RU

Халықты тегін таситын таксиші жігіт шымкенттіктерге ұнап қалды

Шымкентте жұма күні жекеменшік көлігімен адамдар­ға тегін және арзан қызмет көрсететін адамдар баршылық деп жазады zamana.kz.

«Жұлдыз» ауылы мен Шымкенттің арасына қатынайтын Дидар Шегебаев есімді жас жігіт жұма күні бір барып келгеніне жолаушылардан мүлде ақша алмайтынын айтты.

«Біз негізі адамдарды Қырғы базардан аламыз. Жұма күні намаздан шыққан соң тегін жүруді әдетке айналдырдым. «Пятакта» тұрсам адамдар бұрынғысынша машинаға келіп отырады, түсер кезде тегін десем, таң қалады. Жұма күні бір рет жамағатқа тегін қызмет көрсеткенім үшін Алланың разылығын аламын деп жауап беремін. Рахметтерін айтып кетеді. Одан мен кедей болып жатқаным жоқ», - дейді Дидар Шегебаев.

Жасыратыны жоқ, біреуге көмектесудің орнына дағдарыс қинап жатыр, зат қымбаттады деп жылай жөнелетіндер көп. Дегенмен ел ішінде осындай жомарт жандар да бар екен. Тіпті, мұндай жандар жалғыз емес секілді.

"Мен бірнеше жылдан бері "Атамекеннен" таңертең келіп, күні бойы қалада жекеменшік көлігіммен жолаушы тасимын. Жұрттың барлығына белгілі, бүгінде 200 теңгеге жүргізушілер көлігіне адамды отырғызбайды да. Жақын деген жердің өзіне 300 теңге сұрайды, одан әрі қымбаттай береді. Жолаушының қалтасында ақша бар ма, жоқ па, ол жағы "таксистерді" қызықтырған емес", - дейді Шымкенттің іргесіндегі «Атамекен» ауылының тұрғыны Мейрамбек Құлтаев.

"Бірақ мен соңғы кездері түрлі жағдайларға байланысты ойлана бастадым. Ақша көп болған сайын құныға береді екенсің. Ол ешкімге ешқашан көптік етпейді. Тек барға тәубе қылып, қанағат ету керек. Бірнеше аптадан бері жұма күндері жамағатқа жақсылық жасауды ұйғардым. Ол үшін менің қолымнан келгені – көлігіме мінгендерге арзан қызмет көрсету. Тіпті тегін жүрсем де артықтық етпес еді, бірақ олай жасауға өзімнің жағдайым көтермейді. Үйде сырқат балам бар. Жұмыс істейтін бір өзім. Тым құрыса бензиннің ақысын өтесін деп баратын жерлеріне 100 теңгеден алып барамын", - дейді ол.

Тағы оқыңыздар:

Ақтауда қайтыс болған екі жасар қызға дұрыс диагноз қойылмаған

Шымкентте арнайы операцияда кезінде жезөкшелерден пайда көріп отырған "жеңгетайлар" ұсталды

Қазақстанның тұңғыш премьері отбасымен бірге бизнеске кеткенін айтты

Әнші Шахизада көзіне шөп салған күйеуіне үш қабатты үйін сыйға тартқан

Мешіттен телефон ұрлаған жігіттің әрекеті видеоға түсіп қалды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1347000-zhuma-kuni-zhurtty-tegin-tasityn-shymken.html