RU

Алматыда өткен айтыста біржақты пікір айтқан ақын бас жүлде алып кетті

«Алтын домбыра» алған айтыскерге кей көрерменнің көңілі толмады. Ал жеңімпаз өзге ақындардың бұл айтысқа «шаршаңқы келгендерін» айтады.

Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлайды.

Желтоқсанның 3-4-і күндері Алматыдағы Республика сарайында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Жасампаздықтың 25 жылы» атты айтыс өтті.

Алматы қаласының әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы қолдаған айтысқа 20 ақын  қатысты.

Айтыста көктемде бірнеше қалада өткен жерге қатысты митингілер, ол оқиғаға байланысты сотталған Талғат Аян мен Макс Боқаевтың ахуалы сияқты әлеуметтік мәселелер де сөз болды.

Ақырғы айналымға төрт айтыскер (Серікзат Дүйсенғазы, Жансая Мусина, Болатбек Оразбаев, Мұхтар Ниязов) өтті. Олардың үшеуі (Жансая Мусина, Болатбек Оразбаев мен Мұхтар Ниязов) бірдей ұпай алғанымен, қазылар алқасы бас жүлде – «Алтын домбыраны» Мұхтар Ниязовқа берді. Осы кездегі залдағы көрермендер бұл шешімге наразы болып, бас жүлдеге Болатбек Оразбаев лайық екенін айтып шуласып кетті.

Айтысты жүргізіп отырған ақын Жүрсін Ерман мен жүлде тапсыру үшін сахнаға шыққан Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұртты сабаларына түсіре алмай көп тұрды.

Әкім «елбасының саясатының арқасында 25 жылдың ішінде мәдениет, айтыс дамып келе жатқанын» айта келе:

– Айтып жатыр ғой «бұрын әкімдер бюджетке таласқан, қазір айтысқа таласып жатыр» [деп]. Солай болып жатыр енді. Заман келді, – деді Бауыржан Байбек.

Ақыры «Алтын домбыра» (3 миллион теңге жүлдесіне қоса) – Мұхтар Ниязовқа, бірінші орын (2 миллион теңге) – Болатбек Оразбаевқа, екінші орын (1,5 миллион теңге) – Жансая Мусинаға, үшінші орын (500 мың теңгеден) – Мейірбек Сұлтанхан, Өміржан Көпбосынов, Иранғайып Күзембаев пен Серікзат Дүйсенғазыларға берілді. Бірақ көрерменнің біразы бұл шешімге бәрібір наразы болып тарасты.

Айтыстың бас жүлдесінің Болатбек Оразбаевқа емес, Мұхтар Ниязовқа берілгеніне наразы көрермендердің бірі – блогер Айгүл Орынбек. Ол «бас жүлде халықтың мұңын айтқандарға емес, бір кісінің жырын айтқандарға бұйырды» деп біледі. Болатбек елдің мұңын, әлеуметтік мәселелерді айта білді, сонысымен қарсыласынан озық тұрды.

Алматыдағы айтысты екі күні бойы тамашалаған айтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлы да «Алтын домбыраға» Болатбек Оразбаев лайық еді деп біледі.

– Расымен шын мықтыны анықтағысы келсе, суперфиналда Болатбек пен Мұхтарды айтыстыру керек еді. Сол сәтте Мұхтар басым түссе, сөзім жоқ. Шындығында Болатбектің қолындағы «Алтын домбыраны» Мұхтарға жұлып берді, – дейді Бақыт Жағыпарұлы.

«ҚАЗЫ – ЖЕТЕУ, ДАУЫС – СЕГІЗ, ҰПАЙ – ТОҒЫЗ»

Бас жүлдеге қай ақынның лайық екені қазылар алқасындағы жеті адамды (төрағасы – Әділбек Ыбырайымұлы, мүшелері – Аманжол Әлтаев, Қойлыбай Асанов, Қонысбай Әбілов, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиолла мен Мұхаметжан Тазабеков) да көп дауластырған.

Дәулеткерей Кәпұлы Болатбек Оразбаев – төрт дауыс (оған Аманжол Әлтаев, Қойлыбай Асанов, Қонысбай Әбілов және Дәулеткерей Кәпұлы бір-бір ұпайдан), Мұхтар Ниязов төрт дауыс (Бауыржан Халиолла, Мұхаметжан Тазабековтен бір-бір ұпайдан және қазылар алқасы төрағасы Әділбек Ыбырайымұлынан екі ұпай) алып, екі ақын тең түскенін айтады.

Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, жеңімпазды айтысты ұйымдастырушы Жүрсін Ерманның пікірі анықтаған.

–«Қазір төрағаның екі дауысын қосқанда төрт те төрт болып отырмыз. Сіз кімге бересіз?» деп едік, Жүрсін Ерман «Мен Мұхтар алса деп тұрмын, ол шулатып отыр» деді. Сонымен «Алтын домбыра» Мұхтарға бұйырды. Шындығында Мұхтардың бас жүлде алуына Мұхаметжан Тазабеков ерекше жұмыс істеді, – дейді ол.

«Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов «бұл жетістікке Алланың қалауымен жеткенін» айтады.

Тағы да оқыңыздар:

Оң босағада отырып қалған қазақ қыздарының өзі үшін бала туып алғаны қаншалықты дұрыс?

Ақмола облысында ер адам жол апатынан әйелді құтқарамын деп өз өмірін құрбан етті

Іздеуде жүрген ағайынды Рысқалиевтардың бірі ағайын-туысын скайп арқылы құттықтады

"Кешью" тобының әншісіне үйленетін жігіт Баян Есентаеваға айыппұл төлейтін болды (видео)

Сейітқазы Матаев мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1338516-almatyda-otken-aytysta-birzhaqty-piki.html