Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Артық салмақтан арылғысы келген шетелдіктер шымкенттік орталыққа ағылуда (фото)

Опубликовано:

Шымкенттегі «Халықтық және аштықпен емдеу орталығы» талай жанның алғысын алып келеді. Әсіресе, сыртқы келбетіне көңілі толмайтындар бір ғана емдеу шараларынан соң оп-оңай артық салмақ тастай алады деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

«Мүмкін емес» деп отырған боларсыз? Біз де алғашында сіз секілді ойда болғанбыз. Тек орталыққа барған соң ол ойымыз 180 градусқа өзгерді.

Қазақстан бойынша емдеудің бұл әдісін тек екі ғана орталық қолданады екен. Бірі – Алматыда, екіншісі - Шымкенттегі Шалқар Әбішұлы атындағы «Халықтық және аштықпен емдеу орталығы». Мұнда келушілердің басым көпшілігі бірінші кезекте қан қысымы, қант диабеті, миома, демікпе және тағы да басқа дерт мазалаған соң амалсыздан келеді екен.

Сонымен қатар артық салмақтан арылуды армандайтындар да жоқ емес. Мамандардың айтуынша, аштықпен емдеу "бір оқпен екі қоян ату" секілді. Ағза тазаланған соң ағзада артық май өздігінен жоғалады.

Орталыққа тек Оңтүстік Қазақстан емес, еліміздің түкпір-түкпірінен кезекке тұрып келушілер саны күн санап артуда. Солардың бірі – Алматы қаласынан келген Самат Мұстафин. Алматылық тұрғынды Шымкенттегі бұл орталықтың тұрақты емделушісі деп атауға болады. Жылына міндетті түрде бір рет келіп емдік шараларынан өтеді. Және әр келгенінде достарын ерте келеді екен.

«Мұнда жыл сайын келемін. Тек соңғы екі жылда қыз ұзату, қонақ күту секілді шаруалардан уақыт тапшы болып, жолым түспеп еді. Биыл тағы келдім. Не дегенмен екі жылда бауыр, бүйректі тексеруден өткізіп, ішек жолдарын тазалап тұру керек қой. Қырғызстандағы досым да жұбайымен емделіп кетті. Жалпы бұл орталық туралы достарымнан естіген едім. Ашығу деген аты болмаса, тамақты мүлдем ойламайсың. Әлсіздікті де сезінбедім», - деген Самат Мұстафин бұл мекемеге алғаш келгенде бойында қорқыныш сезімі болғанын жасырмайды.

«Рас, «Қалай болар екен? Кейін артық салмақ қосып алмаймын ба?» деген ой болды алғашында. Кейін барлығы адамның ішкі ерік-жігеріне байланысты екенін ұқтым. Бұрындары бұл жақтан шыққан соң арнайы емдомға отыруға онша мән бермейтінмін. Он күндік емдік курстан өтіп, тоғыз келі салмақ тастадым. Бұл - жақсы көрсеткіш. Ары қарай емдік шараны жалғастыруыма болатын еді, тек Алматыда шұғыл шаруаларым шығып қалды. Қазір сенесіз бе, өзімді он жылға жасарған секілді сезініп отырмын», - деді алматылық тұрғын.

Одан өзге Мұстафин мырза орталыққа келудегі мақсатымен де бөлісіп кетті.

«Бастысы, денсаулықты қалпына келтіру ғой. Артық салмақ – тек сыртқы келбетке нұқсан келтіріп қана қоймайды, жүрекке де салмақ түсіреді. Мәселен, мен көктемде қан қысымым көтеріліп, дәрігерге қаралдым. 100 мың теңгеден астам қаржыға дәрі-дәрмек алдым. Бірақ, нәтиже болмады. Ал мұнда күніне 5000 теңге төлеп, бүкіл дертіңе шипа алуыңа болады», - деген Самат Мұстафин Алматыдағы орталыққа не үшін бармайтынын да ашып айтты.

«Ол жақтағы орталыққа өз басым бармағанмын. Тек достарымнан естуім бойынша, ондағы жағдай Шымкенттегідей емес екен. Мұнда зерікпейсің. Тәуліктің кез келген уақытында бильярд, саунаға барып тынығуыңа болады. Ғимарат та кең. Массаж, инемен егу де бар. Тағы ерекше айта кетерлігі, қызметкерлер өте білімді әрі сыпайы», - деп ойын түйді емделуші.

