RU

Түркістанда ұстаздарға берілген мерекелік сыйақыны келесі жалақыдан ұстап қалған

Тәуелсіздік күніне орай барлық облыстарда мемле­кет­тік қыз­метшілерге жергі­лікті бюджет есебінен сый­ақы беріліп жатқаны бел­гілі. Бұл игі шара Оң­түстік Қазақстан облысында да жалғасын та­уып жатыр. Бірақ түркіс­тандық мұға­лімдер осы орайда бір нәрсені түсінбей отыр деп жазады zamana.kz.

«Өткен аптада Түркістан қаласындағы мектеп мұғалімдеріне «премия» деп 25 мың теңгеден берілді. Мұға­лімдер қуанып, алғыстарын айта-айта ақшаларын алады ғой. Көп ұзамай желтоқсан айының жалақысы аз болып берілген. Себебін сұрастырса: «Ол «премияны» сендерге аванс ретінде бердік. Сондықтан айлықтан ұстап қалдық» деген жауап алыпты. Бұл Түркістандағы барлық мектепте бірдей болған жағдай. Бірақ мұғалімдер жұмыс­тан қуыламыз немесе басқалай зияны тиіп кетеді деп, шағымдануға қорқады. Негізі мұғалімдер осы күнге дейін айлықтарын аванс етіп екіге бөліп алған емес. Бізде орталықтандырылған бухгалтерия, яғни жалақыны барлық мектепке қалалық білім бөліміндегі есепші аударады. Олардың сыйақы деп ақша аударып, оны жалақыдан ұстап қалуы қаншалықты заңды?» – деген хабар келіп түсті редакцияға.

Бұл мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін басылым тілшілері Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Бекарыс Шойбековке хабарласқан болатын.

«Түркіс­танда 73 мектеп, 6 мыңдай мұғалім бар. Мұғалімдерге сыйақы беру мәселесі енді қарастырылып жатыр, әлі толық шешілген жоқ. Айлықты да, «премияны» да енді жібереміз», – деп қысқа қайырды ол мән-жайды естігеннен кейін.

Сонда алты мың адамның алғаны аванс па, сыйақы ма? Білім бөлімі желтоқсан айының жалақысын әлі аудармаған болса, әлгі 25 мың теңгені қай айдың жалақысынан есептеген? Бұл жағы түсініксіз қалып қоюда.

Тағы оқыңыздар:

Ақтауда қайтыс болған екі жасар қызға дұрыс диагноз қойылмаған

Шымкентте арнайы операцияда кезінде жезөкшелерден пайда көріп отырған "жеңгетайлар" ұсталды

Қазақстанның тұңғыш премьері отбасымен бірге бизнеске кеткенін айтты

Әнші Шахизада көзіне шөп салған күйеуіне үш қабатты үйін сыйға тартқан

Мешіттен телефон ұрлаған жігіттің әрекеті видеоға түсіп қалды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1346951-turkistanda-ustazdargha-berilgen-syy.html