанов. Т.Жүргенов атындағы өнер акдемиясының түлегі көрерменге «Патруль», «Болашак» сериалдары, сондай-ақ «Шекара» фильмімен жақсы таныс. Сценариін жазған «Қызық Times» бағдарламасының жүргізушісі Марат Оралғазин және Рүстем Омаров, Медет Аманбаев, Мейірхан Шерниязов сынды танымал әзіл-сықақшылар.

Дүйсенбі-жұма күндері сағат 19.40-та «Бәсеке 2» телехикаясын тамашалаңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1337879-elimizde-baqtalas-zhigitterdinh-omiri.html