RU

Талдықорғанда тергеу абақтысына жабылған күдікті өзіне қол салып қайтыс болды

Талдықорғанда 43 жастағы азамат осыдан бір апта бұрын әкесіне пышақ жұмсағаны үшін ұсталған екен. Алайда тергеу қапасына түскен бойда, терезені шағып, әйнекпен тамағын орып жіберген деп хабарлайды КТК арнасы.

Марқұмның өзін өзі өлтіргенін медициналық сараптама да растады. Тек оған туыстары сенбей отыр. Сондықтан қара жамылған отбасы мекеме қызметкерлерінің жазалануын талап етуде.

Баласын жоқтаған Күлсін Темірбаеваның бір аптадан бері көз жасы құрғаған емес. 30-шы қараша күні ұлын өз әкесіне пышақ жұмсағаны үшін тәртіп сақшылары ұстап әкеткен екен. Алайда бір тәуліктен кейін Талдықорған қаласындағы тергеу абақтысынан күдіктінің өлі денесі табылған.

Түрме қызметкерлері Марат Темірбаевтың өз-өзіне қол жұмсағанын хабарлапты. Алайда 40 жыл бойы дәрігер болып істеген анасы сақшылардың бұл сөзіне сенер емес. Себебі, «ұлымның денесінде сау жер жоқ» дейді қара жамылған ана.

"Басында жарақат бар, отверткамен ұрғылаған. Сол жақ иығында соққының ізі бар. Қабырғасы сынған. Салбырап тұр, ішіне қарай", - дейді марқұмның анасы Күлсін Темірбаева.

Осылай деген ана ұлымды өлтіргендер жазасыз қалмауы тиіс дейді. Сондықтан тиісті орындарға шағым түсірген. Марқұмның туыстары тергеу абақтысының күзетшілерін де сотқа сүйремекші. Себебі олар көңіл айтудың орнына, өзімізге күш қолданды дейді.

"Өздері заң, өздері сот, өздері конституция. Мені күштеп сүйреген. Ойбайлап жерге жата қалғасын амалсыздан жіберді. Өзімді өлтіремін бастықтарыңды шақырыңдар дедім. Ел аманда, сотқа жеткізбей өлтіріп отырғандары сұмдық қой", - дейі марқұмның туысы Нұрқадиша Қабылова.

Қазір абақтыдағы адам өліміне қатысты тергеу басталды. Болжам бойынша, Марат Темірбаев тергеу қапасындағы терезені шағып, әйнегімен өз-өзін бауыздап тастаған. Мекеме медбикесі жарасын тігіп бергенімен, көп қан жоғалтқан күдікті қайтыс болыпты.

Марқұм Сарқанд ауданында жылқы шаруашылығымен айналысқан екен. Алайда өз әкесімен не үшін қырық пышақ болғаны белгісіз. Туыстары бұл туралы жақ ашпай отыр. Белгілісі, әкесі қатты жараланбапты. Қазір үйінде екен.

Тағы оқыңыздар:

ОҚО-да жас жұбайлар қымбат кортежден бас тартып, мүмкіндігі шектеулі жандарды қуантып тастады (фото)

ОҚО-да екі курстас бір әйелді өлтіріп, кейін өртеп жіберген

Никарагуалық боксшы Головкинді "гей" деп тілдеді

Путин мансабы аяқталғаннан кейін немен айналысқысы келетінін айтты

Роналду тағы да «Алтын доптың» иегері атанды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1339657-taldyqorghanda-tergeu-abaqtysyna-zhab.html