RU

Ақтөбеде таңертең сабаққа шыққан он жасар оқушы қызды сабап кетті (фото)

Ақтөбе қаласында таңертең мектепке шыққан 10 жасар қызды белгісіз адам өлімші етіп сабап кеткен. Беті қанға боялған бүлдіршін жанұшырып айқайлғанымен ешкім көмекке келмеген деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Қыз анасына телефон соғып, көмек сұрайды.

«5 желтоқсан күні сағат 7:20- да немерем мектепке шықты. 4 классқа дейін мектепке өзім апарып жүрдім. Балам: «Ұялам, балалар мазақтайды. Әже, өзім барайыншы» деген соң қазір өзі барып жүрген болатын. Мектептің ауласы үйіме тіреліп тұр. Сол күні мамасы есіктен шығарып жіберді. 5-10 минут уақыт өткенде «Мама, келші» деп жылап телефон соқты. Аяғына сүйретпесін іліп, мамасы жүгіріп шықты. Не болғанын түсінбей қалдым. Бір кезде немеремді ертіп келді. Үстінің барлығы қан көзі көгеріп, ауызы ісіп кеткен. Мұрнынан қан сорғалап тұр. көзінен, басынан ұрған», - дейді әжесі Амина Абашева.

Әжесі полицияның дер кезінде келмегенін, бұзақыны уақытында ұстай алмағандығын айтады.

«Кейін барып көрдім, баламды тап есіктің алдында ұрған. Оны көтеріп алып, айналдырып сүйрегеніне дейін қар үстінде ізі жатты. Дала қан. Полиция шақырған кезде де бірден келген жоқ. Олардың міндеті не? Төрт күннен бері ұрып кеткен адамды таба алған жоқ. Біздің жағдайымызды да сұрамайды. Баламның айтуынша, оның ұрған адам бетін шарфпен орап алған. Таңертеңгілік қараңғылау кезде түрін де көрмеген. Жәдел жәрдем келгенде қансырап тұрған оны ауруханаға апарайық дегенде қызым далаға шықпаймын деп жылады. Полиция, мамасы барлығы жабылып қызды алып шықтық. Аружаныма тұруға болмайды деп ауруханаға жатқызып қойды», - дейді әжесі.

Далада шырылдап жылаған баланың дауысын бірінші қабатта тұратын көршісі естіген. Ол намаз оқып тұрғанын айтып, көмекке бара алмаған.

«Қазір немеремнің бетіндегі ісігі сәл басылды. Көгерген жерлері де кетіп келе жатыр. Бірақ, бала әлі басым ауырады деп жылайды. Қызым сол күні қатты айқайлаған. Бірініші қабатта тұратын әйел намаз оқитын еді. Сол күні ол ояу болған. Терезені ашып қойып, намаз оқып жатқан. Бір баланың дауысы шыңғырғанда жанымды қозғап жіберді. «Мен намазға жығылып қойып едім, намазымды бұза алмадым. Бірақ, қыздың дауысы сай сүйегімді сырқыратып жіберді. Намазымды оқып болғанымда қарағанда ешкім болған жоқ» деп кейін айтты»,-дейді әжесі.

Айтуынша, полиция бір күн өткеннен кейін ғана іздеу жұмыстарына кіріскен.

«Полиция ертеңіне кешкілік келіп, көршілерден сұрап жүр, ызаң келеді. Айтсаң «біз кешкі сағат 7 мен таңғы 7-ге дейін ғана жұмыс жасаймыз дейді. Сонда бізді кім қорғайды? Менің немеремді ұрып жатқанда мектепке қарай екі бала кетіп бара жатқан. Олар мұның шыңғырып жатқанын естіп, мектептегі балаларға айтқан екен. Ол жақтан ешкім сенбеген. «Бір қызды ұрып жатыр, біз қаштық» дегенге ешкім мән бермеген. Немеремді ұрған адам біреудің келе жатқанын көргендей қашқан. Спутник аялдамасындағы жүргіншілер жолағынан өтіп келе жатқан 5 класста оқитын інісі мен 9 класста оқитын апасын жұдырығымен басынан ұрып кеткен. Сол екі бала оның қандай адам екенін көрген. Үстінде курткасы жоқ, аяңына етік кимей, жалаң аяқ қар үстінде жүгіріп жүрген жас жігіт екенін айтқан,-дейді оқиғаны баяндап отырған қыздың әжесі.

Аружан Зайнулла оқу озаты. Сабақтағы ең үлгілі оқушылардың қатарында. Бір күнде үш оқушысыны бөгде адамның ұрып кеткенінен мектеп әкімшілігі де хабардар.

«Бұл бірінші күні болған оқиға. Оқиғаны ата анадан естідік. 5 «а», 5 «ә» және 9 класс оқушыларын таңертең сабаққа келе жатқан кезде біреулер ұрған. Полицияға хабарлап айттық. Кеше ұстады деген хабарды естідік. Естуімізше, «Дина» супермаркетінің бейнебақылауы арқылы балаларды ұрған жігітті тапқан. Жолда басынан соққы алған екі бала сабаққа келіп жүр», - дейді №34 мектеп директоры Дәмелі Қартпағамбетова.

Тағы да оқыңыздар:

Мұхтар Әблязовтің туыстары банкирдің бостандыққа шығуын атап өтуде (фото)

Шымкенттік сенатор қазақтардың жалқаулығына күйінді

Экс-мәжілісмен: Қазақ қыздары Шымкенттің жігіттеріне күйеуге шығуы керек

Ердоған Назарбаевтың шақыртуымен Қазақстанға келе жатыр

Қазақстан әйгілі Lada Priora көлігін шығарудан бас тартты

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1343820-aqtobede-tanhertenh-sabaqqa-shyqqan-5-syn.html