RU

Президент күнін тойламай, суықта тоңып отырған ауыл туралы не білеміз?

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына көгілдір отынның жеткенін айтқан қуанышты хабардың тарағанына көп болған жоқ. 25 жылда от жағудан құтылып, көгілдір отынның рахатын көреміз деген халық көңілі су сепкендей басылған деп хабарлайды NUR.KZ.

Ауылға тартылған газ құбырлары қатып, халық жылуды тұрақты ала алмай отыр. Қыс түскен кезде бар ақшасын газ тарттыруға жұмсаған ауыл тұрғындары енді отын алуға ақша таппай отыр.

«Мен Әйтеке би ауданы бойынша облыс әкімінің қоғамдық көңесшісімін. Биыл біздің ауылға газ қосылды. Бірақ, қосқан үйлерде газ жанбай жатыр. Құбыр тартқан кезде технологиясы бұзылған. Қыс түскен кезде жылудың  реттелмеуі халықтың тұрмысына кері әсер етіп тұр. Барлық ақшамызды газ қондыруға салдық. Енді көмір де ала алмай отырмыз. Тоннасы 17 мың теңге, қалтамыз көтермейді, ауылда да жоқ. Халықтың осы ауыр жағдайын билікте отырғандарға жеткізіңіздерші, айналайын! Облыс әкіміне де хабарлама жазғанымызға оншақты күн болды. Бірақ, «түзетеміз» деген ешқандай хабар алған жоқпыз»,-дейді ауыл тұрғыны Рысқали Бозбетов.

Тұрғын жылусыз отырған ауыл халқының берекесі кетіп, президент күнін де тойлай алмағанын айтты.

«Қарапайым халықта отын алатын ақша да қалған жоқ. Зейнетақымды жинап, жетпеген жеріне несие алып, газ қондырған болатынмын. Енді газ дұрыс қосылмай тұр, көмір ала алмай отырмыз. Кешегі өткен президент күнін тойлағандар бар шығар, біз тойлаған жоқпыз. Үйінде жылу болмаған ауылда көңіл күй де жоқ. Халықтан береке кетті. Алдымызда Тәуелсіздік мерекесі келе жатыр. Бұл мерекені де біздің ауылдың тұрғындары қуанып тұрып тойлайды екен деп айта алмаймын. Қыс мезгілі түскенде үйінде жылуы жоқ адам қалай қуанып тойлайды? Мұндайда көшеге шықсаң, «террорист» не тағы бірдеңесің деп шығарады. Ал көшеге шықпай айтқан арызымыз ешкімге жетпей жатыр. Сондықтан ауылдағы халықтың қиын жағдайын БАҚ беттері арқылы көрінсе екен дейміз»,- дейді ауыл тұрғыны бар үмітін ақпарат құралдарына артып.

Комсомолға газ тартылған күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөліскен еді.

«Газ тартылған үйлердің жартысы жағып, жартысы жаға алмай отыр. Күнара газ жанбай қалады. «Ауылға газ келді» деп желбіретіп лентасын қиып «болды» дегенімен, оның әрі қарай қалай жүріп жатқанына қызығушылық танытқан адам болмай отыр. Бұл жағдайды облыс әкімінің ауылдағы көмекшісі деп таңдалған менің айтуым ыңғайсыз. Бірақ, жағдай осы. Оны кімнен жасыруға болады?»,- дейді Рысқали Бозбетов.

Тағы да оқыңыздар:

Қыдырәлі Болманов тоқал алу туралы әңгімені не үшін қозғағанын айтты

Астанада көпбалалы отбасыға Назарбаевтың атынан адам ұяларлық сыйлық табыстаған (фото)

Ақтөбе тұрғыны Путинді фашист деп атағаны үшін сотталып жатыр

Еуроодақ Қазақстанның барлық әуекомпаниясын "қара тізімнен" алып тастады

"ЭКСПО"-ны салу барысында қанша адамның қайтыс болғаны анықталды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1342624-prezident-kunin-toylamay-suyqta-tonhy.html