RU

Алматы облысында гипстан соң көз жұмған азаматтың туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлауда

Алматы облысында 46 жастағы тұрғын баспалдақтан аяғы тайып құлап, қолы сынған. Онысы гипсталған соң 3 күн бойы сырқырап ауырып, ақыры ажал құшты деп хабарлайды КТК арнасы.

Екі апта бұрын отбасымен сырғанақта ойнап, көңіл көтерген Амантай Шурабаев кейін ауласындағы басталдақтан аяғы тайып, қолын сындырыпты. Сынығын орнына салып, гипстағанымен ауырғаны қоймаған соң 3 күн бойы аурухананың табалдырығын тоздырған. Бірақ ондағылар тек дәрі егіп, үйіне қайтарып жіберіпті.

"Ауырсынғаннан шок алған деп қарап тұр. Қолынан қан мен ірің ағып жатыр. Қолын қайтадан байлап тастады", - дейді марқұмның жесірі Кәмшат Қожахметова.

Ауырғаны басылмай, бірнеше күн көз ілмеген отағасы ақыры жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Бірақ дәрігерлер тым кеш қалыпты. Марқұмның туыстары енді сараптама жасатып, істің ақ-қарасын өздері анықтамақшы.

"Сот медицина сарапшыларының сараптамасын көрсек, қан бармағаннан қарайып, шіріп кеткен деп отыр", - дейді марқұмның туысы Азат Дінәлиев.

Ал Талғар аудандық ауруханасының дәрігерлері медициналық көмек толық көлемде көрсетілді деп отыр. Олар қолды екі мәрте рентгенге түсіріп, сүйектің дұрыс салынғанына көз жеткізген екен. Енді тіпті, аурудың асқынуына марқұмның жақындарын кінәлауда.

"Сынған жерде ісік болады, ісік болған жерде қанның айналымы қиындайды. Сынықшыларға барған, гипсын шешкен. Айтуларынша, сол кезде дұрыс салмаған. Біз оның анығын білмейміз", - дейді Талғар аудандық ауруханасының травмотологы Төлейбай Айнабеков.

Артында 4 баласы қалған 46 жастағы Амантай Шурабаевтың өліміне дәрігерлердің кінәсі бар-жоғын енді мамандар анықтауы тиіс. Қара жамылған отбасы Бас прокуратура мен Денсаулық сақтау министрлігіне дейін арыз жолдап қойған.

Тағы оқыңыздар:

Назарбаев Ұлттық банк төрағасын Ақордаға шақыртты

Қарағандыда ұстаздың бұйрығымен 100 рет отырып-тұрған оқушы аяғын жарақаттап алды

National Geographic 2016 жылдың ең үздік фотоларын жариялады

Шығысқазақстандық экстремалдың әрекеті көпшілікті таң қалдырды

Қазақстан тумасы Ресейдің ең сұлу аруы деп танылды (фото, видео)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1347482-almaty-oblysynda-gipstan-sonh-koz-zhumgh.html