RU

Данияр Өтеген «Бала дауысы» музыка мектебінде вокалдан шеберлік сабағын өткізді

«Бала дауысы» музыка мектебінде «Ринго» тобының солисі Данияр Өтеген вокалдан шеберлік сабағын өткізді. Өткізілген сабаққа музыка мектебі мен қала мектептерінің оқушылары, телеарналар тілшілері және вокал ұстазы Фарида Ниязова қатысты.

«Бала дауысы» музыка мектебі 2016-шы жылдың қыркүйек айынан өз жұмысын бастап, бүгінде 5-14 жас аралығындағы балаларға вокалдан басқа хореография, актерлік шеберлік, бейнелеу өнері, сольфеджио мен фортепиано сабақтарын өткізеді.

Дәріс беретін ұстаздар жоғары білімді, оқытуда жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолданады. Эстрада жұлдыздары және Қазақстан киноактерлерімен шеберлік сабақтарын өткізуді қолға алған мектеп ұжымы алғашқы кездесуді ұйымдастырды. 2 сағатқа созылған сабақтан балалар өздеріне қор жинап қана қоймай, ән салды, ойларымен бөлісті, сұрақтарына жауап алды.

Данияр Өтеген сахнада өзін ұстау әдебі, ән орындау шеберлігі, микрофонмен қалай жұмыс жасау керектігі жайында әңгіме өрбітіп, әр балаға практика жүзінде көрсетті.

Сахнаның сырларымен бөліскен Данияр Өтеген осындай музыка мектебінің барына қуанып, ризашылығын білдірді.

«Менің бала күнімде ән мектебі деген болмады. Ал бүгінде балалар бірнеше вокал ұстазынан сабақ алуы мүмкін. Ұстаздар өзінің тәжірибесімен, білімімен бөліскенімен, біз олардың айтқанын қабылдауымыз, яки қабылдамауымыз мүмкін. Сондықтан кез-келген бала орындаушы ретінде алдымен өзінің бағытын таңдау керек. Әншілікке бет бұру жолында еңбектен қашпай, жұмыс атқаруы керек», - деді әнші.

Шеберлік сабағына «Бала дауысы – 2016» байқауының финалисі Ермек Балжігіт те қатысты.

«Мен үшін тәжірибе бірінші орында, сол себепті осы тәрізді шеберлік сабақтарынан қалмауға тырысамын. Теорияны жүзеге асыру – шеберлігіңді еселеумен тең. Бүгін музыка мектебі оқушыларымен бірге Данияр Өтегеннен дәріс алғаныма қуаныштымын, келесі шеберлік сабағын тағатсыздана күтемін», - деп Ермек алған әсерімен бөлісті.

Жалпы, мектептің оқу үрдісі жыл бойына жалғаспақ. Білікті ұстаздар шәкірттерді концертік бағдарламалар мен эстрадалық ән байқауларына дайындайды және музыка мектебінде білім алған балалар «Бала дауысы-2017» балалар ән байқауына шақырту алады.

Бұл тек бастамасы ғана, алдағы уақытта «Бала дауысы» музыка мектебі балалар ән өнеріне жаңашылық енгізумен қоса, тың жаңалықтарымен таң қалдыруға да дайын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1338643-daniyar-otegen-bala-dauysy-muzyka.html