RU

Футбол тарихында болған ең ірі әуе апаттары

Жақында ғана Колумбияда апатқа ұшыраған бразилиялық футболшылардың қазасы күллі әлемнің қабырғасын қайыстырды. Осы орайда, NUR.KZ  Дода-Спорт сайтына сілтеме жасай отырып футбол тарихындағы ең ірі 9 әуе апатын еске түсіреді.

1. «Торино» трагедиясы

Бүгінде команда Италия "А" сериясының ортаң қол командасы болғанымен, бір кездері бір мемлекеттің бетке ұстар командасы болатын. 1949-шы жылдың 4-ші мамырында «Бенфикаға» қарсы ойын өткізіп, Туринге қайтпақшы болған. Бірақ қатарынан бес мәрте ел чемпионы атанған ұлы командаға Туринді қайта көру жазбапты. Құрамында 18 футболшымен қоса, жаттықтырушылар, журналистер бар ұшақ апат болады. Бұл қайғылы жағдайдан Италия ұлттық құрамасы да зардап шекті. Себебі, Италия ұлттық құрамасының негізі құрамының 10 ойыншысы көз жұмды. Уругвайдағы әлем чемпионатында чемпион атағын қорғай алмады. Ал марқұм болған футболшылар құрметіне «Ториноға» 1948/1949 маусымының чемпионы атағын берді.

2. «Манчестер Юнайтед» трагедиясы

Сербияда жергілікті «Црвена Звезданы» тізе бүктіріп Еуропа чемпиондары кубогінің (Чемпиондар Лигасы) жартылай финалына жолдама алған «Манчестер Юнайтед» футболшылары тамаша көңіл-күймен Манчестерге қарай аттанған болатын. Ұшақ жанармай құю үшін Мюнхенде тоқтауға мәжбүр болады. Кейін, командир Джеймс Тейн ұшақты әуе жолына қосуға екі рет талпынғанымен, қозғалтқыштың дұрыс жұмыс жасамауына байланысты бас тартуға мәжбүр болады.

 

Бірақ бұйрық бойынша орындалған үшінші талпыныста ауа-райы күрт өзгеріп, ұшақ әуеге толықтай көтерілмей апат болады. Апаттың салдарынан 67 адам бақилық адам болды. Оның 8-і «Манчестер Юнайтед» командасының футболшылары. Ал атақты жаттықтырушы Мэтт Бэсби мен ағылшын футболының тарихындағы ең үздік футболшы атанатын Бобби Чарльтон аман қалып, 10 жылдан кейін әріптестеріне бұйырмай кеткен Еуропа чемпиондары кубогін жеңіп алады.

3. Дания ұлттық құрамасының трагедиясы

Олимпиадаға қатысатын соңғы үш футболшы мен қорытынды тізімге енуге дәмелі жастар құрамасының 5 футболшысы апатқа ұшыраған ұшақта болған еді. Бірақ, ұлттық құрама намысын қорғасам деген жастардың ниеті орындалмай, ұшақ апатқа ұшырап, футболшылардың бәрі жан тапсырды. Ал, Дания ұлттық құрамасы болса жарыстан бас тартпай, Римде өткен Олимпиадада күміс жүлдеге қол жеткізді.

4. «Грин Кросс» трагедиясы

 

1961-ші жылдың 3-ші сәуірі күні Чилидегі Лас-Ластимас тауының маңында «Дуглас ДС-3» ұшағы апатқа ұшырайды. Нәтижесінде 24 адам қаза табады. Чилилік «Грин Кросс» командасының 8 футболшысы, бас жаттықтырушысы, клуб басшылығы, ұшақ қызметкерлері мен төрешілер марқұм болады. Чили кубогінің аясындағы кездесуден қайта оралған футболшылар екі ұшаққа бөлінген екен. Яғни, команданың жартысы аман да, жартысы бас жаттықтырушысымен қоса жан тапсырды. Ұшақ апатының себебі әлі күнге белгісіз.

5. «Стронгест» трагедиясы

Тағы да Оңтүстік Америка. Бұл жолы Боливияда. Ел астанасы Ла-Пасқа жақын маңда «Стронгест» командасының 16 футболшысы бар ұшақ апатқа ұшырайды. Ұшақтың ішінде әуеде өрт шығып, тауға барып соғылған. Соның салдарынан, ұшақтағы 74 адамның 20-сын ғана мамандар түр-әлпетін анықтап ала алды.

6. «Альянс Лима» трагедиясы

 

1991-ші жылдың 8-ші желтоқсаны Перу елінің 19 дүркін чемпионы «Альянс-Лима» клубының тарихында қаралы күн болып белгіленді. 43 жолаушысы бар ұшақ халықаралық әуежайға бірнеше шақырым қалғанда теңізге құлап, апатқа ұшырайды. Нәтижесінде толықтай бір команданың футболшылары қаза болып, сол сәтке дейін турнир кестесінде бірінші орында тұрған команда маусымды екінші құрамның ойыншыларымен аяқтайды.

7. Замбия ұлттық құрамасының трагедиясы

 

Замбия елінің футболшылары мінген  ұшақ 1993-ші жылдың сәуірінде теңізге құлап, қайғылы оқиға орын алады. Футболшылар бір жылдан кейін өтетін Әлем чемпионатына іріктеу аясында Сенегалмен кездесуге бара жатқан. Апат нәтижесінде 30 адам көз жұмды.

Ал, 20-шы ғасырдағы Замбияның үздік атанған футболшысы, 1998-ші қара жылы құрлықтың үздігі атағын да алған Калуша Бвалиа клуб сапында матч өткізуіне байланысты Сенегалға басқа ұшақпен барып, аман қалды.

8. «Пахтакор» трагедиясы

Кеңес одағы құлағанға дейін қалың елге белгісіз болып келген қайғылы оқиға. 1979-шы жылдың 11-ші тамыз күні, сағат 13:35 Украина әуесінде, 8400 биіктікте екі «Ту-134» ұшағы соқтығысады. Ташкент-Минск бағытындағы ұшақта  84 жолаушы болған, оның 17-сі «Пахтакор» футболшылары.

Өзбек футболшылары Белоруссия  жергілікті астанасына «Динамоға» қарсы чемпионат аясында матч өткізуге аттанған еді. Апаттың себебі әлі күнге дейін белгісіз. Құжаттар құпия сақтаулы.

9. Шапекоэнсе трагедиясы

Бразилиялық клуб күні кеше ғана апатқа ұшырап, 72 адам  адам қаза болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1345504-futbol-tarikhynda-bolghan-enh-iri-aue-apa.html