RU

Шымкентте бұрынғы әкімнің ұлы футболда ескерту жасаған төрешіні оңдырмай ұрып тастады

Оңтүстік Қазақстан облысында осыдан бірнеше ай бұрын кәсіпкер білдей бір аудан әкімінің шекесін жарған еді, енді кәсіби футболшы төрешіні соққының астына алды.

Анау-мынау емес, турнирге төрелік еткен маманға көңілі толмаған ойыншы дода үстінде төрешіге тап берген, деп хабарлайды NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісі.

Шағын футболдан «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты республикалық жарыс соңы төбелеске жалғасты.

Яғни, ақтық сында Аймұрзаевтар мен Жолдасовтар отбасы өнер көрсетіп, Аймұрзаевтар әулетінің ойыншысына ереже бұзғаны үшін төреші Елдос Әбжан сары қағаз көрсеткен.

«Финалдың бірінші таймында Аймұрзаевтар командасының мүшесі Қайсар Аймұрзаевқа ереже бұзғаны үшін сары қағаз көрсеттім. Оны ойыннан шығаруға да болар еді, бірақ ойынды бұзғым келген жоқ, матч жалғаса берді. Екінші таймда Қайсар Аймұрзаев маған қолымен «быт-шытыңды шығарамын» деген секілді дөрекі әрекет көрсетті. Оның мұнысынан соң қызыл қағаз көрсетіп, ойыннан шығардым. Алаңнан шыға сала ол менің қасыма келіп, тамағымнан қылқындыра бастады. Қасымдағылар ажыратты. Ойын жалғасып жатты»,-деді төреші Елдос Әбжан.

«Ұпай саны бойынша Жолдасовтар отбасы жеңіске жетті. Сол сәтте Қайсар Аймұрзаев қайта келіп, соққыға жықты. Қасымдағы тағы бір төреші ажыратпақ болып еді, команда болып бізге жабылып кетті. Ортаға полицейлер араласып, төбелес тоқтатылды. Мені бір кісі құшақтап, сыртқа алып шығып кетті. Қателеспесем, ол футболшының әкесі, экс-әкім болуы керек. Айтарлықтай дене жарақатын алдым, бірақ ауруханаға қаралмадым. Шыдауға болады. Тек бұл турнирде жасы үлкен асқақалдар да ойнады. Ойыншының бұл әрекетін ақымақтық деп санаймын», - деген төреші бұл қызметте жүргеніне үш жылдан асқан уақыт ішінде мұндай жағдайға алғаш рет ұшырасқанын айтты.

Футболдан Шымкент қалалық төрешілер коллегиясының төрағасы Фуркат Атажанов төреші – ресми өкіл болғандықтан, оған қол көтеру дегенді сұмдыққа балап, ойыншының үстінен шағымдануға бел буып отырғанын айтты.

Алайда жан-жақтан түскен қоңырау өз кедергісін тигізіп отыр екен.

Фуркат Атажановтың айтуынша, төрешіге қол көтерген ойыншы «Қыран» футбол клубының кәсіби ойыншысы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының экс-әкімі Аманғали Аймұрзаевтың ұлы.

Еске салсақ, «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты турнирге бір әулеттің мүшелерінен құралған 30-ға жуық команда қатысты. Олардың қатарында көршілес Өзбекстаннан арнайы келген командалар да бар. Турнир қорытындысы бойынша Жолдасовтар әулеті қарсыластарынан оқ бойы озып шығып, жеңімпаз атанды.

Тағы оқыңыздар:

Жұртқа жылдар бойы арман болған баспанаға қол жеткізуге енді үкімет көмектеспек

АҚШ-та жоғалған студенттің отбасы «Болашақ» басшыларын өтірік ақпар берді деп айыптады

Еркін Ізбасардың анасы: Балам мұнайды түсінде де көрген жоқ

Түркістан әкімі Тәуелсіздік қарсаңында жерлестерін қуантып тастады (фото)

Шымкентте бір жарым айдан бері іздестіріліп жатқан жұмысшының денесі табылды

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1346396-oqo-da-audan-akimininh-uly-futbolda-esk.html