RU

Еркін Ізбасардың анасы: Балам мұнайды түсінде де көрген жоқ

Ақтөбеде мұнай ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ мүшелерінің арасында күш құрылымдарының өкілдері болған деп хабарлайды КТК арнасы.

Үш күннен бері қамауға санкция беріп жатқан сот мұны растағанымен, нақты кімдер екенін ашып айтпай отыр.

Осы уақытқа дейін 12 күдікті қамауға алынды. Араларында топты басқарды деген айып тағылған атышулы Еркін Ізбасар да бар. Бірақ адвокаты мен туыстары оның мүгедектігін айтып, сот санкциясына наразылық білдіруде.

Ақтөбедегі қалалық сот осы аптада демалыссыз жұмыс істеді. Мұнай ұрлығына қатысты ұсталғандарды мұнда сағат сайын жеткізіп жатыр. Осы уақытқа дейін 12 адамды екі айға қамауға алуға санкция берген.

Судья қара алтын айналасындағы оқиғаға күш құрылымдары өкілдерінің де қатысы барын айтты. Бірақ олардың атын атап, түсін түстемеді. Тек белгісі біреуі прокуратурада жұмыс істеген.

Қамауға алынғандардың арасында «Ағайынды төртеу» деген лақап атпен танымал ұйымның серкесі - атышулы Еркін Ізбасар да бар. Ал оның құқығын танымалдығы одан кем емес - адвокат Серік Сәрсенов қорғап жүр. Ол кезінде Арқанкергенде сарбаздарды қырып тастаған Владислав Челахтың ісімен танылған еді.

Бұл жолы қорғаушысын ақтап алатындығына сенімді. Ең алдымен қамауға алу туралы санкцияның күшін жоюға кіріспекші. Өйткені арбаға таңылған, әрі бүйрегінен айрылған мүгедекке абақтыда еш жағдай жасалмағанын айтады.

"Бірінші топтағы, жүре алмайтын мүгедек өз жағдайын абақтыда жасай алмайды ғой. Онымен қоса бүйрегінің жоқтығынан үнемі дәрігердің бақылауында болуы керек. Сот оны қашып кетеді деп қамауға алды. Сонда, арбада отырған оған қанат бітіп ұшып кете ме?", - дейді Серік Сәрсенов.

Еркін Ізбасардың анасы ұлының қылмысқа қатысы барын естігенде талып қала жаздапты. Оның көлденең тапқан табысын көрмедік деп тіпті таң қалып отыр. Өйткені, күрестен Алматыда өтетін чемпионатқа баруға қорадағы екі жылқысын сатып, жолақысын тауып беріп едік дегенді айтады.

"Ұшаққа мінуге ақшасы болған жоқ. Екі атын сойдырып машинамен кетті. Бұл шексіз, шетсіз жала. Балам мұнайды түсінде де көрген жоқ", - дейді Еркіннің анасы Мейрамхан Ізбасарова.

Дегенмен, Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер мұнай ұрлығына қатысты топты дәл осы Еркін Ізбасардың басқарғанына сенімді. Әрі бұл арам іске радикалды салафиттік топтардың да қатысы бар көрінеді. Ал әзірге қамауға алынған 12 күдіктінің арасынан Ізбасардың жақындары ғана санкцияға қатысты облыстық сотқа шағым жазыпты. Ол апта соңына таман қаралмақшы.

Тағы оқыңыздар:

Шымкентте бір жарым айдан бері іздестіріліп жатқан жұмысшының денесі табылды

АҚШ-та жоғалған студенттің отбасы «Болашақ» басшыларын өтірік ақпар берді деп айыптады

Жемқорлық дауынан кейін «Бәйтерек Development-те» ауқымды тексеру басталды

Ақтөбедегі мұнай ұрлығын басқарған қылмыс әлемінің серкесі екі айға қамауға алынды

Нигерияда 7 және 8 жастағы екі қыз базардың қақ ортасында өздерін жарып жіберді

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1346133-erkin-izbasardynh-anasy-balam-munaydy.html