Апалы-сіңлілі Құралай Иманқұлова мен Қалданай Сарыбекова шымкенттік тұрғындар болғанымен, аштықпен емдеу орталығы туралы бұрын-соңды білмеген екен. Алғаш рет ем қабылдаған олар емдік шараларына дән риза.

56 жастағы Құралай Иманқұлованың созылмалы демікпе дертімен күресіп келе жатқанына талай жыл болған. Қан қысымы секілді өзге дертері тағы бар. Жуырда денсаулығы күрт нашарлап, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан ол аурухана қызметкерлерінің айтуымен осы орталыққа келуге шешім қабылдаған.

«Бұрындары түнде мазам қашып, ұйықтай алмайтынмын. Ағзамды әбден дәрімен улап біткенмін ғой. Буындарым қақсап, аяқтарым ауырып, маза бермейтін. Шынымды айтсам, қаралмаған жерім қалмады. Орталыққа келгенімде «Тәуекел, мұны да көрейік» деп келгенімді жасырмаймын. Және дәрілерімді өзіммен бірге ала келгенмін. Бір күн өте сала дәрілерді ішуді тоқтаттым. Қазір жағдайым жақсы», - деді қуанышын жасыра алмаған Құралай Иманқұлова.

Оның 54 жастағы сіңлісі Қалданай Сарыбекова да жасы келгендіктен жүріп-тұру қиындай түскендіктен осында емделуге бел буыпты.

Аштықпен емдеу орталығының медбикесі Жазира Төлепбергенованың айтуынша, келушілерге алдымен дәрігерлердің тексеруінен өткен соң барып, емдік шаралары тағайындалады. Бір емдік курс кемінде он күн болуы тиіс.

Егер емделуші емдік шараны әрмен қарай жалғастырғысы келсе, 25 күнге дейін ашығуына болады. Оның ағза үшін еш зияны жоқ дейді медбике. Аштыққа шыдай алмай, әлсізденіп жататындар да жоқ емес екен.

Орталыққа келген әрбір келушіге алғашқы үш күнде алма шырынының сусыны беріліп, кейін май ішкізіледі. Асқазан-ішек жолдары тазаланған соң тек су ішуі шарт. Арасында лимон қосылған су да беріледі. Ал кейде емделушінің денсаулығына қарай шөп дәрілер ұсынылады. Емдік шараның соңғы екі күнінде емделуші аштық курсынан шығарылып, белгілі бір мөлшердегі қайнатылған асқабақ, тұзсыз борщ тағамы мен кешкі асқа қызылша мен орамжапырақ салаты беріледі.

Тағы ерекше атап өтерлігі, мұнда әрбір келуші күн сайын таңертең салмағын өлшеп, физикалық жаттығулар жасайды. Мұнан соң массаж жасатып, аптасына үш рет моншаға түседі. Оның арасында бөшкеде ыстық бумен азу процесінен өтеді. Орталықтан шыққан емделуші кемінде он күн бойы диеталық тағамдарды ішуді тоқтатпауы тиіс.

Әйтпесе, жоғалтқан салмағын қайта қосып алу қаупі бар. Айтпақшы, Шымкенттегі аштықпен емдеу орталығына тек Қазақстаннан ғана емес, Ресей, Дағыстан және Қырғызстан елдерінен келіп, тұрақты түрде ем алып тұратындар бар екен.

Тағы оқыңыздар:

"Қазақстан аруы-2016" байқауында Әнуар Нұрпейісов "Астана аруын" ұялтты (видео)

Әблязовтің әйелі күйеуінің түрмеден шыққаннан кейінгі суретін жария етті (фото)

Түнде баланың ерлі-зайыптылардың жатын бөлмесінде қалғаны қаншалықты дұрыс?

Ыстамбұлда жойқын жарылыстан көз жұмғандардың саны 38 адамға жетті

Әлі жеңіліп көрмеген боксшы Головкинді жекпе-жекке шақырды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1344827-artyq-salmaqtan-arylghysy-kelgen-shete/

pixel