RU

Түрік жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы бақытты өмірін баяндады

Қазақ қыздарының өзге ұлт өкілдерімен некеге тұруы қоғамда көп талқыға түсіп, сынға ұшырап жүрген тақырыптардың бірі. Бәзбіреулерге мұнда тұрған ештеңе жоқ, ал кейбірі қан тазалығын сақтауға шақырады. Мөлдір Татар өз бақытын басқа ұлт өкілімен құрған некеден тауып отырған арулардың бірі.

Қазақ қызы NUR.KZ порталына берген сұхбатында аралас некелі отбасының мән-жайына тоқталды.

Мөлдір - Алматының тумасы. Мектепті бітірген соң, ол Польша астанасы Варшаваға оқуға кетеді, сол жерде болашақ жары, ұлты түрік Өзжан Татар есімді жігітпен танысады.

"Менің жарым Өзжан Татар 13 жасынан бері Варшава қаласында тұрады. Еуропада тұрып, сол жерде оқып, жұмыс істегендіктен, бәлкім ол кеңінен ойлайды, ешкімді жатсынбайды, түсінігі мол. Мен онымен танысқанда 20-да едім, оның жасы 24-те болатын. Екеуміздің бір шаңырақ астында тұрып жатқанымызға 16 жылдан асып барады", - дейді Мөлдір Татар.

Мөлдірдің айтуынша, жолдасы оған сөз салғанда ол ең бірінші туыстарының наразы болатынын сезген. Екі ғашық ақылдаса келе, Алматыға келіп, болашақ күйеу баланы қайын жұртымен таныстыруды шешеді.

"Әкеме бұл ұнамады. Әрине, оны бетіме айта алмады, бірақ көзқарасынан сездім. Оның уайымын маған анам жеткізіп отырды. Бәрімізге оңай болған жоқ. Біраз күннен кейін әкем онымен тіл табысып кетті. Ол оның маған деген сезімі шынайы екенін түсінді. Екеуара ұзаққа созылған әңгімеден соң, ол мені жарыма сеніп тапсырды", - дейді келіншек.

Келіншек осы әрекеті үшін талай сынның астында қалғанын мойындады.

«Онсыз болмайды. Әрине, мені сынап-мінеді. Кей достарым мен таныстарым менен ашық сұрап жауап алғысы келді. «Неге дәл осы түрікке шықтың?», «Қазақ табылмады ма?», деген сұрақтарды жаудырды. Мен оларға отбасында ең бастысы – сыйластық, махаббат деп жауап бердім. Бізде осының бәрі бар», - дейді Мөлдір.

Ол өз күйеуінің ғажап адам екенін атап өтті.

«Мен бақыттымын. Маған күйеуімнің қай ұлттың өкілі екені маңызды емес. Мен сүйікті де сүйкімді әйелмін», - дейді келіншек.

Бүгінгі таңда бұл жанұя Ыстамбұлда тұрып жатыр. Олардың Берат, Зехра және Берфин есімді балалары бар. Мөлдірдің айтуынша олар үйде тек түрікше сөйлеседі екен. Алайда, ол отбасында қазақ мейрамдарының бірін қалдырмай, міндетті түрде тойлайтындарын атап өтті.

Тағы оқыңыздар:

Ұлын танымал әншінің баласы деп жар салған продюсер көпшілікке жауап берді (фото)

Атырау облысында лауазымды полицей "әкімге жалпақтаймын" деп қызметкерлерін балағаттаған

Сәрсенбіде қазақстандықтарды тұман мен бұрқасын күтеді

Тараз көшесінде бірін-бірі қуған полицейлер жұрттың зәресін ұшырды

Хакасияға алып метеорит құлады (фото, видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1339906-turik-zhigitine-turmysqa-shyqqan-qazaq.html